Өткен аптада аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде қара домбыраның қоңыр үнін әуелеткен талантты күйші, домбырашы, ұлағатты ұстаз Ғибатолла Мәсәлімовтің 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу шарасы өтті.
Нұралы Әжіғалиевтың «Күй дүлдүлі» атты тамаша өлеңімен басталған шара халықтық «Атамұра» ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы «Көңілашар» күйімен жалғасын тапты. Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Махамбет Аманқосұлы дәулескер күйші, ұлағатты ұстаз Ғибатолла Мәсәлімовтің өмір жолы мен еңбегіне тоқталып, айтулы шараға алыс-жақыннан келіп, қатысып отырған ұрпақтарына, барша көрерменге алғысын білдірді.
Шебер ұстаздан шәкірттерінің озуы – заңдылық. Кезінде Ғибатолла Мәсәлімовтің күй өнеріне баулыған көптеген шәкірттері бүгінде республикаға танылған домбырашылар атанды. Олардың қатарында Ғатау Ибішев, Алдамберген Хамзин, т.б.атап өтуге болады. Осынау шараға арнайы келген шәкірттерінің бірі - Атырау облысының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қатимолла Ризуанов ұстазы жайында біраз естеліктерімен бөлісті.
Отыз бес жылдық аз ғана ғұмырында артына өшпестей із қалдырып, халық жүрегінен мәңгілік орын алған дарынды күйшінің 100 жылдығына орай оның өмір жолынан сыр шерткен «Тәңір сыйы» атты естелік кітабы жарыққа шығып, айтулы шарада тұсауы кесілді. Аталған еңбектің авторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, «Мемлекеттік қызметтің үздігі» төсбелгісінің иегері Мәди Өтеғалиев сөз кезегін алды.
- Ғибатолла Мәсәлімовтің 100 жылдығының Махамбет ауданында атап өтілуінің өз мәні бар. Ол өзінің өмірбаянында: «1925 жылы Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Бабан ауыл советінде өмірге келдім» деп жазған екен. Ал, Махамбет бұрын Бақсай деп аталғанын жақсы білесіздер. Сондықтан оны сіздердің де перзенттеріңіз әрі мақтаныштарыңыз деп есептеймін. Бәлкім естеріңізде болар, Ғибатолла Мәсәлімовтің туғанына 70 жыл толуына орай арнайы өнер тобын құрып, алғашқы рет осы аудан сахнасына келіп үлкен шара өткізген едік. Мұндай еске алуға арналған шаралар кейінгі мерейтойлық жылдарында да жалғасын тапты. Міне, бүгін сіздермен 100 жылдығына орай кездесіп отырмыз.
«Тәңір сыйы» атты кітапты жазып шығуыма Ғибатолла ағамыздың қызы Болған Мәсәлімованың ұсынысы түрткі болды. Отыз бес жылдан бері Ғибатолла Мәсәлімовтің өмірін зерттеп келемін. «Энциклопедиялық мол білімнің иесі» деген баға алған ол жан-жақты білімнің иесі, өнерлі, өте сауатты, бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Мектепте тек орыс тілінен ғана емес, тарих, география, әдебиет, сызу, ән пәндерінен дәріс берген. Суретшілік қабілеті тіптен ерекше. Осындай біртуар азаматтың өмір жолын баяндайтын бұл кітаптың жарыққа шығуына немересі Ринат Төлегенұлы қаржылай демеушілік жасады.
Кітаптың атын қоятын кезде бізде бірнеше нұсқа болды. Бір күні түнде құлағыма біреу «Тәңір сыйы» деп сыбырлағандай болды. Оның мағынасына келсек, білім мен өнер қаншалықты жақын болғанымен екеуінің тізгінін тең ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы қос тізгінді тең ұстап, тең тұту – Тәңірдің сүйікті пендесіне беретін сирек сыйы екен. Сол сый міне, осы біздің Ғибатолла Мәсәлімовке бұйырған. Оның бойындағы қасиеті мен қабілеті сіздердің ұрпақтарыңызға да дарысын. Әрқашан осындай азаматтарымыздың есімін құрмет тұтып, өмір жолын ұрпағымызға дәріптеп жүрейік, - деп сөзін аяқтады.
Шара барысында Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» күйлерін халықтық «Атамұра» ұлт аспаптар оркестрі төгілтсе, «Байжұманы» және Ғ.Мәсәлімовке арнап шығарған Алдаберген Хамзиннің «Күй ағасын» республикалық күй байқауларының жүлдегері Алмас Зейноллаев пен Рамиль Елемесов ерекше тебіреніспен орындады.
Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады дегендей, арғы аталарынан қасиет дарыған Ғибатолла Мәсәліовтың өзінен туған марқұм Төлеген атты ұлы да нағыз домбырашы болған екен. Артында әке ізін жалғап қос қанатындай Болған және Гүлзада атты қыздары қалды. Асқар тау әкеге деген сағынышқа толы естерліктерімен қызы Болған Мәсәлімова бөлісті. Ол сөз соңында әр жылдары еске алу шарасын өткізуге қолдау көрсеткен жандарға, бүгінгі 100 жылдығын атап өтуге атсалысқандарға да шын жүректен аналық алғысын білдірді.
Б.САПАРОВА

