Бір кездері әке-шешеміз, тіпті ата-әжеміз қол ұстасып қыдырған, аудан орталығындағы «Канцев» саябағы бірер жыл бұрын қаңырап бос жатқан.
Ауласында өскен аз-мұз ағашты да ауыл ішін кезген төрт-түлік мал жеп, өсуге мұрша бермейтін. Бүгінде бақтың келбеті мүлде басқа. Ол, әрине жергілікті кәсіпкер, ауыл тұрғындарына жақсы танымал, он саусағынан өнері тамған шебер азамат Әділбек Губашевтің еңбегі.
-Ес біліп, мектепке барғаннан Махамбеттің тұрғынымын. Ауылымыздың бір кездегі әсем көркі әлі күнге көз алдымда. Тіршіліктің қамымен жүріп аңғармайды екенбіз, алайда осыдан 3 жыл бұрын жергілікті әкімдіктен КЖО-ның алдына ағаш отырғызу туралы ұсыныс түскенде ойланып қалдым. Жол бойына екі ағаш еккенше, есігімнің алдында тұрған Канцев саябағын неге бұрынғы қалпына келтірмеске деген ұсынысымды айттым. Олар да мені бірауыздан қолдап, осы аумақты өз қамқорлығыма алуға рұқсат етті. Содан бері, қолым қалт етсе, осы баққа келіп, ауласын тазалап, суын жүргізіп, қоршауын жөндеп, жас көшеттер әкеліп отырғыза бастадым. Бүгінде жалпы саны 70-80 дей жеміс ағаштары бар. Жыл сайын жерін тыңайтып, аумағын кеңейтіп, жас талдарды қатарға қосып жатырмыз. Өткен жолы аудан әкімі де арнайы келіп, жұмысыма оң бағасын беріп кетті. Әйтсе де мақсатым - алғыс алу емес, ауылымызды көгалдандыруға өз үлесімді қосу, жастарға үлгі көрсетіп, жақсылыққа тәрбиелеу-, дейді қашанда қарапайым келбетінен айнымайтын ағамыз.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп саябақтың жұмысына Әділбек ағаның балалары да қолғабыс етіп тұрады. Бірақ, саябақтың қоршауын бұзып, малын кіргізіп, ағашын сындырып кететін тұрғындардың бары да өтірік емес.
«Күні-түні күзетіп жүрсем де бір зиянын тигізіп кетеді.Сондықтан бұл жерді әзірге ағаштары өсіп кеткенше халық демалатын орынға айналдыру ерте» - деп санайды кәсіпкер.
А.Сатаева