Ұстаз ұлағаты ұмытылмайды

Қаз ССР-не еңбек сіңірген мұғалім Қарабай Қалыбековтің туғанына 100 жыл толуы­на орай ұстаз атындағы Сарытоғай орта мектебінде «Ұстаз есімі–ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты еске алу кеші өтті. Оған мерейгердің ұрпақтары, ардагер-ұстаздар, шәкірттері, мектеп мұғалімдері қатысты.

Қарабай Қалыбеков Махамбет ауданының Ес­бол ауылында туған. Ұлағатты ұстаз 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол 1946 жылдан бастап Талқайраң орталау мектебінде ма­тематика пәнінің оқытушысы, 1948-1951 жылдары Талқайраң мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, 1951- 1954 жылдары мектеп директоры болып жұмыс жасаған. 1954 жылы Сарытоғай орталау мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып ауысқан. 1969 жылы мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып жоғарылатылып, осы жұмысты өмірінің соңына дейін атқарған. Ұлағатты ұстаз Қ.Қалыбеков бірнеше рет «Құрмет» грамотала­рымен марапатталып, ҚазССР-не еңбек сіңірген мұғалім» атағын алды. 1992 жылдың 8 желтоқсанында педагогикалық кеңес қаулысымен Сарытоғай орта мектебіне ҚазССР-не еңбек сіңірген мұғалім Қарабай Қалыбековтің есімін беру ұсынылып, 1996 жылдан бастап орта мектеп Қ.Қалыбеков деп атала бастады.

Қ.Қалыбеков атындағы мектептен математика кабинеті салтанатты түрде ашылды. Жаңа кабинетінің ашылу лентасын ұрпағы Асан Қарабайұлы мен ардагер-ұстаз Серік Қапашев қиып, математика-фи­зика және информатика бірлестігіне толайым табы­стар тіледі.

Мектептің мәжіліс залында ҚазССР-не еңбек сіңірген мұғалім Қарабай Қалыбекұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Ұстаз есімі-ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» еске алу кешіне жалғасты.

Алғашқы болып ардагер ұстаздың ұлы Асан Қарабайұлы сөз алып, еске алу кешін ұйымдастырып жатқан мектеп ұжымына алғысын жаудырып, әкесі туралы сыр шертті. Ол әкесі Қарабай Қалыбеков оқытудың тиімді, жүйелі жұмыстарын жүргізгенін, пайдалы еңбекке қатысуға бар жағдай жасағанын еске алды.

Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің директоры Райса Альдешова да ұлағатты ұстаз туралы, атаулы мектептің жеткен жетістіктеріне тоқталды. Ол мектепте Қ.Қалыбековтің 100 жылдығына бай­ланысты биылғы жылдың қаңтарынан бастап түрлі іс-шаралар, байқаулар өткізіліп жатқанын айтып өтті. Екі рет волейболдан біріншілік өткенін, оған ардагер ұстаздың жиені Жақсылық демеушілік көрсеткенін, 3-қыркүйекте де волейбол турнирі өтіп, оған ауыл жастары, түлектер, мектеп оқушылары бел­сене қатысқанын еске салды. Турнирден жүлделі 1 орынды оқушылар жеңіп алса, 2 орынды түлектер ко­мандасы, ал 3 орынға жастар командасы ие болғанын айта кетті.

Қарабай ұстаздың бөле қарындасы Ләтипа Жол­дасова өз анасы ол кісімен бірге туған апалы-сіңлілі жандар болғанын, ол шаңырағында бес ұл, бес қыз болғанын, өзі Қарабай ағайдың көз алдында өскенін еске алды.

- Ол кісі өте қайырымды, мейірімді жан еді. Үлкен- кіші бәрімен де жылыұшырай амандасатын. Бойында педагогке тән ізгі қасиеттер көп еді. Асыл қасиеттері ұрпағына, тума-туыстарына дарыды. Жайлы мінезімен адамды еріксіз баурап алатын. Ұжыммен жақсы қарым-қатынаста болды, бәріне көмектесетін. Жан жары Әмина бастауыш сыныптың мұғалімі бо­лып қызмет етті. Бір қызығы, екеуінің туған күндері де бір күнде 15 қыркүйек болатын. Ол кісіден көп тәлім-тәрбие алдық. Менің ол кісіге арнаған екі өлеңім бар. Бір өлеңімді «Басымды идім, аға» деп атасам, екіншісі «Ғасырлық өмір» деп аталады. Тағылымды шара өткізіп жатқан мектеп ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін, - деп Ләтипа апай сөзін қорытындылады.

Жас ақын Амина Орынбасар «Ардақты ұстаз» өлеңін мәнерлеп оқыды. Мектептің «Қосалқа» домбырашыларының орындауында Құрманғазының «Балбырауын» күйі тыңдалды.

Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай- қорығы директоры, т.ғ.д профессор Әбілсейіт Мұқтар да сөз алып, өз естеліктерімен бөлісті. Кезінде Қарабай ағаймен жақын араласқанын, оның ешқашан дауыс көтермейтін, мінезі жұмсақ жан екенін де еске алды. Зейнеткер-ұстаздар Райса Жұбанова, Дәріжан Туреханова ,Зәуреш Жуасова өз естеліктерімен бөлісіп, алдағы уақытта Қарабай ағай туралы кітап шығарса деген ұсыныстарын да білдірді.

«Айрин» би тобының бишілері қазақ биін дөңгелене билесе, домбырашылар ансамблі «Еркем-ай» шығармасын күмбірлете орындады.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Бибігүл Сәресқызы бұл ұжымның еңбек жолында ала­тын орны зор екеніне тоқталып, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша ұстаздар қауымына ризашылығын білдірді.

Кезек одан әрі жыл үздіктерін марапаттауға берілді. «Үздік оқырман отбасы» Орынғали Дүйсенов отбасы атанса, «Үздік кабинет-2024» Назгүл Есенғалиқызына бұйырды. «Үздік жыл мұғалімі-2024» атағына Гүлсім Иманғазиева ие болса, «Үздік жыл оқушысы» Динара Қуан атанды. «Үздік кабинет-2024» аталымы Бағдат Жұмабаева бұйырды. « Үздік сынып жетекші-2024» аталымына Заида Тельжанова лайық деп танылды. Әмина Орынбасар «Жас ақын-2024» атанды. «Үздік ата-ана» номинациясына Лариса Сахиеева ие болса, «Үздік кітапханашы» аталымын Замзагүл Рахимова иемденді. Ләйла Қапизова «Үздік пор­трет» иесі атанды. Сарытоғай мәдениет үйінің бас­шысы Рысқали Жұмабаев «Жыл ағасы» атанды. «Үздік «Жас Ұлан» ұйымы-2024» аталымы Бақтыгүл Жолдығалиеваға бұйырды.

А.ТЕКЕБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT