Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылығымыздың алтын бесігі, тарихымыздың бастауы саналатын Сарайшық ауылына кіріп келе жатқанда аппақ болып алыстан көз тартатын алтын түстес қақпа менмұндалап шақырып тұрғандай әсер қалдырды.
Жолдың екі жақ бетінде егілген шыбықтар байқалады. Суы дұрыс берілсе, бірер жылда жасыл орманға айналар түрі бар. Жиекке жағалай қондырылған көше шамдары да түнгі Сарайшықтың самаладай жарқырап тұратынынан хабар беріп тұрғандай. Бір кездері, хан Жәнібектің ерке қызы Сүйінбике алтын қайыққа мініп, арай шашқан Секеркөл сылдырлай ағуда. Секеркөлдің жағасынан бой көтеріп келе жатқан жаңа саябақ назарымызды өзіне аударды.
«Бұл – ауыл жастарының өтінішіне орай салынып жатқан «Жастар саябағы». Айлы түнде ән салуды армандайтын жастар үшін санғасырлық құпияны сыр қылып сақтап жатқан Секеркөлдің жағасынан артық жер таппадым», – дейді бізді бастап келе жатқан ауыл әкімі Нұрғуат Досқайыров.
Тазалық таңы 8-ден басталады
Сарайшықтың өзі жаңа Сарайшық және ескі Сарайшық деп екіге бөлінеді. Ел тарихын қойнауына бүккен ескі Сарайшықта бүгінгі таңда қазба жұмыстары жүріп жатыр. Ал жаңа Сарайшықта ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар жүзеге асыпты. Ауылға кіре бергеннен байқағанымыз көшелердің ерекше тазалығы болды. Кіреберісте орналасқан үш қоқыс жәшігінің жанында күйбеңдеп, күнделікті қызметін атқарып жүрген Жеміс Хисинаны сөзге тарттық.
-Біздің ауыл халқы әуелден тазалыққа қатты мән беретін. Бірақ Нұрғуат Жеңісбайұлы әкім болып сайланғалы ауылымыз одан сайын тазара түсті. Көше тазалығында үш адам бармыз. Әкіміміз таңертең ертемен үшеумізді көлігіне салып алып, көше-көшені аралап шығады. Қай жерде қоқыс болса, сол жерді тазалаймыз. Содан кешке дейін тырмалап, қоқыс қоймаймыз. Қазір осыған дағдыланып қалдық. Жиналған қоқысты аптасына үш рет КамАЗ-ға тиеп, шығарамыз, – дейді күнге тотыққан қараторы жүзінен жылу төгілген Жеміс апай.
«Ақбұлақ» келіп, ақ түйенің қарны жарылды
Ауылдың тұрғындары бірін-бірі жақсы таниды. Содан да болар сырттан келген бөтен көлік көзге шыққан сүйелдей болып бірден көзге түсті ме, жанымыздан зуылдап өте шыққан қызыл күрең көлік айналып келіп, жанымызға тоқтады. Өзін Алтай Құспанғалиев атты кәсіпкермін деп таныстырған ағамыз журналист екенімізді білгеннен кейін әңгіменің тиегін ағытты.
-Сарайшықта он жылдан бері шешімін таппаған күрмеулі мәселесінің бірі – таза ауыз су болатын. Ауыл басшысының тынымсыз тірлігінің нәтижесінде өткен жылдың желтоқсан айында ауылға «Ақбұлақ» жүргізілді. Ақ түйенің қарны жарылып, ақсарбас аталған бұл күнді ауылдастарым ешқашан ұмытпайтын шығар деп ойлаймын. Ауылда 470-тей үй болса, соның 300-і өз күштерімен тұрба жүргізіп, қосып алды. 150 үйге қосып берілді. Тұрғындарға жазғы суды жеткізуді ауыл әкімі маған сеніп тапсырды. Сенім артылғаннан кейін жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқару керек екені белгілі. Қолымнан келгенше жұмыстанып жүрмін. 400-ден астам үй жазғы су алып отыр, – деген Алтай аға ауылдың күн санап өсіп келе жатқанын, соның әсерінен Жаңа ауыл аумағына судың жетпей қалғанын алға тартып, әкімдік тарапынан жаңа тұрба мен мотор алынып берілсе деген өтінішін жеткізіп үлгерді.
16 шақырымға газ жүргізілген
Ауылды аралап жүріп, газ тұрбаларын тартып жатқан жұмысшыларға жолықтық. Көңіл-күйі көзінен көрінетін, аузын ашса, әзіл төгілгелі тұрған «ГазСтрой» ЖШС бас инженері Берікқали Бөгенбаев газ тарту жұмыстарын мамыр айының 20-да бастап, қазанның 1-не аяқтап, тапсырғалы отырғанын айтып өтті. Барлығы 16 шақырым, яғни 450 үйге арналған жер телімдері қамтылған. 7 жерде орта қысымды төменгі қысымға айналдыратын реттегіш орнатылыпты.
100 адамға жер телімі беріледі
Үйінің алдында кішкене баласын ойнатып жүрген Еламан есімді азамат та бізді көріп, ауылдың қазіргі даму қарқыны туралы ойларын ортаға салды.
-Ауылымыз күн өткен сайын дамып келеді. Көшемізде жарық шамы жарқырап тұр. Жаңа ауылға жарық пен газ тартылуда. Жолдарға балаларды қорғау мақсатында жол кедергісі де салынды. Мәдениет үйіне газель автокөлігі берілді. Қысқы, жазғы суымыз уақытылы жүріп тұр. Мұның барлығы қашанда халықтың жанынан табылатын әкімнің жүйелі жұмысының нәтижесі деп білеміз.
-Жаңа ауыл деп аталатын аумақта 50 шақты үй бар. Жуырда кезекте тұрған 200 адамның 100-не жер телімін бергелі отырмыз. Ол жерлерді инфраструктурамен қамтып жатырмыз. Бұл көп ұзамай ауылда тұрғын үй құрылысы қарқын алады деген сөз. Бұрын тоқтың күші ауылдағы барлық үйге жетпей қалып жататын. Жақында бұл олқылықтың орны толтырылды. Ауылдың ішіне 4 шақырымға тоқ желісі тартылып, 6 жерге трансформатор, 52 нүктеге көше шамы орнатылды, – дейді ауыл басшысының өзі.
85 мың да аз ақша емес
Сарайшықта орта және шағын бизнес те шама-шарқынша қарқын алып келеді екен. Ауылды азық-түлікпен қамтамасыз ететін 7 дүкен, тұрғындарға қызмет көрсететін 2 тойхана, 1 құрылыс дүкені, 1 аптека жұмыс жасап тұр. Тігін цехын дамыту үшін 2 адам мемлекеттік грантқа ие болған. 1 адам аспаздық мамандығына оқып жатқан көрінеді. Жұмыссыздық есебінде тұрған 7 адам тұрақты түрде қоғамдық жұмыстарға тартылған. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 16 адам «Құрсай» каналының қазба жұмыстарына, 10 адам ауылдағы емхананың күрделі жөндеу жұмыстарына тартылыпты. Іздегенге сұраған дегендей, алдымыздан шыққан Көбейген Рахимов «Қарабатан» компаниясында жұмыс жасап жүрген жерінен карантинге байланысты қысқартылып қалған соң «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан азаматтардың бірі екен.
-Үш ай мерзімге келісіп жасап жатырмыз. 85 мың теңге жалақы аламыз. Жалақымыз уақытында беріледі. Ауылдың ішіндегі жұмыстарды атқарып, ауылдың тазалығына, көркеюіне атсалысып жүрген жайымыз бар. Отбасының асыраушысы болғаннан кейін жұмыссыз қалу әрине оңай емес. Осындай кезде көмек қолын созып, жұмыспен қамтып жатқан үкіметімізге алғыс айтамыз, – дейді Көбейген аға.
Емхана күрделі жөндеуден өтуде
Одан әрі ауылдың емханасына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен таныстық. Емханада 33 кабинет бар. Тіс дәрігері, жүрек дәрігері, балалар дәрігері, бұған қоса акушер-гинеколог пен хирургқа қаралуға келген адамдарға алғашқы көмек көрсететін медбикелермен қамтылған. Екі кабинет күндізгі стационарға арналған. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмей, ескірген ғимаратты жөндеуді облыстық денсаулық сақтау басқармасы биыл ғана қолға алыпты. Кабинеттер медициналық құралдармен қамтылған. Дәрі-дәрмегі де жеткілікті. Осының арқасында пандемия кезінде де ауырып келген тұрғындарға алғашқы көмек көрсетіліп, әрі қарай емделуіне мүмкіндік жасалған. Әкімнің өз қаражатына сатып алып, сыйға тартқан оттегі аппараты да ауа жетпей қысылып келген науқастардың өз- өзіне келуіне септігін тигізген. Ауыл басшысының айтуынша, депутаттар тарапынан болашақта Сарайшықтың емханасын аудандық жедел жәрдем орталығына айналдыру туралы ұсыныстар айтылып жүрген көрінеді.
3000-ға жуық халқы бар ауылда жұмыссыз бос жүрген адам жоқ. Оның себебі, өзге ауылдарға қарағанда мұнда жұмыс орындары жеткілікті. Мектеп, балабақша, мәдениет үйінен бөлек, көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжі мен №1 арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы халыққа қызмет көрсетеді. Осы мекемелер ауыл халқын толықтай жұмыспен қамтып отыр. Карантин кезінде жұмыссыз қалғандар да «Еңбек» бағдарламасына тартылған. Жұмыссыздық есебіндегі 7 адам қоғамдық жұмыстарда жүр. Бұл ауылдағы шешімін таппай тұрған мәселенің бірі – қызметтік немесе арендалық, ипотекалық бағытта тұрғын үйлердің салынбай жатқаны болып отыр. Бұл үй кезегінде тұрған 52 адамның арманы екені анық.
Б.СҮЙЕУОВА