Әдебиет – жас ұрпақтың ой-санасын қалыптастырып, елін сүюге, туған жерін қадірлеуге тәрбиелейтін асыл қазына. Көрнекті тұлғалардың шығармашылығын дәріптеу – ұрпақ тәрбиесіндегі басты құралдың бірі.
Осы мақсатта Таңдай ауылдық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында белгілі ақын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына орай Қ.Ахмедияров атындағы мектептің 5-сынып оқушыларымен сынып жетекшісі Р.Жұмалиеваның қатысуымен «Жұмбағы мол ғұмыр» атты ертеңгілік өткізілді.
Шараның мақсаты – қазақ поэзиясының кемеңгер ақынының көркем туындылары арқылы жасөспірімдерге ұлтжандылық сезімін ояту, елін, жерін, туған тілін сүю, құрметтеудің қасиетті борыш екенін ұғындыру. Ертеңгілікте ақынның терең мазмұнды өлеңдері оқылып, оқушылар арасында пікірталас өрбіді. Ақынның «Менің Қазақстаным» атты өлеңінің тәуелсіз елдің Әнұранына айналғаны айтылып, оның тарихи маңызына ерекше тоқталды.
– Бүгінгі шара арқылы біз жас буынға Жұмекен Нәжімеденов шығармаларының терең мазмұнын жеткіздік. Оның әрбір өлеңі – елін сүюдің, туған жерін қадірлеудің үлгісі. Осындай ертеңгіліктер балаларды кітап оқуға баулиды, туған тілін құрметтеуге үйретеді. Жұмекен атамыздың мұрасы – мәңгілік рухани қазына, – деді Р.Жұмалиева.
Кеш барысында кітапханашылар ақынның өмір жолына шолу жасап, қазақ әдебиетіне қосқан үлесін кеңінен әңгімеледі. Жасөспірімдер оның елдік рухты дәріптеген жырларынан тағылым алды. Бұл шара оқушылардың бойында рухани құндылықтарды дәріптеп, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырды. Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары – жас ұрпақ үшін сарқылмас қазына, мәңгілік мұра. Осындай ертеңгіліктер арқылы ақынның есімі ұрпақтан ұрпаққа жетіп, ел жүрегінде жаңғыра бермек..