Махамбет ауданында коронавирустан 4 адам қайтыс болды

Соңғы бір аптада пневмониямен ауруханаға жатқызушылар саны да артқан.

Коронавирус инфекциясы ауданымызда алғаш ағымдағы жылдың 6 мамырында тіркеліп, ол адам облыстық инфекциялық стационарда толық емделіп шықты.  Кейін 11  маусымнан бастап аудан бойынша «оң нәтижелі» қорытындысы жаппай анықталу басталып, тіркелді. Аудан бойынша жалпы 9 адам КВИ бойынша емделіп, бақылаудан шыққан, оның 4-еуі Атырау облыстық аурухананың №2 инфекциялық стационардан емделіп шықса, 5-еуі жергілікті дәрігерлердің бақылауымен сауығып шықты.

«Қазіргі күні облыстық стационарда 6 адам COVID - 19 диагнозымен ем алып жатса, аудандық аурухананың провизорлық бөлімшесінде 11 адам инфекцияға күдікпен ем алуда. КВИ анықталған жағдаймен аудан бойынша 4 өлім жағдайы тіркелді. Олардың ішінде Махамбет ауылының 2 (1946, 1968 жылғылар), Сарытоғай ауылының 1 тұрғыны (1962 жылғы), Сарайшық ауылының 1 адамы (1957 жылғы) бар. Қаулыдағы соңғы өзгерістерге сәйкес коронавирустан қайтқан адамды қайда жерлегісі келсе де туысқандарының өз еркінде екені белгілі»,- дейді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гүлшат Ажигалиева.

Ал аудандық аурухананың директорының уақытша міндетін атқарушы Алмагүл Бекесованың  айтуынша, соңғы бір апта көлемінде «Сегментарлы өкпе қабынуы» (пневмония) диагнозымен де ауруханаға жатқызылғандар саны артқан.

- Бүгінгі күні терапия және провизорлық бөлімшелерде (өкпе қабынуы) пневмония диагнозымен емделіп жатырған науқастар өте көп, бірақ бұл  түскен  науқастардың ішінде тек провизорда ем алып жатырған науқастардан вирусологиялық зерттеуге анализ алынып, вирусологияға жіберілді, қорытындысы әлі күнге шықпай жатыр.  Анализ нәтижелерінің шығуына қарай және науқастың жағдайын ескере отырып  Атырау облыстық ауруханасы базасындағы  инфекциялық бөлімшеге, болмаса бұрынғы Махамбет ауданаралық туберкулезге қарсы күрес диспансері ауруханасынан ашылған инфекциялық бөлімшелерге ауыстырылады.  Жалпы қазір эпидемиологиялық жағдайға байланысты  ауруханаға ем алуға келгендердің әрбірінен, босануға келген әйелдерден де босану бөлмесіне жіберілмес бұрын коронавирус инфекциясына анализ алынады. Аудандық аурухананың провизорлық  бөлімінде КВИ-ге күдік белгілерімен келген науқастарды  толықтай оқшаулап емдейміз,- дейді Алмагүл Гайдарқызы.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT