{jcomments on}Баланың бойындағы талантын ашып, одан әрі жетілдіріп, үйретіп, тәрбиелеп, өнерлі өренге айналдыруда өнер мектебінің қосатын үлесі орасан.
Шәкірттерін саз әлеміне жетелеп, түрлі байқауларға қатыстырып, қазақтың ұлттық өнері домбыраның жаңа заманға сай дамуына атсалысып жүрген аяулы ұстаздың бірі – З.Ещанова атындағы балалар және өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Мейрамгүл Төлешова.
1990 жылы Гурьев қаласындағы Д.Нұрпейісова атындағы музыка училищесіне оқуға қабылданып, 1994 жылы балалар саз мектебінің «Домбыра-тенор»мұғалімі және халық аспаптар оркестрі мен ансамблінің әртісі мамандығын алып шыққан Мейрамгүл Нәсімқызы осы алған білімімен шектеліп қалмай 2004-2008 жылдар аралығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Музыкалық білім бакалавры» біліктілігі бойынша тәмамдайды. 2000 жылдан бері З.Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінде домбыра сыныбының жоғары санатты мұғалімі болып қызмет атқарады.
Домбырашы ұстазды аудан халқы өз мамандығын шебер меңгерген кәсіби білікті маман, шебер ұйымдастырушы, өз ісіне жауапкершілікпен қарай алатын жауапты мұғалім деп санайды. Шәкірттермен де, ата-анамен де ынтымақтаса жұмыс атқара алатынына ата-аналар дән риза. Өзі де, шәкірттері де түрлі байқау, сайыс- тарда жүлделі орындарға ие болып, көптеген жетістіктерге қол жеткізіп жүр. 2011 жылы «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі, Халықаралық Ұстаздар Одағының мүшесі атанған. Мейрамгүл Нәсімқызы дайындаған жас домбырашылар ансамблі ауданымыздың мақтанышы саналады.
-10 сыныпты бітірген жылы Арман қуып, Алматыға оқуға бардым. Бірақ қалаған мамандығыма түсе алмадым. Ауылға келіп аудандық Қазпоштаға жұмысқа тұрдым. Бір жылдай газет тасыдым. Бір күні «Ақниет» дүкенінің жанынан мектеп кезінде домбырадан сабақ берген Шағылбаев Жолдас ағайымды кездестіріп қалдым. Ағайым мектеп кезінде домбыраны жақсы тартқанымды айтып, ары қарай жалғастыруға кеңес берді. Содан соң Д.Нұрпейісова атындағы музыка училищесіне құжатымды өткізіп, емтихан тапсырып, оқуға қабылдандым. 1994 жылы Ортақшыл ауылында домбыра пәнінің мұғалімі ретінде алғашқы еңбек жолымды бастадым. 2000 жылдан бері З.Ещанова атындағы саз мектебінде еңбек етіп келемін. Содан бері домбыра – менің жан серігім. Сол шақтан бастап домбыраны ешқашан жанымнан тастаған емеспін. Шәкірттеріме білгенімді үйретуден жалықпаймын. Әлемді алаңдатқан қазіргі ахуалға байланыс- ты тек 1 және 5 сынып оқушыларын іштен оқытып жатырмыз. Ал, 2-3-4 сыныптар онлайн білім алуда, – дейді Мейрамгүл Нәсімқызы.
Ата-бабамыздан қалған текті өнерді алтындай аялап, мәпелеп, өрісін кеңейтіп, өресін биіктету, жас ұрпақтың бойында қазақтың ұлттық өнеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру жолында еңбек етіп жүрген ұстаз – отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі ана.
Б.СҮЙЕУОВА