Жұмыссыздықпен күрес және қысқа дайындық

«Amanat» партиясы аудандық филиалында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Қ.Мажиев қоғамдық кеңестің осыған дейінгі төрағасы қызметін атқарған М.Амановтың өз еркімен қызметінен босатылуына байланысты оның орнына кеңес мүшесі Р.Әженовтің тағайындалғанын, кеңес құрамына жаңадан Т.Сариеваның қабылданғанын мәлімдеп, оларға қызметтік куәліктерін табыс етті. Кеңес отырысында жастардың жұмыспен қамтылуы, ауданның күзгі-қысқы кезеңге дайындығы туралы сөз болып, бөлім басшыларының баяндамасы тыңдалды.

Аудандық Мансап орталығының ди­ректоры Дәурен Нагимов жұмыссыз жастарды оқыту және жұмысқа ор­наластыру бойынша 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстары туралы ба­яндады.

- Биыл өткен 8 айда орталыққа барлығы 923 жас хабарласты. Оның ішінде бос жұмыс орындары бойынша 207 жас тұрақты жұмысқа орналасты. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде мамандықтарына сәйкес 106 жас әртүрлі мекемелерге жол­данды. Қоғамдық жұмыстармен 82 жас қамтылса, әлеуметтік жұмыс орны, яғни 35 пайызын субсидиялау арқылы 12 жас бір жылға келісім шарт негізінде жұмысқа қабылданды. «Ба­стау бизнес» оқу курстарынан өткен 182 адамның 49-ы жастар. Оның ішінде 2 жас жаңа бизнес идеяларын дамытып, жүзеге асыру үшін 1 572 800 теңге көлемінде грант ұтып алып, жұмыстарын жалғастыруда. Соны­мен қатар мектептерде жоғары сынып оқушылары мен студенттерді «Сенің мансаптық бастамаң» атты skills платформасында онлайн оқуларды аудандағы білім беру мекемелерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жа­тырмыз, - дейді орталық директоры Д.Нагимов.

Баяндамашыға кеңес мүшелері жастарды жұмысқа орналасты­руды көздейтін мемлекеттік бағдарламалардың биылғы нәтижесі, «Бастау бизнес» оқу курстарын жыл сайын өткізу, қайтарымсыз гранттар санын арттыру бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.

Күн тәртібіне қойылған екінші мәселе ауданның күзгі-қысқы кезеңге дайындығы бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жо­лаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Шакимовке сөз кезегі берілді.

Оның айтуынша, облыс әкімінің күзгі-қысқы кезеңге нысандардың дайындығы туралы қаулысына сәйкес, ауданның өндірістік және әлеуметтік кешенін жұмысқа дайын­дауды бағалау жөніндегі ауданаралық ведомоствоаралық комиссиясының құрамы бекітіліп, бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 52 571, 0 мың теңге, аудандық бюджеттен 68 567, 0 мың теңге қаралған екен. Бөлім бас­шысы бюджеттен бөлінген осынша қаражаттың игерілу барысын баяндауға көшті.

- Бөлінген қаражатқа мекемелердің сұраныстары бойынша су насостары, жылыту қазандары, өрт сөндіру мо­топомпалары, дәнекерлеу автогене­раторлары, дизельді генераторлар алынған және тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтар алу үшін келісім шарт жасақталып, тауарлардың жеткізілуін күтіп отырмыз. Сондай-ақ қуаттылығы 100КВт 2 дана, 160кВт 2 дана, 250 КВт 2 дана жиынтықты трансформаторлық стансаларды қазан айының соңына дейін сатып алатын боламыз. Алынған құрал- жабдықтардың барлығы аудан әкімдігінің қаулысымен мекемелердің және ауылдық округтердің теңгеріміне берілетін болады, - дейді ол.

Сондай-ақ ол аудан бойынша 21 көппәтерлі тұрғын үйлердің 3-еуі орталықтандырылған жылу жүйесінен, қалған 19-ы автономды жылу қазандарымен жылытыла­тынын, қазіргі таңда барлық білім беру нысандары, мәдениет үйлерінің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттары жасақталып, жылу беру маусымына толық дайын тұрғанын мәлімдеді. Баяндамасын қорытындылаған бөлім басшысы са­тып алынған құрал-жабдықтардың қай ауылдарға орнатылатыны, ауылішілік жолдардың жөндеу жұмыстары, аял­дамалар құрылысының аяқталуы, жол белгілеріне бөлінген қаражатты игеруге қатысты бірнеше сұрақтарға жауап берді.

Жұмыссыздықпен күрес және қысқа дайындық мәселесі талқыға түскен жиында кеңес мүшелері та­рапынан айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, қаулы қабылданды.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT