Бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде құрылыс саласының орны ерекше. Халықтың баспаналы болуы, жаңа мектептер мен ауруханалардың бой көтеруі, ауылдық жерлерде жолдар мен инженерлік инфрақұрылымның жетілуі – бәрі де елдің тұрақты өркендеуінің айғағы. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында құрылыс индустриясына басымдық берілуі заңды құбылыс.
Президент Жолдауда тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыруды, сапалы жолдар мен инженерлік инфрақұрылым жүргізуді басты міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Сонымен қатар, құрылыс материалдарының отандық өндірісін ұлғайтуға ерекше назар аударылды. Бұл қадам еліміздегі импортқа тәуелділікті азайтып, ұлттық экономиканы нығайтуға мүмкіндік береді.
Құрылыс саласындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – жаңа Құрылыс кодексін қабылдау. Бұл құжат саладағы заңнаманы жетілдіріп, құрылыс жүргізудің тәртібін жеңілдетіп қана қоймай, сапаны бақылаудың нақты тетіктерін енгізуді көздейді. Бұған қоса, құрылыс процесін цифрландыру – ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Саладағы тағы бір маңызды бағыт – инновациялық технологияларды енгізу. Заманауи құрылыс әдістерін пайдалану арқылы уақыт үнемделіп, шығын азаяды әрі сапа жақсарады. Бұл әсіресе өңірлерде мектеп, балабақша, медициналық мекеме сияқты әлеуметтік нысандарды қысқа мерзімде сапалы тұрғызуға жол ашады.
Жалпы алғанда, Президент белгілеген басымдықтар халықты қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және еліміздің құрылыс индустриясын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл міндеттерді іске асыру – әрбір өңірдің, соның ішінде біздің ауданның да басты назарында.
К.Құбашева
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы