«ҒАЛЫМ ДА, ШАХТЁР ДЕ БАС ИЕТІН...»

Жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде Мұғалімдер күні атап өтіледі. Ғалым да, батыр да, ақын да бас иетін ұстаздар қауымы қашанда жоғары құрметке лайықты. Айтулы мереке қарсаңында бар са­налы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаздарымыз туралы айтуды жөн көрдік. Солардың бірі - Қызылүй орта мектебінің директоры, математика пәні мұғалімі Қонысбай Ізғалиұлы Аманиязов.

Ол алғашқы еңбек жолын 1979 жылы Ақжайық тұқым совхозында құрылысшы болып бастаған. 1980 жылы Гурьев ауылшаруашылық техникумын техник-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. 1981-1983 жылдары кеңес армиясы қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін 1985 жылдың мамырынан бастап Қызылүй орта мектебіне көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасады. Сол жылдың қыркүйек айынан бастап Қызылүй орта мектебінде тракторта­ну пәні мұғалімі болып, еңбек жолын одан әрі жалғастырады. Қызмет етіп жүріп Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің физика-математика мамандығына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтайды. Қонысбай Ізғалиұлы 2004-2012 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болса, 2019 жылдан бастап Қызылүй орта мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстазбен әңгімелесу бары­сында оның мамандығына деген ерекше құрметін байқадық.

- Мен дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық қызмет деп білемін. Өйткені, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелеп, оқытып-үйрететін құрметті жан. Кезінде француз ойшылы Жан Жак Руссо: «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп тегін айтпаған. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Жаһандану за­манында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенетіні шындық. Жақсы ұстаз қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Терең біліммен қаруланған мұғалім бәріне қасқая қарсы тұра алады. Сондықтан заман ағымынан қалмай, күнделікті білімін жетілдіріп отыру, оқушыларды тең көру, баланың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал ету, әр шәкіртіне жанашыр, дос бола білу де үлкен өнер,- дейді кейіпкеріміз.

Бірі білсе, бірі білмес Қонысбай Аманиязов ұстаздық қызметімен қоса, 2023 жылдан бері аудандық мәслихаттың №10 сайлау округінің депутаты боп сайланып, ел игілігі жолында еңбек етіп келеді.

«Адам ұрпағымен бақытты» демекші, Қонысбай аға жан жары Жантолы екеуі шаңырақта 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Жантолы анамыз ұзақ жылдар бойы Ақжайық ауылындағы «Арай» балабақшасында медбике болып еңбек еткен. Қазіргі уақытта зейнеткерлікке шығып, не­мерелер тәрбиесімен айналысуда.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, шаңырақта Қонысбай ағаның 84 жастағы анасы бар. Үлкен шаңырақта өсіп-өнген алты бала да ержетіп, бойжетіп, жоғары оқу орын­дарын бітіріп, бір-бір мамандықтың иесі атанды. Бүгінде ұл-қыздары бір-бір үйдің шамын жағып, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жайы бар.

Осы жылдар ішінде Қонысбай ағаның еңбегі еленіп, түрлі дең- гейдегі марапаттарға ие болғанын да айтып өткеніміз жөн. Атап айтсақ «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне-25 жыл», «Атырау облысы мәслихаттарына-30 жыл» мерекелік медальдарымен марапат- талған. Сонымен қатар Қонысбай Ізғалиұлы ПрезидентЖарлығымен «Офицердің әкесі» медалін де кеудесіне таққан. Оны ұлы Ама­нияз УГ-157/9 мекемесінде жұмыс жасаған кезінде 2002 жылдың 9 мамырында мекеме бастығы, әділет подполковнигі Д.И. Таже­нов өз қолымен тапсырған екен. Бүгінде ұлы Аманияз сол УГ-157/9 мекемесінде басшы лауазымында қызмет атқаруда.

Таяуда облыстық мәслихат төрағасы М.Хайруллин өңірдің білім саласы дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қонысбай Аманиязовты Алғыс хатпен марапаттаса, аудандық мәслихат төрағасы Қ.Мәжиев те мерейгер Қ.Ізғалиұлын зейнеткерлік жасқа шығуына орай Құттықтау хатын табыс етті.

Ауданның білім саласының даму­ына, сондай-ақ, халық қалаулысы атанып, ел ішіндегі түйткілді мәселелердің оң шешімін табуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Қонысбай Ізғалиұлын мерейлі жасымен және Ұстаздар күнімен құттықтап, толайым табыстар тілейміз.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT