Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы – тұрғындардың тұрмысын жақсартып қана қоймай, елді мекеннің ажарын арттырады. Соның жарқын бір көрінісі – Махамбет ауылында жаңа CHICO CHICKEN fast food дәмханасының ашылуы.
Заманауи үлгіде жабдықталған дәмхана келушілерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуді мақсат етеді. Салтанатты ашылу рәсіміне ауылдық округ әкімі Нұрлан Сапаров қатысып, лентасын қиып, кәсіп иелеріне сәттілік тіледі.
– Ұлттық экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Жаңа кәсіпкерлік нысандарының ашылуы – ауыл өміріндегі үлкен қуаныш. Бұл тек дәмхана ғана емес, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, жастарға жаңа мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы зор нысан. Осындай іскер азаматтардың бастамалары ауылымыздың дамуына серпін беріп, тұрғындар үшін игілікке айналарына сенеміз, – деді Н.Сапаров өз сөзінде.
Дәмхананың иелері – Еркебұлан Қожбанов пен Айзада Әбілқайырова. 2022 жылдан бері шағын кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан олар ауыл халқына қолжетімді әрі дәмді тағам ұсынуды басты мақсат еткен. Жаңа нысан 8 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Кәсібімізді кеңейтуді көптен ниеттеніп жүрдік. Өзіміздің негізгі кәсібіміз де тез дайындалатын тағамдар жасауға, ауыл халқына дәмді тағамдарымызды ұсынуға бағытталған. Бүгін елімізге танымал брендтің франшизасын ауылымызға әкеліп, істі бастап отырмыз. Басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарына қалаға бармай-ақ, осында сапалы қызмет алуға жағдай жасау. Алдағы уақытта мәзірді кеңейтіп, отбасылық кештерге ыңғайлы жағдай жасаймыз. Ауылымыздың өркендеуіне аз да болса үлес қосу – біздің азаматтық борышымыз,-деді дәмхана иелері.
Жаңадан ашылған CHICO CHICKEN fast food дәмханасы – ауыл тұрғындары үшін тек ас-су орны ғана емес, жастардың бас қосатын сүйікті мекеніне айналары сөзсіз. Мұндай игі бастамалар ауылдағы кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын көрсетіп, елдің әлеуметтік өміріне тың серпін беруде.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ