Қазақтың домбырасын Еуропа төрінде күмбірлеткен Сәкен

Домбыра тарту өнері қарт нағашыларымнан дарыған.

Қазақтың ұлттық брендіне айналған домбыраны төрткүл дүниеге танытқан қазақ дегенде, ең алдымен, ойға Әміре Қашаубаев оралады. Қазақтың ұлы әншісі Париж төрінде домбырамен ән салып, Еуропа халқына ұлттық аспапты паш еткен еді. Содан бері міне 95 жыл уақыт зырғып өте шықты. Кейін жаңа ғасыр туғанда да халықаралық аренада киелі аспаптың мерейін асқақтата бастаған Асылбек Еңсепов, Димаш Құдайберген, «Ұлытау» секілді топтар әлем сахналарында өнер көрсетіп, зор қошеметке бөленді. Еуропада оркестр құрамында домбыра шертіп, Батыс жұртшылығын таңдай қақтырған махамбеттік жастар да бар. Солардың бірі – Сәкен Жолдасов.

Домбыра тарту өнері қарт нағашыларынан дарыған Сәкен мектеп қабырғасында оқып жүргенінде аудандық З.Ещанова атындағы өнер мектебінің домбыра үйірмесіне қатысып бастайды. Алғашқы ұстазы - Жұмазия Досқалиева апай. Бойындағы талантын одан әрі ұштамақ мақсатта 2009 жылы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжіне қабылданып, домбыра-тенор мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кейін мәдениеттің ошағы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Талай жастың қанатын қатайтып, өнерге баулыған білім ордасында күйші-композитор, аға-оқытушы Қ.Жұмағалиевтен дәріс ала жүріп, консерваторияны 2017 жылы жақсы нәтижемен аяқтайды. Қазіргі таңда Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының «Нарын» халық аспаптар оркестрінің домбырашысы болып қызмет атқарып жүрген Сәкен талай республикалық конкурстардың лауреаты атанған. 2013 Атырау қаласында ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына орай өткен мың адамдық оркестр құрамында өнер көрсетіпті.

«Үлкендердің айтуы бойынша, әкемнің Қадірбек деген нағашысы жақсы домбырашы болған екен. Әкемнің де домбыра шертетіні бар. Ал өзіме келер болсам, домбырашылықпен қатар мұғалімдікті де алып жүрген жайым. Яғни, осы салада өзімнің ізмді қалдырсам деймін. «Нарын» халық аспаптар оркестрімен өзге елдерге шығып, біраз сахнада өнер көрсеттік. Сондай байқағаным, Еуропа елдерінде қазақтың ұлттық аспаптарына, әсіресе домбыраға қызығушылық мол. «Екі шектен әртүрлі әуенді, нотаны қалай шығарасыздар» деп таң қалады. Жалпы еуропалықтардың скрипка, пианино, гитара секілді аспаптарға көздері үйреніп қалған соң да, домбыра таңсық әрі жаңашылдау аспап болып көрінеді. Қай елде жүрсек те домбыраның бірнеше ғасырлық тарихы бар ежелгі аспап екенін айта жүреміз. Өзіме келер болсам, «Қарақат» мектеп студиясында мұғалім болып қызмет атқарамын. Шәкірттерім облыстық, республикалық конкурстардың лауреаттары атанып жүр»,-дейді домбырашы.

Ұлттық өнерді, халқымыздың күй өнерін жас кездерінен олардың бойларына сіңіріп, жүректеріне ұялату, қазақ халқының рухани байлығын домбыра арқылы қабылдауға бейімдеуді мақсат еткен ұстаздарға алғысымызды білдіреміз. Қадыр Мырза Әлі ағамыз «Нағыз қазақ қа­зақ емес, Нағыз қазақ – домбыра!» деп тегін айт­паған ғой. Шынын айтқанда, қазақты қазақ етіп отырған да домбыра!

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521