Медициналық мекемелердегі ахуал сын көтермейді

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Ж.Ахметовтің төрағалығымен аудандағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың қаншалықты тұрақтылығы талқыға салынды.

21 активті туберкулез тіркелген

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған аудандық тауарлар көрсетілетін қыметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Г.Ажиғалиева 2019 жылдың қорытындысымен эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғанын мәлімдеді. Сары ауру, сіреспе, көкжөтел, қызамық, ротавирус т.б секілді жұқпалы аурулар анықталмағанымен, 21 активті туберкулез ауруы тіркелген.

Атап айтқанда Ақжайықта-1, Бейбарыста- 4, Сарайшықта- 2, Таңдайда -3, Сарытоғайда- 2, Жалғансайда- 1 ауру анықталып ауру көрсеткіші аудандық деңгейден жоғары болып отырған жайы бар. Құрт ауруына шалдыққан балалар да жоқ емес. Екі бала Қ.Ахмедияров орта мектебінен және Махамбет ауылынан, екі жасөспірім Е.Ағелеуов және Қ.Қалыбеков атындағы орта мектептерінен анықталған. Облыста балалардың туберкулезбен аурушылық көрсеткіші 13,4 болса, ауданда 20,3-ті көрсетіп облыстық деңгейден жоғары болып отыр. Ең сорақысы жыл сайын жұмысқа қосыларда медициналық тексеруден өтіп жүргеніне қарамастан екі балабақша тәрбиешісінен, екі мектеп қызметкерінен туберкулез жағдайы анықталған.

-Туберкулезбен ауырғандардың 8-де жұмыс орны және тұрақты табысы жоқ. Әлеуметтік аз қамтылған науқастарды сауыққаннан кейін қайталап ауырып қалмауы үшін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді қарастыру қажет. Тағы бір айта кетер жайт, белсенді туберкулез ошақтарынан мектеп жасына дейінгі 8 бала, мектеп жасындағы 23 оқушы оқшауланбай отыр. Халықты флюорографиялық тексеру жоспары да талапқа сай емес. Аудандық ауруханада 1 рентгенкабинет, 1 флюрокабинет, 1 жылжымалы флюроқондырғы бар. «Проскан» стационарлық флюороқондырғы істен шыққан, қазіргі уақытта қолданылып жүрген көне үлгідегі пленкалы флюороқондырғының пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Халықты тексеру жылжымалы флюороқондырғыда жүргізілуде. Оның да жылыту жүйесі қарастырылмаған, жылдың салқын мезгілінде қолайсыздық тудырады, – деген Г.Бақтыбайқызы ата-аналардың діни көзқарасы мен екпеге деген сенімсіздігінің әсерінен аудан бойынша 2014-2019 жылдар аралығында 148 бала екпемен қамтылмағанын, емдеу алдын-алу ұйымдарында екпе жұмысына тұрақты жауапты маманның болмауы да екпе жұмысының жүйелі жүргізілуіне кері әсерін тигізіп отырғанын алға тартты.

Бұған қоса аудан көлеміндегі 34 емдеу мекемесінің 7-і санитарлық талапқа сай еместігін, халықты үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті мәселе болып қалып отырғанын, ауылшаруашылығы малдары арасында Бейбарыс округінен 1 бас мүйізді ірі қарада құтыру ауруы зертханалық жолмен расталғанын, бұл жағдай бір орында осымен екінші жыл қайталанып тұрғанын атап өтті.

98 өнімнің 22-сінен сәйкессіздік табылған

Аудан аумағында көптеген кіші сауда орындары, демалыс орындары, халыққа қызмет көрсету орындары ашылып, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз, жұмысы басталғаны туралы хабарлама берілмей талапқа сай келмейтін жағдайда жұмыс жасап жатқаны анықталған.

Техникалық регламенттер талаптарының сақталуына мониторинг жүргізу бойынша өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде 19 сауда орындарынан 98 өнім алынып, зерттеуге жіберілген. Зерттеу қорытындысымен 22 тауардан сәйкессіздік табылған. Екі жеке кәсіпкерге ӘҚБтК 425 бабы 1 бөлігімен 20 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Басқарма басшысының айтуынша, аудандағы жәрмеңке өткізу орындарының аумағы талапқа сәйкес емес көрінеді. Тез бұзылатын тағам өнімдерін, көкөністерді сату орындары қарастырылмаған.

Баяндамашы сондай-ақ жөндеуді қажет ететін, ішіне дәретхана орнатылмаған мектептер мен балабақшалардың да барлығын тілге тиек етті. Сөзінің соңында аудан басшысынан екпеден бас тартқан ата-аналар арасында түсінік жұмыстарын күшейтуге, емдеу алдын алу ұйымдарының санитарлық-техникалық базасын жақсартуға, халықты таза ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге, азық-түлік сауда базарларын санитариялық талаптарға сәйкестендіруге, әлеуметтік аз қамтылған науқастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге ықпал етуді сұрады.

Аудандық қаржы бөлімінің басшысы Ерсайын Құлмағамбетов аудандық тауарлар көрсетілетін қыметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысына сауда орындарынан тағам өнімдеріне сынама жасау үшін сатып алынатын өнім санын көбейтуді ұсынды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе аудандық орталық аурухананың ахуалы туралы бас дәрігер Базарбай Айташовтың хабарламасы тыңдалды. Екі мәселе бойынша мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Ж.Ахметов баяндамашы атап өткен кемшіліктерді орын алмай тұрып, алдын-ала болдырмау бағытында жұмыс жасалу керектігін атап өтті. Д.Төленов және О.Шонаев атындағы орта мектептердің асханаларында балаларға ыссы тамақ жылыту жолымен берілетіндіктен, осы асханалардағы тамақтың сапасын қадағалауды тапсырды. Туберкулез ошақтарындағы балаларды аудандағы «Шолпан» балабақшасына орналастыру жөнінде ата-аналармен түсінік жұмыстарын дұрыстап жүргізуді міндеттеді. Сонымен қатар жұқпалы ауруларға қарсы вакциналардың пайдасын халыққа түсіндіру жұмыстары да көңіл толтырарлықтай еместігін атап өтті.

Аудандық аурухананың сыртында, далада орналасқан жылжымалы флюороқондырғының салқын күнде кезек күткен халықты одан сайын ауру қылып жатқанын қатаң сынға алып, аудандық аурухана басшысына жалпы ауруханалар мен емдеу ұйымдарындағы дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, дәрі-дәрмектің тапшылығы, медицина қызметкерлерінің халықпен сөйлесу этикасының төмендігіне тұрғындардың көңілі толмайтынын жеткізіп, жағдайды түзетуді тапсырды. Мәселенің шешімін табу үшін нақты іс-шаралар жоспарын жасақтауды ұсынып, аудандық әкімдік тарапынан қолдан келер көмектің барлығы берілетінін жеткізді.

Бұл мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасының да назарына ұсыну қажеттігін ескертті. Бұған қоса әлемді дүрліктірген короновирус ауруының алдын алуға қатысты ақпараттарды аудандық газет пен әлеуметтік желілер арқылы жиі таратып отыру керектігін айтты. Жауапты мамандарға халыққа таза да сапалы ауыз суды үздіксіз беру мәселесін де жолға қоюды тапсырды.

Баян СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT