Жастар саябағындағы шыбықтар неге шабылды?

көшеттерін әлдекімдер алып тастаған және ол жерді бес жылға меморандум бойынша ауыл тұрғындарына беріп жатқан көрінеді. Белсенді азамат «Жастар саябағына», «Жасыл белдеуге» үйеңкі, қайың көшеттерін егіп, оған су жеткізіп, өзгелерге үлгі болып жүр.Табиғат жанашырының көп жылғы еңбегін аяқасты еткен кімдер? Ауыл тұрғындарына беріліп жатқан ол қандай жер? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көргенбіз.

Қоршаған ортаға деген қамқорлығын аямайтын, ауыл ішіндегі саябақтарды суарып, ерікті түрде ешқандай үгіттеусіз ауыл ішін көркейту-көгалдандырумен, жас көшеттерді отырғызумен айналысып жүрген Нұролла Мусин редакциямызға келіп, жанайқайын жеткізді.

Айтуынша, отырғызған көшеттерін әлдекімдер алып тастаған және ол жерді бес жылға меморандум бойынша ауыл тұрғындарына беріп жатқан көрінеді. Белсенді азамат «Жастар саябағына», «Жасыл белдеуге» үйеңкі, қайың көшеттерін егіп, оған су жеткізіп, өзгелерге үлгі болып жүр.Табиғат жанашырының көп жылғы еңбегін аяқасты еткен кімдер? Ауыл тұрғындарына беріліп жатқан ол қандай жер? Осы сұрақтардың жауабын іздеп көргенбіз.

ТӨККЕН ТЕРДІҢ ЕШ КЕТКЕНІ МЕ?!

«Жасыл белдеудің» ертедегі тоғайын қайта жайқалтуды көздеген махамбеттіктер жыл сайын көгалдандыруға бетбұрыс жасап, түрлі шаралар нақтыланып, әр саланың жауапкершілігіне беріліп, тал егілгенімен күтім мен судың жетпегендігінен бұл істен еш нәтиже шықпады. Көктемде арық жоқ жерге шыбық шаншып, күзде қурай жинаумен бітіп жүрген жұмыстарды көріп жүрміз. Мұндай жағдайда тоғай қалай жайқалсын?! Ал, күні-түні еңбектеніп, отырғызған көшетті күтіп-баптап жүрген Нұролла Мусиннің ашынғаннан ащы даусы шықты. Неге?Себебі, ауылдық округтің коммуналдық меншігіндегі «Жасыл белдеуге» өзінің қолымен отырғызған көшеттері енді-енді жандана бастағанда әлдекімдер жоқ қылған. Заңды түрде. Яғни ауылдық округ әкімі аппараты меморандум бойынша жеміс ағашын отырғызуға ниетті тұрғындарға бес жыл уақытқа беріп жатқан көрінеді. Біреулер көшет отырғызып, жайқалта алмай жүрсе, біреулер ол көшеттің тамырына балта шауып жүр.

baq131120-1

- Қарағаш, үйеңкі ағаштарын өз қолыммен еккен едім. Мынау биыл отырғызылған қарағаш. Көріп тұрғаныңыздай, әлі жаны бар. Бірақ енді тамырымен жұлынып қалғаннан кейін «өлді» деуге болады. Көшеттер отырғызылмаған өзге үлкен жерлер бар, соларды неге бермегенін түсінбедім. Әкелді де менің отырғызған көшеттерімді алып тастады. Бұл көшеттерді күтіп-баптауға қаншама тер, уақыт кетті десеңізші! Еңбекті елегендері осы болса, сөзім жоқ. Көшеттерімді алып тастап, орнын қазып, ағаш отырғызуға дайындап қойыпты. Ауылға кіреберіске ағаш егіп, көркейтуге жұмыстанып жатқанда осындай жағдайға тап болдым. Жерді берер алдында ақылдасса, болатын еді ғой. Әркімге жерді оңды-солды беруді тоқтату керек деп есептеймін,- дейді Нұролла Мусин.

Тәжірибелі маманның айтуынша, біздің жерімізге қолайлысы терек, үйеңкі мен қарағаш екен. Осы үшеуі жергілікті жердің климатына әбден бейімделген және көшеттерді күзде емес,көктемде отырғызу анағұрлым тиімді.

АЛМА БАҚТЫ ЖАЙҚАЛТСАМ ДЕП ЕДІМ

Меморандум бойынша 5 жыл мерзімге жер алып, жеміс ағашын отырғызуға ниеттенген азаматтың бірі – ауыл тұрғыны Нұрбол Ізтелеуов. Айтуынша, келер жылдың көктемінен іске кіріспекші. - Ауылға кіреберістегі «Алма бағын» көріп, соның қарсы бетіне алма ағашын егуді жоспарлағанмын. Ауылдық округ әкімі тарапынан бөлінген жерді тазалап, қураған ағаштарын кесіп, жерін қазып, келер жылға жеміс ағашын отырғызбақ ойымыз бар. Көгалдандыру жұмыстарына бөлінетін ақшаны тиімді пайдаланатын болса, ауылымыз баяғыда-ақ жасыл желекке оранып,жеміс бақтары жайқалар еді. Бәрі бірден болмайтыны белгілі ғой. Келер жылы көшеттерді отырғызып көреміз. Суы келіп тұр, жан-жағын қоршап,жұмыстансақ, бәрі сәтімен болар деген үміттемін. Нұролла аға отырғызған көшеттің бәрін бірдей алып тастаған жоқпыз. Жаңадан отырғызылған, орта жағында орналасқандарын ғана алуға тура келді. Ал шеткі жақтағыларына тиіспедік,- дейді ауыл тұрғыны.Нұрболдың айтқанымен келіспеске лаж жоқ. Расында осы уақытқа дейін егілген бұтақ-талдардың күтімі дұрыс болғанда «Жасыл белдеу» әлдеқашан ну орманға айналар ма еді?!

baq131120-2

«БЕС ЖЫЛҒА БЕРІЛЕДІ, БІРАҚ САТЫЛМАЙДЫ»

6 миллион 250 мың! Биылғы жылы ауылымызды көгалдандыру жұмыстарына бөлінген қаржының көлемі осындай. Бұл туралы Махамбет ауылының әкімі Басерат Мыңбаев газетімізге берген сұхбатында айтқан болатын.Ауыл әкімінің айтуынша, бұл жұмыстардың бәрі де ауылымызды көркейту бағытында жасалуда. Ал жер беру мәселесі бойынша:

- Нұролланың шағымын түсініп тұрмын. Бұл жерде жалғыз адам жүріп,ағашын егіп, суын құйып үлгермей, «Жасыл белдеуді» игере алмайды.Сондықтан да әкімдіктің ұйғарымымен ауыл тұрғындарына беруге шешім қабылданды. Бірақ ол жердің сатылмайтындығын, уақытша пайдалануға берілетіндігін ескертемін. Жерді өз жауапкершілігіне алып, бақты күтіп-баптауға, ағашын отырғызуға келіскен ауыл тұрғындарына бес жыл мерзімге беріледі,- дейді ауыл әкімі.

Мәселенің мәнісіне терең бойлаған кезде Нұролланың да, Нұрболдың да басты мақсаты табиғатқа жанашырлық танытып, ауылымызды көркейтіп, көгалдандыру екеніне көз жеткіздік. Редакция тарапынан екі табиғат жанашырына ары қарай түсінісіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», еңбек етуді ұсынамыз. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын ұстанып жүрген екі азаматтың да бұл ісі көптеген ауылдастарымызға үлгі болары анық.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT