Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында жаңа технологиялармен қатар мәдениет пен руханият саласына да ерекше көңіл бөлінді. Бұл – өте орынды шешім. Себебі кез келген мемлекет цифрлық даму мен ғылыми ілгерілеуді басты мақсат ете отырып, өзінің ұлттық құндылықтарын да сақтауы тиіс.
Ұлттық мұраға құрмет, тарихи жадымызды жаңғырту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – жасанды интеллект заманында да маңызын жоймайтын рухани тіректеріміз. Қанша жерден технология дамыса да, елдігіміздің негізі – тіл мен мәдениет, рухани байлық болып қала береді. Президент осыны айрықша атап өту арқылы, халықтың рухын көтеретін үлкен міндеттер жүктеді.
Аудан көлемінде де бұл бағытта атқарылып жатқан істер бар: мәдени шаралар, ұлттық дәстүрді дәріптеу, жас буынды тарихқа құрметпен тәрбиелеу. Ендігі жерде Жолдаудағы тапсырмалар осы жұмыстардың аясын кеңейтіп, жаңа серпін бермек.
Жасанды интеллект дәуірінде ұлттық рухымызды сақтап, жаңа технологияларды меңгерген ұрпақ тәрбиелеу – мемлекетіміздің басты мақсаты болуы тиіс. Сондықтан Жолдауда көтерілген мәдениет пен руханиятқа қатысты бастамаларды толық қолдаймыз. Ол – халықтың рухын көтеріп, елдің бірлігін нығайтатын, болашағымызды айқындайтын нақты қадам.
Гүлназым Нұрбаева,
"Жалғансай ауылдық "Шалқыма" мәдениет үйі " КМҚК әдіскері