Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алдыңғы шепте жүретін жандар. Күн, түн демей, қызметте, сенбі-жексенбіде күшейтілген режимде жұмыс жасайтын, күре жолдың бойында өмірі өтіп жатқан жол-патрульдік полициясы туралы қоғамда теріс пікір жиі айтылып жатады. Әйтсе де, заңға бағынбайтын, жол жүру ережесі мен қоғамдық орындардағы тәртіпті бұзатын азаматтардың пікірі тұтас халықтың үнін жеткізеді деп айта алмаймыз. Олар да – бір әке мен ананың баласы, отағасы, ардақты жар, сүйікті әке. Елең-алаңмен жұмысқа кеткенде олардың да амандығын тілеп қалатын отбасы мен жақындары бар. Біз бүгінгі санда осы бір қиындығы мен жауапкершілігі көп жол-патрульдік полициясының бір күндік қызметімен таныстырып, осы салада еңбек етіп жүрген маманның тәжірибесімен бөлісеміз.
Аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобы жұмысын таңғы сағат 6:30 дан бастайды. Осы уақытта бөлімшенің полицейлері киімдерін киіп, арнайы құралдарды алады. Оның ішінде бейнетіркеуіш, электрошокер, резеңке таяқ және рация бар. Ал бронды кеудеше, газ баллоны мен кісенді әр сақшы өзімен бірге алып жүреді. Тапанша қару-жарақ бөлмесінен беріледі. Бес қаруы сайланған патрульдік полицейлер сағат 07.00-де саптық жиында тұруы тиіс. Жиын барысында бәрі түгенделіп, қызметтік куәліктері, планшеттері тексеріледі. Одан кейін тапсырмалар беріліп, жоғалып кеткен адамдар, іздеуде жүрген қылмыскерлер жайлы бағдарлар, аудан, облыс аумағында өткізіліп жатқан жедел алдын алу шаралары туралы айтылады.
Олар екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысым – 07.00-19.00, екінші ауысым – 19.00-07.00. Ас ішер уақыт нақты белгіленбеген. Жұмыс күнінде кезекші бөлімге ескертіп, ахуал тұрақты болса 1 сағат үзіліс алуға болады. Әдетте тәртіп сақшылары осы үзілісті тамақтануға арнап, отбасымен үстел басында қауышады. Мейрам күндері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бөлімшеде 10 патрульдік полиция қызметкері және төрт қызметтік автокөлік бар.
Бүгінде жол-патрульдік полиция қызметінің қосымша көмекшілері де толыққанды режимде жұмысын атқарады. Соның бірі – кибершериф борттық аппараттық бағдарламалық кешені орнатылған Хундай Элантра автокөлігі. Цифрлы техниканың дамуындағы тың өзгерістер қоғамдық қауіпсіздік саласына да жаңалықтар мен мүмкіндіктер әкелуде. Аталған жүйе – жол ережесін бұзушы, қауіпті жүргізушілерді дер кезінде анықтауға және автоматты түрде жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Бұл - жол апаты жағдайларының санын азайтуға және оның алдын алуға зор үлес қосады. Заманауи құрылғы сегіз бейнекамерадан тұрады. Бір сәтте 360 градус аумақты шолу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, жол үстінде орын алған заң бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеп, жүргізушілерге хабарлама жібереді. Бұл тұста патрульдік полицейлер кибер-шерифтің қызметіне араласпайды. Бірақ, жол-патрульдік полиция қызметкерлері басқа да көптеген құқық бұзушылықтардың алдын алып, себеп-салдарымен жұмыс жасайды.
Солардың бірі Махамбет аудандық Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобының инспекторы, Полиция аға лейтенанты Тимур Сиранов Зуарұлы. Ол Ақтөбе көпсалалы А.Жұбанов атындағы колледжін кеңесші-заңгер мамандығымен тәмамдап, 2017 жылдан бастап Махамбет АПБ ЖПҚб ПП қызметінде еңбек етіп жүр. Отбасылы, екі баланың әкесі Тимур – анасының жалғыз асыраушысы. Осыған қарамастан қауіп – қатері мол саланы таңдаған ол ешқашан мамандығымнан бас тартқым келмейді дейді.
Жеті жылға жуық осы салада тәжірибесі бар маман қызмет бабында кездесетін түрлі қиындықтарға төтеп беруге үйренген. Олай дейтін себебіміз, кейіпкеріміз бір-екі жыл турысында қызмет бабында жүріп жол-көлік оқиғасына тап болып, ауыр жарақат алды. Қасындағы бір көлікте болған серігі, жолдасы, әріптесі өмірден өтіп, Тимур бірнеше ай ауыр халде жатты. Отбасының, достарының қолдауы арқасында бүгінде қайта аяққа тұрып, өмірге қайта келген полиция аға лейтенанты үшін күре жолдың қаупі бәрінен артық аян десек, артық емес.
«Осы бір оқиғадан кейін жолда жүрудің ең басты, қарапайым қағидасы – қауіпсіздік белдігін рульге отырған бойда тағып алу және жолда белгіленген жылдамдықты асырмау, арақашықтықты сақтау. Осы үш қарапайым ережені жүргізушілер ұстанса, елімізде жол-көлік оқиғалары азаяр еді. Мәселен, бір жұмыс күнінде жиырма жүргізушіден құқық бұзушылық анықталса, соның біреуінен ғана ережені өрескел бұзу фактісі анықталуы мүмкін. Көп жағдайда біз ескерту мен түсіндіру шараларын жүргіземіз. Басты міндетіміз – айыппұл жинау емес, қоғамдық тәртіпті, жол жүру ережесін талап ету» - дейді патрульдік полиция қызметкері Т.Сиранов.
Көбіне жол-көлік оқиғасы кезіндегі жүргізушілердің жіберетін қателіктері: белгіленген жылдамдықты көтеру, мас күйінде көлікті басқару, басып озу ережесін бұзып қарама-қарсы жолға шығып кету, жол қиылысы ережесін сақтамай жол кезегін бұзу, ақауы бар көлікті басқару, ара-қашықтықты сақтамау, реттеу дабылына және жол жүрісі белгілеріне бағынбау, адамдарды тасымалдау ережесін бұзу, жаяу жүргіншілер ережесін бұзу т.б жатады екен. Тіпті, қысқы дөңгелектерді уақытылы ауыстыруды да патрульдік полиция қызметкері ескерту жасағанша күтетін жүргізушілер де жоқ емес.
Жоғарыда атап өткеніміздей жол-патрульдік полициясы жолдағы тәртіпті ғана емес, кез келген қоғамдық орындағы құқық бұзушылық, қылмыс, отбасылық кикілжің, кәмелетке толмағандар ісі мен ұрлық әрекеттері анықталған жерге жедел жетіп, тиісті мамандарға хабар береді. Олардың жұмысы расымен де әмбебап. Кейде, тас жолда көлігі бұзылып қалған жолаушыларға, апат болған аймаққа да бірінші жетіп, қолдан келсе алғашқы көмек көрсетеді. Жол-көлік оқиғасы болған жерлерде денсаулығына түрлі зақым келген, жарақат алған адамдарды көзбен көріп, көмек көрсету де кез келгеннің қолынан келетін іс емес. Осы ретте «патрульдік полицияның жалақысы мен жұмыс тәртібі сәйкес келе ме?» деген сауалға аға лейтенант Тимур Заурұлы «Отбасымды қамтамасыз етуге жетеді. Арнайы мерекелік сыйақыларымызды алып отырамыз. Барына қанағат» деп жауап берді. Өз ісіне шын берілген, қызметіне қалтқысыз адам ғана жалақының көптігі үшін емес, елдің тыныштығы үшін еңбек етуге дайын болады. Солардың бірі жол-патрульдік полициясының қызметкері Тимур Сиранов та облыс әкімінің Алғыс хатымен, Махамбет АПБ бастықтарынан Алғыс хаттарымен марапатталып жүр.
Жолда жүру ережелеріне бағынбайтын жүргізушілерге арнап өңірімізде тағы бір пилоттық жоба іске қосылып жатыр. Бұл туралы облыстық Ішкі Істер Департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған болатын. «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, жол қозғалысы қауіпсіздігін одан әрі жақсарту үшін Атырау облысында жедел жәрдем және қоғамдық көліктерге автоматтандырылған жол жүру ережелерін бұзушылықты тіркейтін құрылғылар орнатылуда. «Жасырын» патрульдеу жұмыстарын жүргізу басталды. Бұл пилоттық жоба облыс бойынша жол қозғалысын бақылаумен көлік қозғалысынан туындайтын құқық бұзушылықтарды азайту мақсатында жүзеге асырылады. Жобаның мақсаты – жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін құрылғыларды жедел жәрдем және қоғамдық көліктердің техникалық құралдарына орнату арқылы жол қауіпсіздігін арттыру. Құрылғылар көлік қозғалысын бақылап, құқық бұзушылықтарды тіркейді, бұл өз кезегінде жолдағы тәртіпті нығайтып, жол апаттарының санын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде» деген хабарламада. Аталмыш құрылғы «Атырау-Махамбет- Сартоғай» бағытында қатынайтын қоғамдық көлікке де орнатылған. Енді жол-патрульдік полиция қызметкерлерінен бөлек күре жолдың бойынан құқық бұзушылықтарды анықтайтын жаңа құрылғылар да өз қызметін атқаратын болады. Бастысы, жүргізушілер жылдамдықты асырмай, ережені сақтағаны абзал.
А.САТАЕВА