Құтжан Құлмашев: «Әділдік пен еркіндікті ұнатамын»

Жалпы біздер қазақ халқы ырымшыл халықпыз ғой, сонымен қатар, қазақтың әр нақыл сөздері өмірлік дәйектен туындаған мақал-мәтелдерді құрайды.

Келер жылдан күтер үміт көп, қанша дегенмен «үмітсіз шайтан ғана» дейді атам қазақ. Биылғы жыл Қазақ елі үшін тарихи жыл болды. Тәуелсіз еліміздің 30 жылдығы мерейімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің еліміз үшін аз уақыт болғанымен, орда бұзар отызында еліміздің жеткен жетістігін жоққа шығара алмаймын. Әрине, сын да жоқ емес, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман болмағанмен, шүкіршілік ететін жеріміз, кейбір елдермен салыстырғанда бейбітшілік пен бітімгершілік бар.

«...Жаңа жыл жарылқа» демекші, келер жылымыз барыс жылы болғасын өзім үлкен үміт күтемін. Себебі, өзім бір жағынан барыс жылы дүниеге келгенмін. Дәлірек айтқанда 1986 жылы 27 шілдеде Ақжайық ауылында тудым. Мен туған жылдың қыс айында Қазақ елінің жастары оянып, намысты қолдан бермеуі үшін Алматы шаһарының төрінде дүмпу салғаны және сол кездегі өрімдей жастар, аға-апаларымыздың қанымен, жасымен келген тәуелсіздік екені тарихымызда таңбаланды. Біз кейінгі буын тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын қаласақ, ата-баба арманы болған, кейінгі ұрпаққа аманат, біздерге мұрат болған қастерлі де, қасиетті Тәуелсіздігіміздің баға жетпес құнын жоғалтпауымыз қажет. Алдағы жылымыз – Барыс жылы. Сол жылы туғандардың жүріс-тұрысы мен қимыл-қозғалысында сол аңдармен ұқсастықтар болады екен.

«Жұлдызнама» дегенге көп мән бермейді екенмін. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе интернет желісін шолып отырған кездерде бір қарайтын әдетім бар еді. Оның үстіне барыстарды жылына қарай әртүрлі «су барысы», «ағаш барысы», «отты барыс», «жер барысы», «темір барыс» деп атайды екен. Мен осылардың ішінде «отты барысына» жатады екенмін. Мінезім де қызуқанды, тез ашуланатыным рас. Үнемі қозғалыста жүретінім де рас, бірақ өзі ісімнің шеберімін деп мақтана алмаймын. Қолымнан келгенше жасаймын. «Ережеге көнбейді» деген дүние бар көкейімде, еркіндікті жақсы көрем...

Сонымен қатар, жұмыс бабымен неғұрлым жоғары көтерілсем, соғұрлым төмен құлдилатынымды мойындаймын. Қызуқандылық мінезбен, сонымен бірге тәтті өтіріктен ащы шындықты айтатыным кейбіреулерге ұнамайтын. Дегенмен, осы қалпыммен қабылдаған басшыларым бар. Олардың аттарын атамай-ақ қояйын, өздері іштей біледі. Әйтпесе жағынғандай болармын. Осы уақытқа дейін мақтанып айтар жетістігім жоқ. Бірақ ешкімге де, ештеңеге айырбастамас жетістігім бар, ол – тәуелсіз елде, тәуелсіз елдің ұрпағымын! Жаңа жылымыз жетістікке, үдемелі үрдіске, жаңашылдыққа толы жыл болғай!

 

Құтжан ҚҰЛМАШЕВ,

Жастар ресурстық орталығының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT