Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жыл - Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Соған сәйкес, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін асқақтатып, нағыз маман болу идеясын насихаттауды және кәсіптік техникалық білім беру жүйесін реформалау қажеттігін тапсырды.
Жуырда Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау және олардың біліктілігін жетілдіру, сондай-ақ аталған кәсіптердің беделін арттыру жөніндегі мәселелер қаралды. Оған қатысты оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері баяндама жасады. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталов және өңірлік колледж басшылары тыңдалды.
Соңғы жылдары кәсіптік техникалық білім беру жүйесін дамытуда көптеген өзгерістер орын алғанын атап өткен жөн. Колледждер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқытады, кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайтылып отыр. Осыған дейін колледждерге бюджет есебінен жыл сайын 93 мыңға жуық студент қабылданып келсе, ағымдағы жылы олардың саны 142,5 мыңға дейін жетті. Биыл колледж студенттерінің стипендиялары 50%-ға өсті. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының материалды-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлінген.
Премьер-Министр қабылданған шараларға қарамастан, кадр даярлаудағы әлеуеті жеткілікті түрде ашылмағанына – кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту қажеттігіне назар аударды.
- Халықаралық салалық стандарттар мен сертификаттауды белсенді түрде енгізу қажет. Ол үшін Оқу-ағарту министрлігі жұмыстың сапасына тәуелсіз бағалау жүргізуі керек. Сондай-ақ технологиялық көшбасшыларды айқындай отырып, колледждерді кәсіби бейімдеу мен саралауды аяқтауы қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов. Білім беру ұйымдарын ынталандыру жүйесі мен белгіленген KPI колледждерді оқу сапасын арттыруға талпындырады.
Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту жөніндегі жұмыс шеңберінде Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне ұқсас мамандықтар бойынша университеттерде оқуын жалғастырып жатқан колледж түлектеріне арналған гранттар санын ұлғайта отырып, мемлекеттік тапсырыс құрылымын қайта қарау тапсырылды.
Елімізде өндірісте жұмыс істеу дағдысы қалыптасқан түлекті даярлау мақсатында бірнеше жыл бұрын дуальды оқыту жүйесі енгізілген болатын. «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңның 13-бабына сәйкес, Ұлттық палата елімізде дуальды оқытуды дамыту жұмыстарын жүзеге асырады. Яғни, кәсіпорындар мен колледждер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіріп, дуальды оқыту туралы жасалған шарттардың тізілімін және кәсіпорындардың тәлімгерлерін оқытуды жүргізеді.
Бұл жайында Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов баяндама жасады.
- Дуальды оқыту жүйесін енгізу бойынша жол картасы аясында 496 колледжбен және 75 мың студент даярлау бойынша 7 мыңнан астам кәсіпорынмен келісімшарттар жасалды. 2014 жылдан 2024 жылға дейін ҰКП үйлестіруімен 208 мыңнан астам студент дуальды оқытумен қамтылды оның 85%-ы бітірген сәттен бастап алғашқы үш айда жұмысқа орналастырылды. 2025 жылы дуальды оқыту шарттарының тізілімін іске асыру мен жүргізудің барлық процесін цифрландыру жоспарланып отыр, кейіннен тізілім ҰКП сайтында орналастырылады», — деді басқарма төрағасы.
Сонымен қатар, Райымбек Баталов кәсіпорындардың жекелеген мысалдарына тоқталып, табысты кадрлық саясат пен дуальды оқытудың жарқын мысалын Allur компаниясы көрсететінін және мұндай мысалдар аз емес екенін атап өтті. Allur компаниясының өндірісінде жыл сайын колледждер мен жоғары оқу орындарының 300 ден астам студенті дуальды оқытудан өтеді. Компанияның 140-тан астам қызметкері Ұлттық палатада тәлімгерлік оқудан өтті.
Бұдан басқа, 2025 жылға қарай Allur зауыты Қостанайда «Салалық инновациялық ғылыми инжинирингтік орталық» құру жобасына бастамашы болады.
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға және оның жастар арасындағы тартымдылығын арттыруға тамаша мүмкіндік береді.
Жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру шеңберінде «Атамекен» ҰКП 2017 жылдан бері кәсіптік даярлау жөніндегі оқу орталықтарының тізілімін жүргізеді. Қазіргі уақытта тізілімде 583 білім беру ұйымы: атап айтқанда, 237 кәсіпорын, 186 колледж, 149 дербес оқу орталығы, 5 қауымдастық және 6 жоғары оқу орны бар, оның 67%-ын кәсіпкерлік субъектілері құрайды.
- Оқу орталықтарында жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес, ЖАО жіберген жұмыссыз азаматтар оқытылады. Жұмыс берушілер өтінім берген кезде оқытылған адамды жұмысқа қабылдауға міндеттеледі, бас тартқан жағдайда даярлық шығындарын өтейді. Бүгінде Еңбек министрлігімен бірлесіп, оқу орталықтарының тізілімін жүргізу процесін цифрландыру және оны enbek.kz электрондық еңбек биржасында орналастыру бойынша жұмыс жүргізіледі, - деді Райымбек Баталов.
Оқу орталықтарының тізілімін цифрландыру тізілімге кіру кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, оқытылған контингентті жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша оқу орталықтарын тексеру процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді және ұйымдардың тізілімге кіру уақытын қысқартады.
ҰКП алдағы жылдарға кадрларға қажеттілікті анықтау үшін жыл сайын бизнес субъектілері арасында сауалнама жүргізеді.
2024 жылы 50 мыңға жуық бизнес субъектілері сауалнамаға қатысып, олардың ішінде 13 мың кәсіпорын 130 мың маманға қажеттілігін көрсетті. Кадрларға қажеттілік бойынша талдау нәтижелері ЖАО-ның да, орталық мемлекеттік органдардың да мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру үшін пайдаланылады.
Ақпараттық жүйелерді интеграциялау және сауалнама рәсімдерін оңайлату арқылы деректерді жинауды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіледі.