Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің халықаралық тәжірибесі қандай? Талдау барысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін жеке меншікке беру, негізінен Еуропа елдерінде енгізіліп отырғандығын көрсетті.
Ресми деректерге сүйенсек, Польша, Венгрия, Румыния және Болгария тәрізді Шығыс Еуропа елдерінде жеке меншікке иелену құқы 3-5 жылға дейін сату құқығына тыйым сала отырып енгізілген. Мемлекет жерге деген жеке меншік иелікті қолдай және қорғай отырып, оны пайдалану және тұтынуды бақылау қызметін өзіне алады. Жерге меншік туралы сұраққа осы тұрғыдан келу, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өте ұқыпты және қоғам мен экономиканы тұтастай алғанда игілікті болып, сол арқылы жерді тұрақты айналымға түсіруді қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің жеке және мемлекеттік меншігін тең құқылы дамыту Бельгия, Швеция, Ресей, Италияда бар. Бельгияда жалға беру қатынасын реттеу жертелімдерін ұтымсыз және мақсатсыз пайдалануды, жер иелігіндегі алпауыттарды болдырмау мақсатында мемлекет арқылы жүзеге асырылады.
Швецияның жерінің 43%-ы немесе 19 млн. га жекеменшікте, ал қалған жерлер пайдалануда. Италияда жерлер пайдаланылып, айналымда болуы үшін фермер шаруашылықты тиісті дәрежеде жүргізбесе, тиімді қолданушыларға жер телімін мәжбүрлі тәртіпте жалға бергізу (сату) қолданылады. Түрлі санаттағы жерді мақсатты пайдаланудың қатал шарттары енгізілген, оның ішінде территорияны зоналауды есепке ала отырып анықталатын, жер пайдаланудың белгіленген ережелерін бұзғаны үшін экологиялық сипаттағы санкциялар бар. Мәселен, Ресейде шетелдіктерге жалға беру мерзімі 49 жылды, ал Біріккен Араб Әмірліктерінде 99 жылды құрайды. Қазақстан Республикасы Президентінің 5 институционалды реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әр тараптандыруға негізделген индустрияландыру және экономикалық өсу тарауының 35 және 36 тармақтарымен жерге қатысты тапсырмалар белгіленген болатын. 2017 жылы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімімен 2 мәрте конкурс ұйымдастырылып, оған 14911 гектарды құрайтын 68 жер учаскелері шығарылды. Өткізілген 2 конкурс нәтижесінде 56 қатынасушы конкурс жеңімпаздары болып танылып, 11367,5 га жерлер 10 жыл мерзімге жалға берілді. Ауданның жалпы көлемі 961,7 мың гектарды құрайды. Оның 206 мың гектары – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Күні бүгінге жерді өз мақсатында пайдаланбай жатқан жалпы көлемі 49 736 гектар жерді иеленіп отырған 442 жер пайдаланушылар анықталды. Бұқаралық ақпарат құралдарында олардың жер аумақтарының көлемі көрсетілген тізімі жарияланды және әрқайсысына жазбаша ескерту берілді. Осы жұмыстың тиімділігін арттыру және түпкілікті мақсатқа жету үшін әлеуметтік желілерде де (Фейсбук, Ватсап) жерді пайдаланылмай отырған азаматтардың тізімі жәрияланды.
Айта кетуіміз керек, газет беттеріне және әлеуметтік желілерге жарияланғаннан кейін еліміздің түпкір-түпкірінен (Астана, Алматы, Ақтау және басқа да қалалардан) қоңыраулар шалынып, қозғалу басталды. Сонымен қатар олардың тізімі Атырау облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын қадағалау басқармасына жолданды. Прокуратура, сот органдарымен бірлесіп алынған шаралардың нәтижесінде 137 жер пайдаланушылардың 19237 га жер учаскелері мемлекетке кері қайтарылды. Қалған 305 жер пайданушылардан 30499 га жерлерді қайтару жұмыстары жүргізілуде. Айтар болсақ, 2017 жылы берілген жазбаша ескертулер негізінде ауыл шарауашылығы мақсатына берілген 5 жер учаскелерін мәжбүрлі түрде қайтару туралы сот органдарына 6 талап арыз (Ж.Кусайнов, Л.Тухфатова, .Р.Шайхмеденова, К.Касымов) жолданып, нәтижесінде 289 га жер учаскесі бойынша талап арыз қанағаттандырылды. Бұл жұмыстар бойынша алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, әрмен қарай жетілдіріледі. «Жер - ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы - халықтың меншігі» деп Елбасымыздың сөзімен түйіндегім келеді.
Ғибрат МЫРЗАҒАЛИЕВ,
аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы.