№8 ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТҮЗЕУ КАБИНЕТІНІҢ АШЫЛҒАНЫНА 20 ЖЫЛ ТОЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ «КЕДЕРГІСІЗ БІЛІМ БЕРУ, САПА МЕН ҚОЛЖЕТІМДІЛІК» ТАҚЫРЫБЫНДА ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ.
Аталмыш семинар педагогтердің ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға түзете дамыту жұмыстары арқылы психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудің тиімді әдіс- тәсілдерімен бөлісу, педагогикалық шеберлікті жетілдіру, сондай-ақ оқытудың инновациялық технологияларын меңгеру арқылы педагогтердің білім беру мен тәрбиелеу сапасын арттыру мақсатын көздеді. Семинарға облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының инклюзивті және арнайы білім беру бөлім басшысы Гүлжанар Меңдігерейқызы және басқа да аудан, қалалық бөлім басшы- мамандары, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, осы салада еңбек еткен зейнеткерлер қатысты.
Облыстық семинарды аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Берікқызы ашты. Бүгінде құрылғанына 20 жыл толып отырған №8 психологиялық- педагогикалық түзеу кабинетінің алғашқы құрылған жылдарын, тарихы туралы әңгімелеп өтті. Сондай-ақ ол мекеменің алғашқы басшысы Асылбек Бисенғалиевті, сала мамандары Танзила Құспанованы, Бибігүл Мурзакаеваны Алғыс хатпен марапаттады. Одан әрі семинар сала мамандарының ашық сабақтарына ұласты.
Педагог-логопед Айгерім Арыстанова «Балалардың сөйлеу тілін дамытудағы интеграциялық әдістер» ашық сабағын өткізді. 5 жастағы Мұхамбетали есімді бала сабаққа белсене қатысты. Мұғалім алдымен баланың сөйлеу тілін жаттықтыруға тырысты. Сабақта тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған шәкіртін марапаттады. Айгерім Арыстанованың логопед болып жұмыс істегеніне 10 жыл болыпты. Логопедтің балалармен тығыз байланыста жұмыс істеуіне қатысушылар риза болды. Сонымен қатар педагог-логопед Назерке Самешова «Су терапиясы», педагог-дефектолог Альмира Күнтазиева «Қарапайым математикалық амалдар», педагог-дефектолог Айым Өтеғали «Координацияны дамыту жұмыстары» тақырыптарында ашық сабақтарын беріп, көпті тәнті етті.
Педагог-логопед Толғанай Ибатуллинаның «Сөйлеуді дамытудағы әдіс-тәсілдер тиімділігі» ашық сабағында екі оқушы артикуляциялық жаттығуларды музыкамен бастап кетті. Сурет бойынша берілген сөзді табуда Қазына мен Фатиха есімді қыздар мүдірмеді. Мәселен, қоршау, түтікше, ат, сағат, тосап, кесе деген сөздерді музыка әуенімен мұғаліммен бірге айтып, жаттығу жасады. «Белдік» ойынышапшаңдықты талап етсе, құм терапиясында құм астындағы суреттерді табу тапсырмасы болды. Толғанай Ибатуллина озық шыққан шәкірттерін марапаттауды ұмытпады.
Педагог-психолог Жайнар Тулегенованың «Күз-ғажайып әлем», педагог-дефектолог Нұршат Рысқалиеваның «Үй жануарлары», тәрбиеші А.Құрманғалиеваның «Ертегілер елінде: «Бауырсақ» ертегісі желісінде» ашық сабақтары да сәтті, есте қаларлықтай болып өтті.
Соңғы бөлім балалардың құттықтауына, ән-шашуларға, ақ тілектерге ұласты. Диана Беделова «Отан» әнін шырқаса, ұстаздар мен балалар «Ұстазым» әнін орындады.
Атырау облысы білім беру басқар- масы әдістемелік орталығының инклюзивті және арнайы білім беру бөлім басшысы Гүлжанар Кубиева облыстық семинарды қорытындылап, өзі бірнеше сабаққа қатысқанын, білікті мамандардың ашық сабақтары ойдағыдай шыққанын, жалпы ерекше балаларды қатарға қосу осы сала мамандарының арқасы екенін айтып, ризашылығын білдірді. Ашық сабақ өткізген А.Меңдібайқызы, А.Арыстанова, Н.Самешова, А.Рафикқызы. Т.Ибатоллақызы, Ж.Тулегенова, Н.Рысқалиева, А.Күнтазиеваларды марапаттады. Облыстық семинарды ұйымдастырғаны үшін облыстық Білім беру басқармасы атынан мекеме басшысы Н.Тілеубергеноваға да Алғыс хат тапсырды.
Мекеменің ашылуына ұйытқы болған алғашқы директоры Асылбек Бисенғалиев та құттықтап, естеліктерімен бөлісті.
Бұрынғы қызметкер Бибігүл Мурзакаева, Танзила Құспановалар да қызмет еткен жылдарын сағынышпен еске алып, ұжымға ескерткіш сыйлықтарын ұсынды.
Индер ауданының №7 психология- лық-педагогикалық түзеу кабинетінің басшысы Тұрсын Даулетқалиева да ашық сабақтардан жаңаша инновациялар көргенін, алдағы уақытта жасанды интеллектпен жұмыс жасалса деген ұсынысын білдірді. Басқа да қатысушылар ұжымға толайым табыс- тар тілеп, жиырма жылдық белесімен құттықтады.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА