Рухани қазына сақшысы

БІЗ ДЕ ПЕНДЕМІЗ. ЖАРАТҚАН ИЕ ҚАЛАУЫМЕН ӨЗІМІЗ СҮРІП ЖАТҚАН ҚОҒАМДА ЕҢБЕК ЕТІП, АДАМ ДЕГЕН АТАҚТЫ ИЕЛЕНІП, ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕП, ӨМІР КЕШІП ЖАТҚАН ЖАЙЫМЫЗБАР. САНАЛЫ ҒҰМЫРЫМЫЗДЫ ЖАЛҒАСТЫРЫП, ҚОҒАМҒА ПАЙДАЛЫ ІСТЕРІМІЗБЕН ӨМІРІМІЗДІ ӨРНЕКТЕУДЕМІЗ. ҮЛГІЛІ ІСПЕН ЕЛ МҮДДЕСІ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТІП, ҚҰРМЕТ ТӨРІНЕН КӨРІНІП, ЕЛГЕ СЫЙЛЫ АЗАМАТ АТАНУДАМЫЗ. СОНДАЙ ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ, МАЙТАЛМАН КІТАПХАНАШЫ, ОРТАҚШЫЛ АУЫЛДЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ, «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» ТӨСБЕЛГІСІ ИЕГЕРІ – ӘЛИЯ НҰРМҰХАНОВА.

Жуырда «Самал» мәдениет үйінде Ортақшыл ауылдық кітапханасы меңгерушісі Әлия Нұрмұханованың зейнеткерлікке шығуына орай «Өнегелі өмір – өрелі еңбек» атты кеш өтті. Кеш меймандары алдымен «Руханият сақшысы» бейнешығарылымын тамашалады. Онда кейіпкер Әлия Өтепқызының кітапхана жолында атқарған еңбектеріне, өмірдеректеріне тоқталыпты.

Жалпы Әлия Нұрмұханова –Жалғансай ауылының тумасы. Он жылдық мектепті бітірген Әлия 1982-1984 жылдары «СССР-дің 60 жылдығы» атындағы совхозда іс жүргізуші болып еңбек жолын бастаған. Ол 1984 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, «кітапхана ісі» мамандығын бітіріп шығады. Еңбек жолын 1986 жылдың 26 қыркүйегінен бастап Ортақшыл ауылдық кітапхана меңгерушісі болып жалғастырады.

Әлия Өтепқызы – бір мекемеде тап-жылмастан 39 жыл еңбек еткен жан. Енді қарапайым кітапханашының жеткен жетістіктеріне тоқталсақ. Әлия 1987 жылы жазушы М.Әуезовтің 100 жылдығына байланысты «Біз Әуезовті білеміз бе?» облыстық кітапханашылар байқауының бас жүлдегері атанса, 2018 жылы «Рухани қазына – 2018» республикалық фестивалінде ҚРМәдениет министрінің Алғыс хатын алған екен. Сонымен қатар ол 2021 жылы «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісін алса, 2024 жылы Қазақстан салалық кәсіподақ ұйымының «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудесіне тақты. Әр жылдарда облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталған. Міне, содан бері 39 жылдай уақыт өтіпті. Бұл аз уақыт емес. Қарапайым кітапханашы болып еңбек жолын бастаған Әлия Өтепқызы бүкіл ғұмырын ауыл кітапханасына арнады. Қашанда жастарға, шәкірттеріне ақыл-кеңесін беріп, қажет жерде көмек қолын созып, кішіпейілдік пен елжандылықты, сауаттылықты, ұлт құндылығы саналатын – салт-дәстүрлер мен үрдістерімізді, адамгершілік қасиетімізді ұлықтауда өскелең ұрпақтың санасына сіңіруде үнемі қолдау білдіріп жүргені.

Кейіпкеріміз 1989 жылы Есбол ауылының азаматы Әміржан Тұрсынғалиұлымен шаңырақ көтеріп, өмірге Іңкәр, Гауһар, Құлан есімді ұл-қыздарды әкеліп, оларды өсіріп- өндіріп, оқытты. Бүгінде Іңкәрі – есепші, Гауһары мұғалім қызметінде болса, Құланы ІТ маман болып Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласында «Әлем-Жолдас» ЖШС-де вахталық әдіспен еңбек етіп жүр. Қазіргі уақытта қыздары өзге үйдің шамын жағып, ұлы Құлан Алма атты арумен отбасын құрды. Қарапайым мамандық иелері Әлия мен Әміржан қазіргі уақытта балаларынан 9 немере-жиен сүйіп отырған жайы бар. Келіні Алма – Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы. Ұлы Құланмен Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінде бірге оқыған. Екеуі 2020 жылы шаңырақ көтерген екен. Келіні Алма да ІТ саласының маманы болып шықты. Осылай әдемі өрілген кеш « Кітапханаш жан сыры » монологімен жалғасын тапты.

Әріптестері Гүлжанат Наурызова,

Назгүл Әбішева «Кітапханашылар»

әнін орындап, көптің қошеметіне

бөленді. Мәдениет үйінің басшысы Бексұлтан Маратұлы әріптесі

Д.Әділбайұлының арнауын оқыды.

Есбол ауылдық округінің әкімі Алмас Ұзақбайұлы да Әлия Өтепқызын

зейнет жасына шығуымен шын

жүректен құттықтап, ізгі тілегін арнап, құттықтау хатымен марапаттады. Аудандық орталық кітапхана

басшысы Шынар Орынбайқызы да

әріптесін құттықтап, кітапханада 39

жылдай халыққа қызмет еткенін, талай рет кездесу кештерін, тағылымды

шаралар ұйымдастырғанын, сайлау

науқандарында да жұмыс істегенін

айтып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Есбол ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы Әділбек Ізғалиев, еңбек ардагерлері Айса Салтанов, Марат Саламатұлы, Ақбал Құрманбаева, Күләш Аманова, басқа да әріптестері құттықтады. Кеште сазды әсем әндер шырқалып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бір сөзбен айтқанда , Әлия Өтепқызы ауданымыздың, Есбол ауылдық округінің рухани өмірінде қайталанбас із қалдырып, мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосқан бірегей тұлға деп ойлаймыз. Кітапханашының жүріп өткен өмір жолы жай ғана сырғып өткен уақыт емес, айналасына ұлағатты ұшқынын шашқан, тағылымға толы тарих деуге болады. Ол бар білгенін бөлісіп, қолынан келер жәрдемін аяған жоқ. Әріптестерінің, шәкірттерінің кәсіби қабілеті мен талантын ашып, шығармашылық тұрғыда шыңдап, қабілеттерін одан әрі дамытуда әдістемелік бағыт-бағдар берді. Әлия Өтепқызы қиындығы мен қызығы қатар жүретін білімнің сан саласын қамтыған кітапханашы мамандығының нағыз майталманы, рухы биік, өресі кең, ауыл кітапханасын танытуда үлкен қажырлық пен табандылық танытқан тұлға деп айтсақ артық етпес еді.

Қазақта «Жақсыны айтсаң – білер, жаманды айтсаң – күлер» демекші, Әлия өзінің білгірлігімен, ұстамдылығымен,парасаттылығыменәр шараны ерекше өткізіп, көпті тәнтіеткенін талай көргенбіз. Әріптестері мен шәкірттері, оқырмандары мен ауылдастары ол кісіні құрмет тұтады.

Бұл сала майталманына ел-жұрттыңберген бағасы мен ықыласы деп ойлаймыз.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT