Сот төрағасы Ақтоғай тұрғындарымен кездесті

Аудандық сот төрағасы Б.Қадыргалиев, сот судьясы С.Амантаев, билер кеңесінің мүшелері М.Ещанов, Ж.Мұғауова, сот кеңсесінің бас маманы А.Қосымбаева Ақтоғай ауылының тұрғындарымен кездесті.

Бұл кездесудің басты мақсаты - «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Қазақстан халқына сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасын халық алдында кеңінен насихаттау, заңдарға енгізілген өзгерістерге түсінік беру еді.

Сот төрағасы Б.Қадырғалиев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалардың іске асырылып жатқанын, сот шешімдерінің сапасын арттыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынып, мұнда сот жүктемесін азайтып, судьялардың сот актісін халыққа түсінікті, нақты қарапайым тілде жазылуына, сот актісін халыққа түсінік етіп беруіне аса мән беріліп отырғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар сотқа дейінгі дауды реттеу, өзара тараптардың татуласуы, медиацияның артықшылықтарын да айта кетті. Аудандық сот судьясы С.Амантаев 2019 жылдың 27 желтоқсанында заңдарға енгізілген өзгерістерге жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жаза қатайтылып жатқанын айтты. Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару Кодекстеріне, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" ҚР Кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексіне, "Халықтың көші-қоны туралы" ҚР Заңына, "Пробация туралы" ҚР Заңына бірқатар өзгерістерге тоқталды. Билер кеңесі мүшелері, кәсіби медиаторлар М.Ещанов, Ж.Мұғауова жалпы «Медиация» сөзінің шығуына тоқталып, өмірден алынған шынайы оқиғаларды келтіріп, бітімгершілік рәсімдерінің артықшылықтарын кеңінен насихаттады.

Сот кеңсесінің бас маманы А.Қосымбаева «Сот саласына енгізілген инновациялық жаңа технологиялар» тақырыбында баяндамасында «Сот кабинеті», «Төрелік» бағдарламасы арқылы сот ісін электрондық тәсілмен жүргізу талаптарын түсіндіріп, «Смарт Сот» пилоттық жобасының тиімді тұстарын, оның қолдану аясын баяндады.

Бүгінгі күні Президент тапсырмасына сай, соттардың ашықтығы, сотта болып жатқан резонансты істер күнделікті басылым беттерінде, инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілерінде, Атырау облыстық сайтында, «Жайық шұғыласы» газеті және сайтында үзілмей жарияланып отырғанын, БАҚ пен соттың байланысы халық үшін ашық әрі әділ соттың кепілі екендігін жасырмады. Шара соңында ауыл ақсақалдары сот төрағасына, билер кеңесі мүшелеріне алғысын айтып, қажетті ақпарат, көкейтесті сұрақтарына жауаптарын алып, жұмыстарына жеміс, өркендеуін тіледі.

Кездесу соңында ауылдың үш азаматы сот төрағасы мен билердің жеке қабылдауында болып, алимент, мал ұрлығы, қарыз ақша бойынша жеке мәселелерімен жүгінді.

Атырау облысы Махамбет аудандық

сотының баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521