«Алтын балық» бөбекжай-бақшасында аудандық білім бөлімі мектепке дейінгі ұйым әдіскері Идирисова Гүлфая Хамиқызының ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасының міндеттерін іске асыру жолдары» тақырыбында музыка жетекшілері мен би мамандарына арналған шеберлік сағаты өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар мектепке дейінгі ұйымдарда музыкалық-ырғақтық қабілетті дамытудың тиімді тәсілдерін, балаларға би қимылдарын жас ерекшелігіне сәйкес үйрету жолдарын, музыкалық материалдарды дұрыс таңдау қағидаларын талқылады. Ойын мен би элементтерін сабақ үдерісіне кіріктірудің әдістемесі де назарға алынды.
Музыка жетекшілері балабақшадағы музыка сабақтарын қызықты өткізуге арналған ойын түріндегі жаттығулар мен ырғақтық әдістерді көрсетсе, би мамандары қозғалыс техникасы, топтық би элементтерін құру және көркем қойылым жасақтаудың тиімді әдістерімен бөлісті. Шеберлік сағаты практикалық жаттығуларға толы болды. Қатысушылар жаңа әдістемелерді тәжірибе жүзінде орындап, өзара пікір алмасып, кәсіби дағдыларын жетілдірді. Іс- шара педагогтердің шығармашылық ынтымақтастығын нығайтып, жаңа идеялар алмасуға мүмкіндік берді.
Семинар соңында мамандар бірлескен шағын музыкалық би композициясын орындап, шеберлік сағатының нәтижелі өткенін көрсетті. Ұйымдастырушы Гүлфая Хамиқызы белсенділік танытқан барлық қатысушыға алғыс білдірді. Сондай-ақ бөбекжай-бақшаның музыка жетекшісі Түсекенова Халыш Лотқызы мен саз және би маманы Торбаева Батима Нұрахметқызы аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Б.ЕРКІНОВА,
«Алтын балық» бөбекжай- бақшасының меңгерушісі


