Қазақстанда соңғы жылдары жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттыруды мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде айқындады. Осыған орай 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, бұл бастама 2026 жылы да өз жалғасын тауып отыр.
Президент өз сөздерінде елдің тұрақты дамуы ең алдымен адал еңбекке, нақты кәсіпке сүйенетінін бірнеше рет атап өтті. Оның айтуынша, зауытта, фабрикада, өндіріс пен құрылыс алаңында, энергетика мен көлік саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылар – экономиканың негізгі қозғаушы күші.
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, жастарды нақты кәсіпке бағыттау мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл бағытта мемлекет кәсіби білім беру ұйымдарын жаңғыртып, жұмысшы кадрлардың біліктілігін арттыруға жағдай жасауда.
Президенттің пікірінше, еңбек адамына деген құрмет – жай ғана сөз емес, ол нақты істермен көрініс табуы тиіс. Осы мақсатта өндірістегі қауіпсіздік, еңбек жағдайын жақсарту, жалақы мен әлеуметтік кепілдіктерді күшейту мәселелері күн тәртібінен түскен емес.
2026 жылы да бұл саясат жалғасып, жұмысшы мамандарды қолдауға бағытталған бағдарламалар іске асырылуда. Мемлекет басшысы заманауи технологияларды меңгерген, кәсіби білікті жұмысшы кадрлар Қазақстанның индустриялық және цифрлық дамуының негізі екенін атап өтті.
Еңбек адамына деген құрмет – ел дамуының басты өлшемдерінің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысшы мамандықтарына қатысты бастамалары қоғамда еңбекке деген оң көзқарасты қалыптастырып, жастарды нақты кәсіпке баулуға бағытталған. Адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген жұмысшылар – Қазақстанның бүгінгі тірегі әрі ертеңгі болашағы.
Д.ЖОЛДАСҚАЛИ


