Қос ауылда қордаланған мәселе көп

Аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев Бейбарыс ауылдық округінде тұрғындармен кездесіп, қордаланған мәселелеріне құлақ түрді.

Аудан басшысы Қ.Есқабылұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспар­лар жөнінде кеңінен баяндады. Оның ішінде Бейбарыс ауылы электр желілерінің құрылысы 80 пайызға аяқталғаны, Талдыкөлдің 800 м жолы, көпір жөндеуімен ЖСҚ-ға түзету жұмыстары жүріп жатқаны және ауылішілік жолдарының аяқталғаны баяндалды. Со­нымен қатар тұрғындарды мазалаған Талдыкөлдегі су та­зарту қондырғысында күрделі жөндеу жүргізу көзделіп, жазғы су тоқтап тұрғаны да айтылды.

-Талдыкөл орта мектебі жай жөндеуден өтетін болды. Жаңадан Талдыкөл фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріліп, жұмыс жа­сауда. Төрт ауылға мәдениет үйін салу көзделіп отыр, оның ішінде Талдыкөл де бар. Алдағы уақытта Алға, Бейба­рыс ауылдарында шағын спорт кешені салынатын болады, -деді Қ.Нұрлыбаев. Одан әрі тұрғындар өздерін толғандырған бірқатар мәселелер бойынша сауалдарын қойып, аудан әкімінен нақты жауаптар алды.

Бейбарыс ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы С.Мұқашев көп жұмыстар атқарылғанына ризашылығын білдіріп, жағалауды бекіту жұмыстарына қаражат бөлініп, жұмыстарын тезірек бастап кетсе деп алаңдаушылық білдірді.

- Ауылдан спорт кешені салын­са, ескі мектеп орындары бұзылып, саябақ салынса, ауылдан жастар даму орталығы бой көтерсе. Болашақ жастар орталығының ішінде дәріхана, шашта­раз, емделу, массаж, логопед болса, басқа да үйірмелер-робототехника, компьютер орталығы, кітапхана, бан­комат орнатылса жақсы болар еді. Тағы бір мәселе – жаңа жерге электр жарығы, газ желілері тартылса, үйлер салынып жатыр, енді су қосылса. Бәрінен де ауылда жарық мәселесі қинап тұр. Жиі жарық сөнгендіктен тұрмыстық техникалар жанып кетіп жатыр. Салдарынан таяуда өрт бол­ды ауылда. Махамбеттен қосқанмен, ұялы байланыс тағы жоқ. Осындай қиыншылықтар барын жасырмаймын. Тағы бір айтарым, ауылда қалып қойған асфальттануы тиіс жолдар бар,-деді ар­дагер С.Мұқашев сөзін қорытындылап.

Ардагердің сауалына жауап бер­ген аудан басшысы жаға бекіту жұмыстарына қаражат республика­дан, облыстан, Төтенше жағдайлар министрлігінен бөлінетінін айтты. Алға ауылына ТЖ министрлігі арқылы сұраныс берілгенін, бәрі қаржы бөлінуіне қарай екенін еске салды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы А.Шакимов спорт кешенін салудың өз нормалары барын, БҚО-да үш ауылға шағын спорт кешені салынғанын ба­рып көргенін, зерделеу жұмыстарын жүргізгенін айтып, жаңа спорт кешенінде қандай залдар болатынын да атап өтті.

- Талдыкөлге спорт кешенін келер жылы саламыз. Бұзылған мектеп ор­нына жастарды дамыту орталығын, саябақ салу, дәріхана, шаштараз ашу – бәрі коммуналдық меншікке қатысты да тың, жақсы идея екен. Ауылдан сол ғимараттарды салып беретін демеушілер табылса, бұл ша­руаны бірігіп, ақылдасуға болады. Ақсақалдың айтуы орынды. Бәрі де күнделікті тұрмыс үшін ауылға керек нәрсе,-деді Қ.Есқабылұлы.

Ал, жарықтың жиі сөнуі, жаңа жерлерді электрлендіру мәселесі туралы сұраққа «Атырау-Жарық» АҚ Махамбет филиалының бас инженері М.Құмаров жауап берді. Ол Бейбарысқа жарық Алмалы жақтан, қаладан келетінін, өткен жылғы су тасқынынан жарық линияларына көп зақым келгенін айтты. Бейбарыс округі жарықты 35 мыңдық линия­дан алатындықтан көбінесе қаладан сөнеді екен. Бас инженер жарық жүйелеріне, ескірген желілерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, алға қарай бәрі реттелетін болады деді. Ұялы байла­ныс нашарлығына байланысты сауалға жиынға келген аудандық Казтелеком маманы ұялы байланыс операторлары, актив операторы Казтелекомға жат­пайтынын айтты.

Аудан басшысы бұрын да ұялы бай­ланыс тек Қазтелеком арқылы жұмыс жасағанын, жағдайлары жақсарған соң бөлініп кеткенін, қазір әртүрлі байла­ныс операторлары қаптап кеткенін ай­тып отыр.

Талдыкөл ауылының тұрғыны Ж.Ысқақов ауылда екі жылдан бері жыр болған, шешімін таппаған жол, су, спорткешен, күрес секциясы­на жаттықтырушы, балабақшаға тәрбиеші, спорт алаңы, бейіттер қоршалмауы, дәрігер, қан алатын зерт­хана медбикесі мәселелерін көтеріп, санамалап айтып шықты. Тұрғын са­уалына жауап берген аудан басшы­сы Талдыкөлге 1 млрд, теңгеге жол жұмыстары жасалатынын, бетіне толық төсеме салынатынын, ЖСҚ об­лыстан шыққанын, қосымша келісімге келген соң мердігер алаңсыз жұмыс жасауы тиістігін еске салды.

Аудан басшысы «балабақша қасында арнайы көлік тоқтайтын жер (пар­ковка) керек» деген сауалға кезінде тек көшелерге асфальт салынғанын, кірмежолды жасап келе жатқан мердігермен келісіп, көлік тұрағын жасауға болатынын айтты.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері М.Ілиясұлының айтуынша: «Айналай­ын» бөбекжайы 2019 жылы ашылып, 160 орындық балабақшада бүгінде 110 бала тәрбиеленіп жатыр. Бірақ тәрбиеші жетіспегендіктен кәсіби маманға конкурс, әлеуметтік желіге хабарландыру жарияланған және ол маман жергілікті жерден болса деп отыр.

«Айналайын» бөбекжайының меңгерушісі С.Серікқалиқызы бұл балабақшада 2023 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, тәрбиеші жоқтықтан бір топ жабылып қалғанын, білім бөліміне, ауылдық округ әкіміне хат жазғанын, талапқа сай тәрбиеші маман табылмай тұрғанына қынжылыс білдірді. Аудан басшысы қалайда балабақшаға тәрбиеші маманды іздеп табуды, нағыз болмаса басқа облыстан қарауды, әсіресе, оңтүстік өңірден шақыруды тапсырды.

Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ж.Берікқалиұлы спорт алаңына байла­нысты ойын білдіріп, спорт алаңының құрылысын аяқтауды мердігерге сот­пен міндеттелгенін, қирағандарын да қалпына келтіру ұсынғанын айтты.

Бейбарыс ауылдық округі әкімі С.Зұлқашев су жағасына дамбылар соққан мекеме зиратты да қоршауды міндетіне алғанын мәлімдеді.

Аудандық аурухана директорының емхана жөніндегі орынбасары Б.Сақтапова аудандық аурухана­да қан анализдерін алатын зертхана ашылғалы жатқанын айтты. Бүгінде құжаттары рәсімделіп, алдағы күндері лаборатория ашылған соң анализ­дер ауылдық емханадан ауданға та­сымалданатынын қаперге берді. Дәрігер Балымгүл Сақтапова ауылдан тұрғындардан арнайы қан алып, оны ауданға тасымалдайтын медбике бола­тынын, сонымен қатар аудандық емха­надан гемодиалез ашылып жатқанын хабарлады.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары А.Сейлова инватакси жұмысы жүріп жатқанын, ол үшін инватаксиге әр тұрғын сұраныс беруі керектігін, учаскелік дәрігерінен 026 формасын алып, ВКК-ге өтініш беретінін қаперге берді.

Аудан әкімі қай ауылдың да мәселесімен жете таныс екенін, қашанда проблемаларын шешуге ты­рысатынын, көп тұрғындар мәселесін ватсап, телеграмға жазғанымен бәрі де заң аясында шешілетінін, халықтың қойған мәселесі демеушілікпен, бюд­жетпен болсын жасалатынын айтты.

Ауыл тұрғыны А.Салихов үйде кәріз суын құятын орын толып кеткенін, оны соратын ваккум автокөлігі жоқ екенін, ауылдан лас су құятын жер бөлінсе деген ұсынысын тастады. Ауыл тұрғындарынан естуінше лас суды Атырауға немесе ауданға апарып төгу керек. Сондай-ақ Қарабайда екі бейіт барын, өткен жылы тасқында ол суға кеткенін, сол мәйіттерді де қоршаса дейді зейнеткер. Округ әкімі С.Зұлқашев зираттар тек топырақпен қоршалатынын, Қарабайдағы бейіттер Сарайшық ауылының балансына жа­татынын, «Первомайский» ЖШС жері болғандықтан ол жерге құзыреттілігім жүрмейді деп жауап берді.

Қайрат Есқабылұлы лас суды кез келген жерге төгуге болмайтынын, жер кодексі, экологиялық кодекс де­ген барын, егер төксеңіз айыппұл са­лынатынын, ауданда кәріз суларын та­зарту (КОСС) енді салынатынын, ауыл тұрғындары кәріз суларын Атырау қаласына апарып төгетінін қаперледі.

Ауыл тұрғыны Б.Избасарова ауыл мен қала ортасына маршруттық 45 орындық автобус шығарғанына алғысын жаудырып, енді кісі жина­лып тұратын бір аялдама керектігін, 2х4 жол белгісін орнатса, өйткені, жаяу жүргіншілер жолымен көліктер қатты жүретіндіктен жол белгісі ауадай қажет деп отыр. Аудан басшысы бір аялдама қоюға болатынын, Сарайшық, Алғаға да аялдамаға сұраныс беретінін жеткізді. Учаскелік полиция инспек­торы Есболат Жексенгулов өтініш берсе, заң аясында шешілетінін, көше тұрғындары, мәдениет үйі директоры болсын өтініш беруі керектігін, жалпы жол белгісі балабақша, мектеп алдына ғана қойылатынын айтты.

Жеңістің 80 жылдығына орай облыстық ардагерлер ұйымы аты­нан ауылдың ардагерлері – Жамиға Төресаева мен Серікқали Габдуллин «Ар мен даңқ» медалімен марапаттал­ды.

Кездесу соңында Қ.Нұрлыбаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, сауалдар бойынша кеңес беріп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT