«Жемнің лебі»: Сарайшықта жылыойлық суретшілердің көрмесі ашылды

Фото автордікі

Хан ордалы Сарайшықтың төрінде жылыойлық суретшілердің «Жемнің лебі» атты көрмесі ашылды. Көрме бұлақтай ағып жатқан мұнайымен, Алтын адамымен танымал болған Жылыой ауданының 95 жылдығына арналды.

Шараның ашылу салтанатына қатысқан «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директоры Әбілсейіт Мұқтар, аудандық ішкі саясат, мәдениет тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асылжан Қайырғалиев,  ҚР суретшілер және дизайнерлер Одағының мүшесі Серік Мәтениязов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Көрменің лентасын қию рәсімін орындау құрметі ардагер суретші  Рзабай Оразғалиев және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хадим Сисенғалиевке ұсынылды.

– Жылыой ауданының 95 жылдығына орай ауданда көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Ауданның атын асқақтату мақсатымен бір топ суретші болып, көшпелі көрме ұйымдастыруға шешім қабылдадық. «Сарайшық» музей-қорығының директоры Әбілсейіт Қапизұлы мен әріптесіміз Отарбай Кендірдің шақыруымен көрмемізді Сапар орталығына алып келдік. Көрме бір ай көлемінде келушілерге ұсынылады. Бұл жерде графика, кескіндеме, мүсін және тоқыма бұйымдары қойылған,- дейді С.Мәтенизов.

Қатысушыларды бастап келген талантты мүсінші, Еуропаны мойындатқан Серік Мәтениязовтың сомдаған туындылары облысымыздың әр өңірінде тұр. Талай республикалық байқау көрмелердің жеңімпазы атанды. Мүсіншінің шығармашылық зертханасынан халық батыры Исатай Таймановтың, күй атасы Құрманғазының, ұлы ақын Абайдың, Кеңес Одағының Батырлары Қайырғали Смағұлов пен Мұса Баймұхановтың, қазақтың көрнекті ақындары Хамит Ерғалиевтың, Жұмекен Нәжімеденов пен Меңдекеш Сатыбалдиевтің мүсін-бейнелері өмірге келді. Әр жылдардың жемісіне айналған бұл мүсіндердің бірі мәрмәр тастан, енді біреулері темір бетоннан салынды. Сарайшықтағы көрмеге де ерекше туындыларын ала келіпті.

Махамбет ауданының орталығына қойылған, тұғыры темірбетоннан құйылып, гранитпен қапталған қазақтың өр рухты ақыны, халық батыры Махамбет Өтемісұлына ескерткішінің де авторы – Серік Мәтениязов. Өшкен тарихты қайта тұтатып, өлген тұлғаларды тірілту арқылы көптің назарын осындай игілікті істерге жұмсауда, талай ұмыт бола жаздаған бабалар мен исі қазаққа танымал қайраткерлерді ортамызға оралуда мүсіншінің айрықша үлесі мен қажырлы еңбегін атап өткен ләзім.

– Бүгінгілердің міндеті – ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. Осы арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу керектігін де ескеру қажет. «Өлі жебемей, тірі байымайды» демекші, қазақтың Алашқа әйгілі арыстарының рухын тірілтіп, салт-дәстүрімізге, тарихымызға қатысты деректерді мүсін тілімен сөйлету – менің басты мақсатым,- дейді жылыойлық мүсінші.

Көрмеге «Қолөнер дауысы» өнер фестивалінің Гран-при иегері Рзабай Оразғалиев, ҚР Суретшілер және дизайнерлер Одағының мүшесі Ләззат Мамырова, музейдің жөндеуші-суретшісі Қосқұлақ Қыдыров, облыстық фестивальдің жеңімпаздары – Бағытжан Дәумегенов пен Нұргүл Елтезерова, графика дизайнері, облыстық қолөнершілер байқауының лауреаты Қуаныш Шалабаев, №13 орта мектептің сурет пәнінің мұғалімі Нұрила Мақсотова және аймақтық көрменің дипломанты Мұрат Исмағұловтың туындылары қойылды. Әрбір суретшінің, әрбір картинаның өзіндік алған бағасы, өзіндік тарихи мәні, ұрпақ қажеттілігіне жарарлық құндылығы бар. Туынды авторларына «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы атынан алғыс хат табысталды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT