Жыл сайын қараша айының он үшінші жұлдызы Халықаралық зағиптар күні ретінде атап өтіледі. Атаулы күнге орай көру қабілеті шектеулі жандардың өмірге деген құштарлығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін таныту арқылы инклюзивті қоғам құндылықтарын насихаттау мақсатында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Отбасын қолдау орталығымен бірлесіп, «Жүректің көзімен көр» атты шара ұйымдастырды.
Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек атаулы күнге орай ізгі тілегін білдіріп, ұйымдастырушыларға және қаржылай демеушілік көрсеткен ауданның жеке кәсіпкерлеріне Алғыс хат табыстады. Олардың қатарында Мұрагер Жеңісбайұлы, Айзада Темірланқызы, Нұрбол Ақылұлы, Бауыржан Нәсіпқалиұлы болды.
Демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер атынан сөз алған «Досқайыров» шаруа қожалығының иесі, «Ауыл» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұрагер Жеңісбайұлы мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіпкерлерімен бірлесіп дайындаған сый-сияпаттарын табыс етті.

Аудандық «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Гүлшат Сатбайқызы сөз сөйлеп, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жексенбай Пазуловке Алғыс хат ұсынды.
Көзінің нұры тайса да, көңіл сарайы сайрап тұрған жандардың басын қосқан осынау шара қызықты куиз ойынымен жалғасын тапты. Сайыс барысында қойылған сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап берген командалар суырылып алға шықты. Нәтижесінде «Жарық» тобы Алғыс хатпен марапатталса, 3 орынды «Мейірім» тобы, 2 орынды «Арман» тобы, жүлделі 1 орынды «Сенім» тобы иеленді. Сонымен қатар ойынға белсенді қатысқандары үшін А.Дүйсенғұлов, А.Ойылданова, А.Халеноваға, Г.Қуантырова, Ж.Құспанов арнайы марапатқа ие болды.
Б.МӘЛІКҚЫЗЫ

