Жобалар бар «кабинеттен әрі аспайтын»

Аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық филиалының төрағасы Р.Жанқылыштың төрағалығымен партия филиалының Саяси кеңесі Бюросының және мәслихаттағы депутаттық фракциясының мәжілісі өтті.

Жиынның күн тәртібіне үш мәселе ұсынылды. Алғашқы мәселе бойынша Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың Саяси кеңес отырысында ұсынған «Тәуелсіздіктің жеті тұғыры» атты бағдарламасын кеңінен талқылау бойынша мәслихат депутаттары А.Байғалиева мен Қ.Қазиев өздерінің ұсыныспікірлерін білдіріп, бағдарламаның маңыздылығына тоқталды. Бір айта кетерлігі, Елбасы ұсынған бағдарламаны түсіндіру мақсатында аудандық партия филиалы жанындағы 11 бастауыш партия ұйымдарында жиындар өткізілген-ді. Күн тәртібінде қаралған екінші мәселеге келгенде біраз түсінбеушіліктер орын алып, мәжілісті саяси кеңес бюросының емес, әкімдік аппаратының жиынына ұқсаттық.

3f9592b7-dbf5-4040-8224-1ab920fa9010

«Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық филиалының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы органдардың биылғы жылы атқарған жұмыстары және 2022-2025 жылдары жоспарланған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі «Жол картасына» 2021 жылғы 60 іс-шара енгізілген. Осы іс-шараларға жауапты аудан әкімінің орынбасарларынан жиынға тек Зұлхарнай Мұқаш қатысса, белгілі себептерге байланысты қатыса алмаған өзге орынбасарлардың орнын жоқтатпай, аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаев пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Асылжан Қайырғалиев 12 айдың көлемінде жол картасының орындалысын жіпке тізгендей қылып айтып берді. Ал жол картасының «Ашық есеп беретін жергілікті билік» бөлімінің жоспарына енгізілген іс-шаралардың орындалысы бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрлан Серікұлы баяндады.

f69fd3c2-53e0-4350-ace0-f4d9744fdb83

Аудан көлемінде 21 елді мекенде 15 су тазарту қондырғысы жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта аудан халқының 98,3 пайызы ауыз суды орталықтандырылған су желісі арқылы тұтынса, қалғандары ауылдық округ орталықтарындағы су тазарту қондырғыларынан автокөлікпен тасымалдау арқылы тұтынып отыр. «Nur Otan» партиясының ықпалымен 2022 жылы Еңбекшіл ауылындағы су тазарту қондырғысын қайта жаңғырту және жазғы су желісінің құрылысы жүргізілмекші. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де баяу жүруде.

– Еңбекшіл ауылындағы су тазарту қондырғысын қайта жаңғырту жұмыстары келер жылы жасалмаса, 2023 жылы қолға алынады. Қазіргі уақытта елді мекендегі көлдің жағдайы нашарлады. Сондықтан 3 шақырым қашықтықтағы Жайықтан су тарту үшін 146 млн теңге қаралды. Сондай-ақ жазғы су желісін жүргізу үшін құны 132 млн 365 мың теңге болатын жоба жасақталуда,-деді аудан әкімінің орынбасары З.Жаңабайұлы. Бір елді мекенді сапалы сумен қамтамасыз ету үшін екі бөлек жоба жасақтаған жауапты тұлғаның баяндамасын тыңдаған аудан әкімі көп жобалардың кабинетте жасалып, кейін ұмыт қалатынын еске салды. Кей жобалардың пайдасы барын не жоғын білмей, қабылдай беретін қызметкерлерді де сынға алды. «Жобалық-сметалық құжат дайындалуда» деген жауаптан халық та шаршағанын айтқан партияның аудандық филиалының төрағасы нақты жұмыстардың қажеттігін, сайлауалды бағдарламаның орындалысын айына бір мәрте өткізіп тұру туралы ұсынысын жеткізді.

– Партияның сайлауалды бағдарламасы – бекітілген маңызды құжаттардың қатарында. Сұрауы бар. «Жол картасы» бойынша орындалуы тиіс шараларға тікелей жауапты аудан әкімінің орынбасарлары мен жергілікті атқарушы орган, бөлім басшылары болып табылады. Сондықтан әр іс-шараны толық зерделеп, нақты әрі нәтижелі жұмыс жасауларыңызды сұраймын. 2021-2025 жылдарға арналған жоспар бойынша біз халыққа берген уәдемізді, яғни 5 жылға арналған шараларды толық орындауымыз керек. Ол үшін бүгіннен бастап жоспар бойынша нақты жұмыстар атқарылуы тиіс. Әр бөлім басшысына, ауылдық округ әкімдеріне жол картасына енгізілген шараларға назар аударып, бақылауда ұстауды тапсырамын,-деді «Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық филиалының төрағасы Р.Бауыржанұлы. Жасалған жұмыстарды жоққа шығарудан аулақпыз.

cec723ea-6a72-4316-afdd-2e301f6e53d5

Мысалы, Алға және Жалғансай ауылдарының көшелерін жарықтандыру, аудан орталығындағы көше қиылысына бағдаршам орнату, Сарытоғай, Таңдай ауылдарының көшелерін асфальттау мәселелері шешімін тапса, аудан орталығында 300 орындық интернаты бар 600 орындық мектептің және Сарайшық ауылындағы «Сапар орталығының» құрылысы басталып кетті.

9fdbdfda-4910-40e8-a94b-3e5adfe59962

Мәжілісте қаралған соңғы мәселеге «Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық филиалының мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелерінің 2022 жылға азаматтарды қабылдау кестесін бекіту қойылып, ұсыныс бірауыздан мақұлданды. Мәжіліс соңында Елбасы Н.Назарбаевтың және «Nur Otan» партиясының сындарлы саясаты мен партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға, өңіріміздің әлеуметтікэкономикалық дамуы, өркендеуі жолында атқарып жатқан қызметтері мен азаматтық белсенділігі үшін партия мүшелеріне аудан әкімі Р.Жанқылыштың алғыс хаты табысталды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT