Суицидті көп жағдайда «әлсіз адамның ісі» деп қабылдаймыз. Бұл – ең қауіпті әрі қате көзқарас. Өйткені суицид – әлсіздік емес, бұл ұзақ уақыт бойы еленбей келген жанайқайдың ақыры. Адам бір күнде мұндай қадамға бармайды. Оған күндер, айлар, кейде жылдар бойы жиналған ауыр ой, ішкі күйзеліс себеп болады.
Қазіргі қоғамда адам жалғыз. Қанша адаммен араласса да, шын мәнінде ішкі сырын тыңдайтын жан табыла бермейді. Әлеуметтік желідегі күлімсіреген суреттердің артында күйзеліс, үмітсіздік, шаршау жасырынып жатады. Біз соны көргіміз келмейді. Себебі біреудің жан дүниесіне үңілуге уақыт та, ниет те жетпейді.
Суицидке апаратын бір ғана себеп жоқ. Ол – түсінбеушілік, қысым, қорлау, қаржылық қиындық, отбасындағы салқындық, болашаққа деген сенімнің жоғалуы. Кейде адамға тек бір жылы сөз, бір қолдау, бір «мен сені түсінемін» деген сөйлем жетпей қалады. Бірақ сол сөз айтылмай қалады.
Ең өкініштісі – суицид туралы тек қайғылы жағдай орын алған соң ғана сөз қозғаймыз. Сол кезде бәрі «байқамадық», «үндемей жүрді», «еш белгісі болмады» деп ақталады. Ал шын мәнінде белгі болған. Тек біз соны көруге дайын болмадық. Адамның тұйықталуы, ашулануы, өмірден түңілген сөздері – бәрі дабыл еді.
Бұл жерде мәселе бір адамның психологиясында ғана емес. Бұл – қоғамның қатыгездігі, немқұрайлылығы. Біз табыстыны мақтап, әлсізді мүсіркейміз немесе мүлде елемейміз. Қателескенді кешіруден бұрын айыптауға дайынбыз. Ал суицид – сол қысымның ең ауыр салдары.
Суицидтің алдын алу үшін заң да, бақылау да жеткіліксіз. Ең алдымен адамға адам керек. Тыңдай алатын, түсіне алатын, кінәламай қолдайтын орта керек. Психологқа бару ұят емес екенін, көмек сұрау – батылдық екенін түсінуіміз қажет.
Өмір – сынаққа толы. Бірақ сол сынақты жалғыз өткеру ең қауіпті жол. Сондықтан жанымыздағы адамдарға бейжай қарамайық. Бір ауыз сөз, бір қоңырау, бір назар бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Суицид туралы үнсіз қалу – сол қасіретке көз жұму деген сөз.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИ


