Өнер көгінде – Жақанов сазы

Сарытоғай ауылдық мәдениет үйінде аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор, жазушы, музыка зерттеушісі Илья Жақановтың 90 жылдығына арналған жас ән орындаушылар арасындағы «Махамбет дауысы– 2025» аудандық ән байқауы өтті.

Қазақ музыкасы мен көркем өнерінің аса ірі тұлғасы саналатын Илья Жақановтың шығармашылық мұрасын дәріптеу, дарынды жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған өнер додасына ауданның әр елді мекенінен барлығы он бір үміткер қатысты. Бәсекеге толы байқау барысында қатысушылар композитордың әндерін орындап, өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Қазылар алқасы жас таланттардың дауыс ерекшелігіне, орындаушылық мәдениетіне және сахналық шеберлігіне ерекше назар аударды. 

Байқау нәтижесінде Сарытоғай ауылынан қатысқан жас талант Асылхан Бағыт көркем орындау шеберлігімен ерекшеленіп, І орынды жеңіп алды. Әсем үнімен көрермен жүрегін баураған Ақтоғай ауылының өкілі Назерке Ахметова ІІ орынға лайық деп танылды. Ал ІІІ орын екі үміткерге – Бейбарыс ауылынан Анар Құмарғалиева мен Жалғансай ауылынан Гаухар Бекжанға берілді. 

Жүлдегерлерге арнайы диплом мен сыйлықтар табысталып, өзге қатысушылар да өнерге деген талпынысы мен белсенділігі үшін Алғыс хатпен марапатталды. Осылайша жас әншілердің жарқын дауысы сахна төрін әсем әуенге бөлеп, Илья Жақанов шығармашылығын дәріптеген мәнді шара өз деңгейінде қорытындыланды. 


Ш.АСЛАНҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT