Сексен жылдан астам тарихы бар аудандық «Жайық шұғыласы» газеті – жай ғана басылым емес, ол ауданның көп жылғы шежірелі тарихын, тыныс-тіршілігін, айшықты оқиғаларын, өркенді өзгерістерін сүбелі сөзімен үздіксіз қалың оқырманға жеткізіп келе жатқан төл басылым.
Бір өкініштісі, төл басылымға жазылуға келгенде жергілікті халықтың құлшынысы өте төмен. Ауданымызда отыз мыңнан астам халық бар десек, газетке жазылушылардың саны сол отыз мыңның он пайызына да жетпей отыр.
Рас, қазіргі таңда цифрлық технологияның қарқынды дамуынан қоғамда баспасөзге қатысты түрлі жаңсақ пікірлер қалыптасқан. Соған қарамастан, газет халықтың үні ретінде өз құндылығын жоймай келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Мерзімді баспасөз мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді» - деп баспасөздің мән-маңызын ерекшелеп берген болатын.
Билік пен бұқараның арасында алтын көпірге айналған жергілікті басылымға әрқашан қолдау білдіріп, тұрақты жазылып келе жатқан оқырмандарымызға шын жүректен алғыс білдіреміз. Осы орайда, газетімізге өзі ғана жазылып қоймай, өзгелерді де тегін жаздыруға демеушілік көрсететін кәсіпкерлер туралы айтып, көпшілікке үлгі етсек артық болмас.
Әрқашанда игі істің басы-қасынан табылатын ауылымыздың белсенді азаматы, кәсіпкер «Досқайыров» шаруақожалығының жетекшісі Мұрагер Жеңісбайұлы тағы бір қайырымды қадамымен көпшіліктің ризашылығына бөленді. Ол баспасөзге жазылу науқанында 20 ардагерді аудандық «Жайық шұғыласы» газетіне тегін жаздыруға демеушілік көрсетті. «Жақсының жақсылығын айт нұры тассысын» дегендей, біз жергілікті кәсіпкер Мұрагердің газетімізге қолдау білдіріп әрі аға буын өкілдеріне көрсетіп жатқан осындай құрметі үшін алғыс білдіреміз. Лайым, елінің қамын жейтін осындай жанашыр азаматтарымыздың қатары көп болғай!
Б.САПАРОВА