Ұстаздың ісі ұлағат

Ақтоғай орта мектебінде ардагер-ұстаздардың қатысуымен тағылымды шара өтті. Бұл шараның жасөспірімдерге берері көп. Себебі шара аясында 2025 жылдың 27 тамыздағы Ақтоғай орта мектебі №1 педагогикалық кеңесінің шешімімен 1981 жылы мектеп құрылғанда іргетасын қалаған ұстаздардың бірі, білім беру ісінің озық қызметкері, мектеп директоры және оқу ісінің меңгерушісі болған Мұқажан Жүнісұлы Жүнісовтың атындағы география пәнінің оқу кабинеті салтанатты түрде ашылды.

Мұқажан Жүнісов 1933 жылы Гу­рьев облысы, Исатай ауданы, Новобо­гат селолық советінің жерінде дүниеге келген. Папанин атындағы жеті жылдық мектебінде оқып, Амангелді атындағы орта мектептің толық курсын аяқтаған.

1951 жылы Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтының «Жараты­лыстану және география» бөліміне оқуға түсіп, 1953 жылы «жаратылыстану және жағрафия» мамандығын алып шыққан. 1955-1961 жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал мемлекеттік институ­тында оқып, география пәнінің мұғалімі мамандығын алған. 1970-1972 жылдары партия комитетінің жанындағы Марк­сизм-Ленинизм университетінде оқып, партия оқуы жүйесінде жоғары саяси білім алып шыққан.

Еңбек жолын қазіргі Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Бегайдар елді мекенінде болған Чкалов атындағы жеті жылдық мектебінде хи­мия-биология, география пәндерінің мұғалімі болып бастаған. 1964-1965 жылдары Чкалов орта мектебінің пан­сионында директор, 1970-1981 жылда­ры Амангелді орта мектебінде мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, 1981 жылдың 7 желтоқсанынан 1987 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Ақтоғай орта мектебінің директоры қызметін атқарған. Ал 1987-1993 жылдары мек­теп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып, еңбек етіп, география пәнінен сабақ берген. 1982-1989 жылдар аралығында Ақтоғай селолық советінің депутаты болып. 1995 жылы зейнеткерлікке шығады.

2004 жылы үздік мұғалімдер қатарында Атырау облысы мұғалімдерінің энци­клопедиясына есімі енген. 1970 жылы «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл» медалімен, 1972 жылы «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен және 1965 жылдан 1989 жылдар аралығында Партия оқу жүйесі насихатында болып, насихатшылық жөніндегі облыстық партия комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2010 жылы өмірден өтті.

Шараға Мұқажан Жүнісұлының өмірлік жары Рысханым Сүндетқалиқызы ұрпақтарымен бірге келіп, ізгі лебізін айтып, ақ батасын берді. Рысханым Сүндетқалиқызы да Ақтоғай орта мектебінде 1981-1986 жылдары бастау­ыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Сонымен қатар бұл шараға мектебімізде қолтаңбасы қалған бірқатар ардагер- ұстаз шақырылды. Атап айтсақ, кезінде Аққыстауда оқу ісінің меңгерушісі болған Жансих Маштахов, мектеп ди­ректоры болған Қазбек Сатқанбаев, орыс тілі пәнінің мұғалімі болған Әлия Қалыбекова, математика пәнінің мұғалімі болған Орынша Шолахова, бастауыш сы­нып мұғалімі болған Әмина Түйешиева және Та­мара Сұлтанғалиева, биология пәнінің мұғалімі Мария Аташева, физика пәнінің мұғалімі болған Оңаш Сағындықова (М.Жүнісовтің келіні) тәлімгері әрі ұстазы болған Мұқажан Жүнісұлы ту­ралы естеліктерімен бөлісті. Ауыл әкімі Есім Бекжанұлы, ауылдық мәдениет үйінің басшысы Қаламқас Ризуанқызы мен «Жас дәурен» балабақшасының меңгерушісі Жанаргүл Зейноллақызы құттықтау сөздерін сөйледі.

Кезінде Мұқажан Жүнісұлынан тәлім алып, қазір де ізін жалғап, гео­графия пәнінің мұғалімі қызметін атқарып жүрген шәкірті Атырау қалалық Т.Амандосов атындағы орта мектебінің мұғалімі Мүслима Толыбайқызы ауыл әкіміне мектеп­ке Мұқажан Жүнісовтің есімін беру жөніндегі ұсынысын білдірді.

Бұл шағын ғана ауылдың мектебінде өткен тәрбиелік мәні зор шара болды. Шара барысында үлкендерге көрсетілген құрмет, ардагер ұстазымыздың өмір жолы өскелең ұрпағымызға үлгі-өнеге болды деген сенімдеміз.

Ж.ІЗҒАЛИҰЛЫ,

Ақтоғай орта мектебінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT