Жолдаудағы басты міндет: халық тұрмысын жақсарту

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында көтерілген мәселелердің ішінде халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін салалардың бірі – инфрақұрылым. Соның ішінде таза ауыз сумен қамту және жолдардың сапасын жақсарту жайлы айтылған тапсырмалар – көпшіліктің көкейінде жүрген ең өзекті мәселе.

Ауыз су – адамның ең басты қажеттілігі. Бүгінгі күні көптеген елді мекенде бұл мәселе біршама шешімін тапқанымен, әлі де таза суға зәру ауылдар бар екені жасырын емес. Президенттің бес жыл ішінде халықты толықтай сапалы ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы – әр отбасының тұрмысын жеңілдететін, денсаулықты нығайтатын, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартатын үлкен қадам. Бұл бастама жүзеге асқанда халықтың күнделікті өмірі жеңілдеп, ауылда да, қалада да бірдей жағдай жасалады.

Жолдың сапасы да халықтың тұрмысына тікелей ықпал етеді. Жақсы жол болса, қатынас жеңілдейді, ауыл мен қала арасындағы алшақтық азаяды. Жүк тасымалы, сауда-саттық, күнделікті тұрмыс – бәрі жолға байланысты. Президенттің жергілікті жолдардың 95 пайызын жақсарту туралы тапсырмасы – осы салаға тың серпін берері сөзсіз. Бұл тек қана қатынасты жақсартып қоймай, кәсіпкерліктің дамуына, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тез жеткізілуіне, ең бастысы, халықтың қауіпсіздігі мен жайлы өміріне қызмет етеді.

Су мен жол мәселесі шешілсе, елдің болашағы үшін берік негіз қаланады. Әсіресе жастар өз туған жерінде қалуға, еңбек етуге ынталанады. Ал үлкендер үшін тұрмыс жеңілдеп, өмір сапасы жақсарады.

Сондықтан Жолдауда айтылған осы бастамаларды толық қолдаймын. Олардың орындалуы – халықтың әл-ауқатын арттырудың, әділетті қоғам құрудың нақты көрінісі болмақ.

Айгүл Көптілеуова,
Жалғансай ауылы, зейнеткер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT