Жазмыштың жазуымен жанарынан айрылып, көру мүмкіндігі шектеліп, күні өзгелерге қарап қалған зағип жандар аз емес.
Тағдыр тауқыметін тартқан олардың тіршілік-тірлігі қиындыққа толы. Десе де, өзге азаматтар секілді ел қатарлы өмір сүруге ұмтылып, кедергісіз келешекті аңсаушылар мен денсаулық жағдайым келмейді деп, қол қусырып, қарап отырмайтындар да бар. Ал аудандағы қоғамда өз орнын толықтай таппаған азаматтардың жайы қалай? Қандай жағдайлар жасалуда? Бұл жөнінде «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Махамбет аудандық бастауыш ұйымы төрағасы Теміржан Кенжалиевтен білген болатынбыз.
ДЕМЕУШІ ТАБУ ҚИЫН
Аталған ұйымның басты мақсаты – 1,2 топтағы мүгедек жандардың құқықтарын қорғау, оларды әлеуметтік жағынан қамтамасыз етіп, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде еңбекке араластыру. Ұйым төрағасы, І топ көз мүгедегі Теміржан Кенжалиев Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында өмір есігін ашып, белгілі бір себептерге байланысты Атырау облысының Махамбет ауданына қоныс аударады. 1972 жылы мектеп-интернатты бітіріп, сол жылы Атырау қаласындағы мұнайшылар дайындайтын техникумға түседі.Мұнай-газ саласында 1-2 жыл жұмыс жасағаннан кейін Махамбет аудандық мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушісі болып, қызметке орналасады. Алдыңғы жұмысынан шығуға мұнайдың төгілу салдарынан орын алған апаттық жағдайдан көзіне зақым келуі себеп болады.Соған қарамастан алға ұмтылып,мәдени салаға біржолата бет бұруды мақсат тұтып, Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесінің ұлтаспаптар бөліміне, кейін Алматы қаласындағы Чайковский атындағы училищесіне қабылданып, оны 1986 жылы бітіріп шығады.
Теміржан Қабдолұлы өзінің тұңғыш әнін қызына арнап жазды.Одан кейін «Атырауым», «Ардагерлер», «Туған жер», «Қымбаттым», «Комсомолдар маршы» әндерін, «Шашу» күйін дүниеге әкелді.Өнерге жаны жақын Теміржан аға түрлі мәдени шаралардың басықасынан табылып, баян, домбыра аспаптарының құлағында ойнап,Алматы қаласында өткен домбырашылар байқауына қатысқан.«Достық» фольклорлық ансамблі құрамында да өнер көрсетті, «Тамаша» әзіл-сықақ ойындарының белді мүшесі болды. Қазіргі қызметі,яғни «Соқырлар қоғамына» 1985 жылдан бері төрағалық етіп, талай шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болды.
- Бұл ұйымға 1975 жылы мүше болдым. Ол кезде төрағасы Қабдол Кенжешов болды. Кейін 1985 жылы мені тағайындады. Содан бері осы қызметтемін. Соқырлар қоғамының бастауыш ұйымының мүшелігінде 16 жастан жоғары 50-ге жуық адам бар. Оның барлығы да І және ІІ топ мүгедектері. Біздер тек демеушілердің, кәсіпкерлердің көмегімен ғана күнімізді көріп отырмыз. Әйтпегенде бізге бөлінер қаржы қайда? 35 мыңдай төлейтін жалақысы бар, жәрдемақы беріледі, сөйтіп, жан бағып отырған жайымыз бар. Шаралар өткізу кезінде немесе көмекке мұқтаж мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беру үшін демеуші табу қиынға соғады,-дейді Теміржан Кенжалиев.
БАСТАЛҒАН ҚҰРЫЛЫС АЯҚСЫЗ ҚАЛДЫ
2012 жылы демеушілер арқылы 1 млн 200 мың теңгеге қажетті құралдар алынып, жұмысы басталып, аяқсыз қалған «Соқырлар қоғамының» аудандық ұйымының ғимараты «сақалды» құрылыстар қатарына қосылды. Аудандық полиция бөлімі мен «Жауқазын» бөбекжайының аралығында ақ таспен қаланып, шатыры жабулы күйінде қалған нысанның зағиптарға арналып салына бастаған ғимарат екендігін бірі білсе, бірі білмейді. Теміржан Қабдолұлы өзінің ағайынтуыстарын жұмылдыра отырып, салғызады. Демеуші тарапынан бөлінген қаржыны тиімді пайдаланғанның өзінде нысанды толық аяқтауға жетпеген.
- Сол күйі тұрғанына біраз жыл болды. Қозғалыс жоқ. Есік, терезелерін жауып қойған тасты қолды қылып кеткен. Бұлай жалғаса берсе, шатырына дейін алып кете ме деп қорқамын. Көмек қолын созушылар табылса, жақсы болар еді. Ғимарат орталық «Қазақ соқырлар қоғамына» берілген. Сондықтан да бұл нысан тікелей Елордаға бағынады. Аудандық құрылыс бөлімі жасақтап берген жобалық-сметалық құжатты Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақ соқырлар қоғамы» басшылығына жібергенмін. Ол жақтағылар ондай көлемдегі ақша жоғын айтты. Мүмкін аудан меншігіне берсе, мұндай болмайтын ба еді, кім білсін?! – дейді ұйым төрағасы.
Ал көз мүгедектерінің жұмыспен қамтылу жайы көңіл көншітпейді. Тіпті қамтылмайды деуге болатындай-ақ. ІІ топ көз мүгедектерінің 3-4-уі ғана қоғамдық жұмыстарға тартылған.Ұйым төрағасының айтуынша, мүгедектерд і оның ішінде соқырларды жұмысқа ала қою қиындау. Бірақ ерік-жігері мен талпынысының арқасында жеке кәсібін ашып, дөңгелетіп отырғандар да жоқ емес екен.
- Бауыржан Жолдасов, Жауынбай Қуатов есімді І топ мүгедектері бар. Жеке кәсіпкерлікпен айналысып, жақсы жетістікке жетіп отыр. Дегенмен әлі де жұмыспен қамтылмай, төртбұрышта қамалып отырғандар қаншама? Оларды өрт сөндіру қызметіндегі, ауруханадағы диспетчерлік қызметке алуға болады. Телефонға брайльды енгізіп қойып, жұмыс жасауға мүмкіндік бар.Бірақ ондай деңгейге әлі жете қоймағандаймыз. Амалсыздан үйде отыруға тура келеді. Бұдыр тақташаларды әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың алдына төсеу бойынша жоба дайындап, ақшасын есептеп апарып, грант немесе несие беруін сұрағанмын. Бірақ ешқандай қолдау болмады,- дейді Теміржан Қабдолұлы.
ОҢАЛТУ ҚҰРАЛДАРЫ ПОРТАЛ АРҚЫЛЫ
Махамбет ауданы бойынша 1276 мүмкіндігі шектеулі жан болса, олардың 145-і – 16 жасқа толмаған балалар. Көз ауруының ақауы бар 112 адам бар. Оның ішінде І топтың 30, ІІ топтың 28, ІІІ топтың 39 адамы болса, қалғаны – 16 жасқа дейінгі балалар. Әр мүгедектің диагнозына сай тифлотехникалық құралдардың 18 түрі беріліп отыр.
- Брайль жүйесі бойынша жазу құралы, грифелі және алмалысалмалы әліппе, көру қабілеті бұзылған мүгедектерге арналған ине сабақтағыштары, нашар көретіндерге арналған сағаттар, дыбыс жазбасын шығаруға арналған сағаттар секілді қажетті құралдарды алу «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы жүргізіліп келеді. Биылғы жылы 24 техникалық оңалту құралын алу жұмыстары жүргізіліп, 9 адамды қамтуға мүмкіндік алдық. Сонымен қатар санаторий-курорттық емделуге, оңалту орталығына өтініштері бойынша жіберіп отырамыз,- дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Бағила Үмбетова.
Жауапты маманның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарының қорғалуы және оларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасының талапқа сай орындалуы үнемі бақылауда екен. Жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына байланысты, яғни І топқа 57 мыңдай, ІІ топқа 45 мыңдай және ІІІ топқа 30 мыңдай төленеді.
Зағиптар үшін өмірдегі баға жетпес ең асыл арман – күн сәулесін бір сәтке болса да көру. Жанарынан айырылған жандар үшін бір секунд күн сәулесін бақылаудың өзі мұң. Оларға күнделікті таңның арайлап атқанынан бастап, қою қызыл кештің батқаны, айналадағы тынымсыз тірліктер жұмбақ! Тек сипау арқылы немесе таяғының ұшымен ғана айналадағыны сезіп, көкірек көзімен көруден басқа қолдан келер қайран да жоқ. Алайда олар – соқпақты ғұмырында сан түрлі қиындықтарға дес бермей келе жатқан қайсар жандар.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ