Табиғаттың үнін, тұлпардың дүбірін, адамның сырын шанағынан төгілткен домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы.
Қазақ пен домбыра егіз ұғым! Тамылжыған шілде айының бірінші жексенбісі Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық домбыра күні болып белгіленген болатын. Бұл күні қазақтың байтақ даласы домбыра үнімен тербеліп, домбыра үнімен ояну керек еді. Өкінішке орай, биылғы жылы әркім өз шаңырағында бейнебайланыс арқылы домбыраны ұлықтап, күй шертумен ғана шектелмек. Жалпы, бұл мерекені тойлаудағы негізгі мақсат кейінгі толқынның ұлттық аспапқа деген құрметін арттыру.
Ауданның мәдени өмірінде алатын өзіндік ерекше орны бар, алғаш ашылған жылдарынан бастап талай таланттың бағын ашып, мыңдаған өнерлі өрендерді ұясынан ұшырған өнер ордасы Зәмзәм Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінің «домбыра» сыныбының жетекшісі, зейнеткер-ұстаз Жолдас Шағылбаевпен әңгімелесіп, бүгінгі жастардың төл музыкалық аспабымызды меңгеруі, қызығушылығы қандай деңгейде екендігін білмек мақсатта хабарласқанбыз.
Жолдас ағай 60-жылдардың ортасында Орынбасар Ахметов, Серікқали Жолдасов, Зәмза Қалауова сынды ұстаздардан Сарытоғай мектебінде домбыра үйренген. Ол кезде қазіргідей нота жоқ екендгі де белгілі, күйлерді тыңдау арқылы меңгеріпті. Содан 1968 жылы мектепті бітіріп Гурьевтегі музыкалық училищенің «қазақтың ұлттық аспаптары» бөлімінің «Бас домбыра» сыныбын бітіріп шығады. Екінші курсында әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, елге оралған соң оқуын жалғастырып, содан 1974 жылы қолына дипломын алып шығады. Сол жылы Махамбет ауданындағы балалар музыка мектебіне мұғалімдік қызметке орналасып,талабы биік өнерсүйгіш балалардың талантын байқап, жетістікке жетулеріне септігін тигізіп келеді. 1980 жылы әріптесі Ғилымғали Әділов екеуі «Достық» фолькорлық ансамблін құрып, жоғары деңгейге көтере білді.
«86-шы жылы домбыра сыныбының шәкірттері Лаура Әльмұханова және Жұмабай Қарағаевтар көркемөнерпаздардың облыстық байқауынан үздік шығып, балаларға арналған республикалық «Өнерге қанат қаққандар» атты телебағдарламасына қатысуға Алматы қаласына барып қайтты. Жұмабай өзімінің шәкіртім, өздеріңіз білесіздер қазір министрлікте жоғары лауазымда қызмет атқарады. Ал Лаурамен бүгінгі күні өнер мектебінде бірлесіп жұмыс жасап келеміз. Өзіміз құрған «Достық» фольклорлық ансамблі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы 8-11 қазан күндері «Қазақ тілі» қоғамының шақыруымен Астрахан облысында концертке қатынасып қайтса, сол жылы желтоқсанда Алматы қаласында өткен «Қазақ елінің егемендігінің біржылдық мерейтойы» концертінде өнер көрсетіп, тарихи оқиғаның куәсі болып келген-ді.
Қазірдің өзінде зейнетке шықсам да баланы домбыраға баулуды жалғастырып келемін. Сол шәкірттерімнің бірі Арсений Питерский. Домбыраға деген құлшынысы жоғары, сол бала 2014 жылы Атырауда өткен өткен «Тәуелсіздік тірегім, тебрігім» атты IV Халықаралық балалар фестивалінде жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде «Қосалқа» домбыра үйірмесін ашып, сарытоғайлық оқушыларды домбырада ойнауды үйретіп келемін»,- дейді ұстаз.
Домбыра сыныбының ұстазы ол кездегі конкурстардың мән-мағынасы жоғары болатындығын әрі тегін түрде өткізілетіндігін, ал қазіргі өнер сайыстары ақылы болып кеткенін айтады. Мұндай жағдайда шын талантқа тұсау салынғандай болатыны хақ.
Осы уақытқа дейін ағай 60-тан астам шәкіртке білім беріп, домбыраның қыр-сырын үйреткен. Солардың ішінде мұғалімдік жолды таңдап, музыкалық аспапты балаларға үйретуге бел буған 8 оқушысы бар. Олардың арасында Лаура Әльмұханова, Мейрамгүл Төлешова және Гүлзира Бисенғалиевалар осы аудандық өнер мектебінде болса, қалғаны өзге оқу орындарында екен.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ