«Сарайшық» сапар орталығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы аясында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесуді аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Гүлнар Бекбаева ашып, жүргізіп отырды.
Аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығы, полиция майоры Дастанбек Расулиев әйелдерге қатысты қылмыстық істер жөнінде баяндады.
– Үй ішінен жәбір көрген бір әйел екі баласымен дағдарыс орталығына жатқызылды. Қылмыстық кодекстің 73-бабымен бірнеше тұлға жауапкершілікке тартылып, төрт тұлғаға қорғау нұсқамасы берілді. Мәжбүрлі емдеуге алты ай мерзімге кеткендер емделіп шықса, төрт тұлға есепке қойылды. Сонымен қатар 108,109 баптармен айып тағылған жеті факт тіркелді. Қылмыстық істер өндірістен қысқартылса да азаматтар соттылығы туралы анықтама алған кезде базадан соттылығы бар деп шығып тұратындығын ескертеміз,- деді спикер.
Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің психологы Нұрсұлу Тауова қатысушылармен «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты тренинг өткізді. Ол отбасындағы зорлық-зомбылық балаға қатты әсер ететінін, қиын бала, нашақор жасөспірім қайдан шығатынын, бәрі жанұядағы тәрбиеге байланысты екенін айтып, одан әрі «Отбасы мен үшін» оқу-жаттығуына ұласты.
Психолог балмұздақты көрсеткенде қатысушылар «тәтті», «қант», «салқын» десе, реніш сөзіне – «ашу», «ыза», «ұрыс», баланы көрсеткенде – «оқушы», «ақылды», «жас», «тентек», анаға – «мейірімді», «аяулы», «қамқорлық», «асыл» деп жауап берді. Сонымен қатар көлікке «қымбат», «жылдамдық», «адреналин» десе, отбасына – «татулық», «әке- шеше», «бала-шаға», «бір шаңырақ» деді. Ал әкеге «асқар тау», «қамқор», «тірек», «қорған», «бәйтерек» десе, көбелекке «әдемі» деп жауап берді. Нұрсұлу психолог «Губка» сөзіне талдау жасап, оның бар бояуды бойына сіңіріп алатынын, бала да осы губка сияқты екенін еске салды. Сондықтан балаға аса мейіріммен қарап, оның ойына барынша жақсы қасиеттер ұялатып, көмектесу керегін айтты.
Полиция бөлімінің әйелдерді зорлық- зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Арайлым Абайқызы аталған акцияның отбасында зорлық-зомбылықты болдырмау бағытында өткізіліп отырғанын жеткізді.
– Ауданнан «102»-ге жүз өтініш түсіп, отбасылық құқық бұзушылыққа жол берілген. Оның ішінде 88 азамат бақылауға алынса, сегіз азаматқа сотпен жүріп-тұруына шектеу қойылған. Үш айға ішімдік ішуге тыйым салынғандар да бар.
Әлеуметтік дағдарыс орталығына алты айға паналату, медициналық-психологиялық, кәсіптік бағдарлау, заң кеңестері ұсынылды. «Сенім телефонына» 89 адам хабарласып, күйеуінен жапа шеккен бір әйел екі баласымен Атыраудағы дағдарыс орталығына орналастырылды. Зәбір көрсетушілер денеге қасақана жеңіл зиян келтірсе, ҚР ҚК-нің 108-1 бабына сәйкес 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмысына, 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады. Ал ұрып-соғу, тән ауруына ұшыратса, ҚР ҚК-нің 109-1 бабы бойынша 25 тәулікке дейін қамау жазасына кесіледі. Жалпы зорлық-зомбылық жасырын сипатқа ие екені жасырын емес. Көңілге тиетін лақап атпен атау, ұрсу, қорлау, айқайлау, дауыс көтеру – бәрі де зорлық-зомбылық тудыратын факторлар,- деді А.Сапарғалиева.
Кездесу барысында «Тұрмыстағы зорлық- зомбылық» атты бейнеролик көрсетілді. Қатысушыларға жадынама үлестіріліп, олар мойындарына сарғыш лента тағып, зорлық- зомбылыққа қарсы екендерін білдірді.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА
Сарайшық ауылы