Жуырда көршілес Индер ауданында жыл сайын дәстүрге айналған республикалық «Махамбет оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтіп, қорытындыланды. Ақынның ұлтына ұран болған рухты туындыларын насихаттауды мақсат еткен байқауға қала және аудан мектептерінен 60- қа жуық оқушы қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында махамбеттік оқушылар да бар.
Байқау ережесіне сай оқушылар Махамбет шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу, өлеңдерін жатқа оқу, күйлерін орындау, жыр арнау және берілген тақырыптар аясында ғылыми жоба қорғау бағыттары бойынша өз өнерлерін көрсетті.
Иллюстрациялық суреттер салу және ақынның өлеңдерін жатқа айту кезеңдерінің нәтижесінде Жалғансай орта мектебінің оқушысы Дамиллия Амангелді және Ақтоғай орта мектебінің оқушысы Нұрсәт Мұхамбетқали Алғыс хатқа ие болды.
«Тартынбай сөйлер асылмын…» бөлімінде Махамбет бабасына жыр арнаған жас ақын А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінен қатысушы Еркеназ Исламғали жүлделі ІІ орын иегері атанды. Байқаудың соңғы кезеңінде «Біз неткен ер, неткен ер? Сергелдеңмен өткен ер…» тақырыбында ғылыми жоба қорғаған Ақтоғай мектебінің оқушысы Дария Әдебиетке ІІІ орын бұйырды.
Б.САПАРОВА