Күрт өзгерістер кезеңі

Қазақстанда АЭС салу жөніндегі ауқымды жобаны жүзеге асыруға бағытталған жан-жақты дайындық жұмыстары басталып, оның елге тигізер пайдасы мен зияны жайлы талқылау жалғасуда.

Әрине, соңғы нүкте алдағы бүкілхалықтық референдум қорытындысы бойынша қойылады. Бұл да болса көңілге медеу. Алайда, көпшіліктің көңілінде осы мәселеге байланысты алаңдаушылық барын да әңгіме ауанынан аңғаруға болады. Өйткені «жары­лыстан көз ашпаған далам-ай!» деп азат ойлы жастар күңірене шырқаған әндер ғасырлар қойнауынан жеткен азалы жаңғырықтай адамның тұла бойын шымырлатып, әрі-сәрі ойға жетелейді. Шынында да ұзақ жылдар бойы отарлық езгісінде болып, небір қолдан жасалған зұлматтарға куә болған жанкешті халқымыздың жүрегінде секем бар. Оны айтпасқа болмайды. Алдағы референдумда әрбір қазақстандық азамат АЭС туралы өз ойын, өз ұстанымын ашық білдіретіні сөзсіз. Жалпы АЭС салу экономикалық қажеттілік, жаңа уақыт талабы екенін де бағамдаған жөн.

Мен де АЭС туралы екі ойлы болып, біраз қабырғаммен кеңестім, ішкі түйсігіме құлақ түрдім. Баспасөздегі сан алуан пікірлерді де күнделікті шолып отырамын. Жалпы соңғы кезде жоғары билік тарапынан жаңа бастама көтерілсе, жаппай өре түрегелетін тенден­ция пайда болды. Ол дұрыс па, қате ме, пай­дасы қандай, зияны бар ма деген сауалдарға көп басын ауыртпай, байбалам салуға әзір тұратындар қатары көбейіп барады. Әрине, оларды да түсінуге болады.

Осындай пікір қайшылықтарымен бетпе- бет келіп отырсам да, өз басым Қазақстанда АЭС салу жобасын қолдаймын. Өйткені жыл сайын ел экономикасы дамып, энергетикаға қажеттілік артып келеді. Оны көзімізбен көріп, куә болып отырмыз. Басқасын айтпағанның өзінде екі күннің бірінде түрлі сылтаулармен үйіміздегі күнделікті тұтынып отырған жарықты ажыратып та­стайтынына бірте-бірте етіміз үйренгендей. Ал, елдегі бүкіл экономиканың күретамыры, алып өнеркәсіп орталықтары, өндіріс орын­дары, бизнес саласы, басқа да шаруашылық құрылымдары энергетикаға тәуелді. Қазір атам қазақ жер ошақққа тамақ пісіріп, май шамның жарығымен сабақ оқыған дейтін баяғы заман келмеске кетті. Кезінде алашым деп атқа қонып, репрессия құрбаны болған Бейімбет Майлин: «текке отырған көздің жасын көлдетіп, біздің елден қашан кетер балалық» деп жазғанындай, өліара кезде кертартпалыққа салынбай, жаңалықты жат­сынбай, қолдау көрсету-елдігімізге сын. Ерте ме, кеш пе, бәрібір АЭС салынады. Өйткені жарықтың жылдамдығындай уақыт талабына үн қосып, дер кезінде қамданып, қарманып қалмасақ-ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Айналамыздағы барлық алдыңғы қатарлы дамыған өркениетті елдер тұрақты энергетика мәселесін түпкілікті шешіп, оның игілігін көріп отыр.

Жоғарыда айтып өткенімдей, қылышынан қан тамған қызыл империяның жымысқы саясатының, Қазақстанда уран өндіреміз деген желеумен ұланғайыр жеріміздің дал- дұлын шығарып, сан жылдар бойы үздіксіз жасалған жарылыстардың зардабы әлі жой­ыла қойған жоқ. Өзім де әскери борышымды Семей облысының Аякөз қаласындағы танк дивизиясында өткеріп, біраз жағдайға қанық болдым. Атақты Семей полигонында әскери жаттығулар өткіздік. Туған жерім Құрманғазы ауданының сонау шалғайдағы Азғыр өңірінде де талай жарылыс болғаны тарихтан белгілі . Сол Азғыр ауылынан шектеулі дозадан артық радиация бары анықталып, кезінде ауыл тұрғындарын 250 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына таяу маңға көшіруге Үкімет тарапынан талпыныс жасалғанмен, жергілікті халық атажұртын тастап кетуге тәуекел жаса­мады. Қазіргі күйі адам аяғандай. Мен де сондай радиация зардабын шеккен «ерекше тәуекел жауынгері» ретінде жылына бір рет Алматы, Астана қаласындағы «Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған клиникалық орталық» деген емдеу-сауықтыру оры­нында бір-екі рет болғаным бар. Шамасы ҰОС-ардагерлерінен ешкім қалмағасын Ауғанстан, Чернобыль, Семей полигонында әскери борышын өтегендерге есігін ашса керек.

Мұның бәрін мен не үшін айтып отыр­мын. Осының бәрін көріп, бастан өткеріп, АЭС туралы ақпараттармен «қаруланып» отырсам да, өзімнің жеке басым үшін емес, елдің келешегі үшін АЭС-тің қажеттілігіне көзім жеткендей. Осыған дейін атом де­ген тажалдың зардабын шегіп келсек, енді оны ауыздықтап, дегенімізге көндіріп, айтқанымызға жүргізетіндей игілігін көретін мезгіл жетті. Өркениетті елдер ешбір дабыра қылмастан АЭС-сын әлдеқашан іске қосып, бейбіт мақсатта пайдаланып отыр. Біздің жер көлеміміздің ширегіне де келмейтін шағын мемлекеттердің өзінде бір емес, ондаған электр станциялары мүлтіксіз жұмыс істеп тұрғандығы туралы ақпаратты оқығанда біраз ойланып қаласың. Қалай болғанда да елімізде АЭС салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Оның түбі салынып тынаты­нын да ішің сезгендей.

Ендігі басты проблема: талай милиардтаған қаржы жұмсалатын сол ауқымды жобаны ары қарай жүзеге асыратын негізгі мердігер компаниялар қай елге тиесілі? Олардың не ойлағандары бар? Олай дейтініміз, қазірдің өзінде «ақысын берсең...» деп алақандарына түкіріп отырған алпауыттар аз емес. Көңіліне жақпай қалсаң, жоғарыдан ортақ мұнай тасымалының шүмегін жауып, құбырды жөндейміз деп жақаурататын, суды да шөміштен қысып, жаны қысылғанда жиналған мол суды Қазақстанға қарай лақылдата ағызып жіберуден жүзі жанбай­тын ежелгі көршілеріміз де АЭС құрылысына сүбелі үлес қосып, қомақты қаржыдан қарбыта асаудан дәмелі. Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш рет танып, мойындап, айдай әлемге сүйіншілеген түбі бір түркі ағайындар да ерте бастан емеурін білдіріп қойды. АЭС салудағы тәжірибелеріне сүйенген француздар да жіліктің майлы басына ұмтылатыны белгілі. Жеме-жемге келгенде кімді таңдаймыз? Мәселе сол бо­лып тұр.

АЭС-еліміздің стратегиялық саяса­тын жүзеге асырудың бірден-бір кепілі. Сондықтан оған жеңіл-желпі қарауға бол­майды. Асығыстыққа, көңілжықпастыққа, көзжұмбайлыққа жол берілмеуі тиіс. Алып нысанды ертең іске қосқанның өзінде оның пульті кімнің қолында болады? Бұл саладағы қазақстандық мамандардың қауқары қандай? Әлде АЭС-тің бір тетігі істен шықса, шетелден маман шақырып, бөгде біреулерге кіріптар боламыз ба? Оларды жөндеу үшін де талай миллиард­тарды қазынадан санап беруге тура келеді. Осы жағын да қазірден бастап ойластырған жөн. Сөзімізді түйіндесек, осы АЭС-ке байланысты Қазақстанды күрт өзгерістер кезеңі күтіп тұр. Соған сенейік, қуанышты бөлісуге дайын болайық, ағайын!

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT