"Қазақтелеком" АҚ Елбасының тапсырмасы мен "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында "Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желіжолы (ТОБЖ) технологиясы бойынша кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету" жобасын жүзеге асыруда.
"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы - бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды кешенді бағдарлама. Бұл жобаның орындалуы нәтижесінде ауылдардағы мемлекеттік және бюджеттік мекемелер сапалы цифрлы байланыспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар инновациялық қызметтерге қосылу мүмкіндігіне ие бола алады.
Өткен жылы "Қазақтелеком"АҚ филиалы - Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы Атырау облысының 16 ауылына 426 шақырым ТОБЖ жүргізді. 48 денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік ұйым нысанына жоғары жылдамдықты интернетке қосу мүмкіндікгі берілді. Соның ішінде Махамбет ауданына қарасты 6 ауылдық округке ТОБЖ орнатты. Атап айтқанда, Ақжайық, Есбол, Ортақшыл, Еңбекшіл, Алға, Талдыкөл ауылдарында орналасқан мемлекеттік мекемелер жоғары жылдамдықты интернетке қосылды.
Бүгін "Қазақтелеком" АҚ мен БАҚ өкілдері Ақжайық ауылында ТОБЖ жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Олар алдымен Ақжайық ауылындағы Қызылүй орта мектебінің компьютерлік сыныбына бас сұқты. Информатика пәнінің мұғалімі Нұрбол Хамзин қазіргі таңда ауылдағы интернеттің жылдамдығы жақсарғанын, оқушылар өзіне керекті мәліметтерді оп-оңай алуға мүмкіндік алғанын айтады. Дәл осы кабинетте Ақжайық ауылының әкімі мен шалғай жатқан Сүйіндік ауылдық округінің әкімдік қызметкерлерімен онлайн байланысқа шықты. Одан әрі ауылдық округ әкімдігіндегі электронды құжат айналымын, "E-gov" порталымен жұмыспен және ауылдық емханадағы сандық жүйемен танысуға мүмкіндік алды.
Ауыл әкім Сайлау Жұмағалиев те ''Қазақтелеком" АҚ басшылығына алғысын айтып, интернеттің жылдамдығы артқанын және бұл жобаны алдағы уақытта да жүзеге асырса деген тілегін де жеткізді. Өйткені, ауылда жаңадан бой көтерген түрлі әлеуметтік нысандар барын, ол жерлерге де жоғары жылдамдықтағы интернеттің қажеттілігі туындайтынын айтты.
"Бұл - Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асыратын Батыс ӨТД-нің маңызды және күрделі жобаларының бірі. Жобаның бірегейлігі сол - Азғыр өңірінің ауылдары аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан. Шығынды азайту мақсатында біз Азғыр өңірімен шектесетін көршілес БҚО-ның Сайхин ауылынан оптика тарту бойынша техникалық шешім қабылдадық. Нәтижесінде Сүйіндік, Балқұдық, Жалғызапан ауылдарына интернет ұсындық"-, дейді Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы Атырау жергілікті желілер техникалық торабының директоры Нұрлан Макулов.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ