«Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығына сай өскен ортамызды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына атсалысу әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымы болуы тиіс. Осы орайда аудандық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Достық» алаңы ашылып, өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен көшет отырғызу шарасы өткізілді.
Жаңа алаңның ашылуы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмасын іске асыру мақсатында жасақталған іс-шаралар жоспарына сай өтіп отыр. Экологияны сақтау және қоршаған ортаны қорғау – «Ассамблеяның» маңызды бағыттарының бірі. Ашылу салтанатына түрлі ұлт өкілдерінен бөлек қоғамдық кеңес пен аналар кеңесінің аудандағы басшылары, аудан жастары да қатысты. Алаңның тұсаукесер рәсімін өткізу аналар кеңесінің төрайымы Жібек Шамалиқызы мен мәдениет саласының ардагері Антонида Васильевнаға берілді.
Ынтымағы берік аудандағы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге ұлт өкілдері жаңа алаңға бір-бір шыбықтан отырғызып, сауапты іс жасады. Көшеттерді отырғызуға демеушілік көрсеткен – Атырау қаласындағы белді компаниялардың бірінде қызмет жасайтын, қаланың жасыл желекке бөлінуіне септігін тигізіп жүрген Магеш Баскар есімді шетелдік азамат.
– «Jasyl Qala» атты волонтерлардан құралған топ құрып, өңірімізді көгалдандыру бағытында жұмыс жасап келеміз. Бұған дейін тек қалада көшет отырғызып келсек, бүгінгі күні алғаш рет Махамбет ауданына келіп, сауапты ісімізді жүзеге асырып отырмыз. Мені таң қалдырғаны барлық азаматтардың жұмыла кірісіп, үлкендерге жастардың қолғабыс көрсетіп, бірлескен күйде жұмысты аяқтауы. Он жылға жуық Атырау қаласында еңбек етіп келе жатқан соң экологиясы мені де толғандырады. Сондықтан жасыл қала идеясын жүзеге асыру үшін халықпен жиі кездесіп, біз отырғызған көшеттердің күтіміне бір кісідей кірісуге шақырамын,- дейді М.Баскар.
{jcomments off}
Демеушілер тарапынан көшет отырғызуға атсалысқан ауыл тұрғындарына экосөмке сыйлыққа берілді. Өткен жылы Магеш Баскардың қолдауымен қалаға 200-дің үстінде ағаш көшеттері отырғызылып, тұрғындарға 300-ден астам экосөмке таратылған.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ