Жеңістің 77 жылдығы мерекесі қарсаңында майдан үшін маңдай терін төккен, отты жылдарда ер мен әйел, кәрі мен жас деп бөлінбей, тыл даласында қара жұмыс жасаған ардагерлердің еңбегі қашанда елеусіз қалмайды.
Күннен-күнге қатары сиреп бара жатқан оларға мемлекет те, жеке кәсіпкерлер де мейлінше көңіл бөліп, мереке қарсаңында құттықтап барса жадау көңілдері жадырап қалары сөзсіз. Осындай игі істі алғашқылардың бірі болып «КоЖаН» АҚ-сы бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, Махамбет ауданының тумасы М.Аренов бастамасымен, Д.Марат 15 тыл ардагеріне материалдық көмек көрсетті. Бұған дейін де жыл сайын дәстүрлі түрде АҚ «КоЖаН» мекемесі осындай қайырымдылық шарасын өткізіп келген. Алайда, оң қолың бергенді, сол қолың білмесін деген қағиданы ұстанатын кәсіпкерлер, ел үшін қан мен тер төккен ардагерлерге бергенін барынша жарияламауға тырысып жүрген-ді. Осы жолы олардың жақсылығын халық білсін, үлгі алсын деп атап өтуді жөн санадық. Жалпы Махамбет ауданында 60-тан аса тыл ардагері бар болса соның ішінде, тұрмыстық жағдайына қарай 15-і іріктеліп алынған. Олардың кейбірі қазіргі таңда төсек тартып ауырып жатса, көбін қарттық жеңіп отыр.
Бірақ, барлығы да еңбектерін елеп, тосыннан қуанта келген қонақтарға өз алғысын білдіріп, батасын беріп жатты. Мекеме басшылығы мұндай сый-сияпатты тек қана Махамбет ауданына ғана емес, кең Жылыойда да жалғастыратынын айтты.
Айнұр САТАЕВА