Жүректерге жылулық сыйлаған күн

3 желтоқсан – мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күніне орай «Атырау облыстық мүгедектігі бар жандар қоғамы» қоғамдық бірлестігі және аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Берекет» мейрамханасында жылулыққа толы салтанатты шара өтті. Басқосуға қоғамдық ұйым өкілдері, аудан ақсақалдары, әкелер кеңесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және демеуші кәсіпкерлер қатысты.

Шараның ашылуында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың құттықтауын жеткізген аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек бұл күннің қоғамға ерекше ой салатынын атап өтті. 

– Бұл күн қоғамдағы әрбір азаматтың тең құқылы, толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау қажеттігін еске салады. Мүгедектігі бар адамдар – біздің қоғамның ажырамас бөлігі. Олардың әрқайсысы жігерімен, өмірге деген құштарлығымен бізге үлгі. Басты міндетіміз – олардың қабілеттерінің ашылуына жағдай жасап, кедергілерді жою. Қолжетімді инфрақұрылым, сапалы білім, лайықты жұмыс орны – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бүгінгі күн – қиындықтарды еске алу емес, олардың еңбегі мен өнерін бағалайтын күн, – деді ол.

 

Осы ретте ерекше жандарға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Марапатқа ие болғандардың қатарында Айна Жайсанбаева, Әсемгүл Ғабдуллина, Мұхадия Қуангереев, Нұрсұлтан Қалымов, Арман Дүйсенғұлов және Мырзабек Наурызбекұлы бар. Сондай-ақ «Атырау облыстық мүгедектігі бар жандар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Жолай Түгелбаев жүрекжарды лебізін білдіріп, қоғамда мейірімділік пен түсіністік орнатудың маңызын атап өтті. 

– Бүгінгі шара – ресми жиыннан бөлек, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жанашырлық пен мейірім сыйлайтын алаң. Әрқайсымыз айналамыздағы адамдарға жылы сөз айтып, игі әрекет арқылы қоғамды мейірбан ете аламыз. Сіздердің өмірге деген жігерлеріңіз – бізге үлкен демеу. Баршаңызға денсаулық, тыныштық, күш-қайрат тілеймін, – деді ол. 

Шараның өтуіне қолдау көрсеткен кәсіпкерлер Альберт Есенбаев, Магомед Магомедов, Ғалымбек Сүлейменов, Аманқұл Қоржынов және Айдын Бекбосынов «Облыстық мүгедектігі бар жандар қоғамы» ҚБ төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев та ізгі тілегін айтып, ерекше жандарға қуаныш пен құт-береке тіледі. Ауыл ақсақалдары мен әкелер кеңесі төрағалары да өз ризашылықтарын білдірді. Ізгілік пен жылулыққа толы бұл басқосу сазды бағдарламаға ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT