Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Махамбет ауданында болды

2023 жылдың 5 қарашасында республикада аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтеді.  Пилоттық режимде қолға алынған саяси дода елімізде үш қала мен 42 ауданда ұйымдастырылады. Биылғы сайлаудың бір ерекшелігі – әкімдердің халықтың тікелей таңдауымен сайлануы. Осыған орай  Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Әбдіров Нұрлан Әбдіров Махамбет ауданына іссапармен келді.

Төраға алдымен аумақтық сайлау комиссиясының жұмысымен танысты. Қашанда маңызды науқанға тыңғылықты дайындалатын ауданда орналасқан сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз ортаның барлық жағдайы жасалады. Барлық учаске бірінші қабатта орналасады. Пандустар, тактильді белгілермен жабдықталып, мүгедектігі бар адамдарды сайлау учаскелеріне тасымалдау үшін инватакси қызмет көрсетеді. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Шотпақовтың айтуынша, ауыл әкімдері сайлауы Махамбет ауданында жоғары деңгейде өткізіліп келеді.

– Қазақстанда ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі 2021 жылы іске қосылды. Осы жүйе бойынша Махамбет ауданына қарасты 7 ауылдық округтің әкімдері сайланды. Осы жылы Ақжайық, Бейбарыс, Махамбет, Ақтоғай және Бақсай ауылдық округі әкімдерінің сайлауы өтті. Халықтың дауыс беруі арқылы сайланған жаңа әкімдердің барлығы да – мемлекеттік қызмет саласында ысылған, білікті азаматтар. Осының ішінде Ақтоғай ауылдық округі әкіміне кандидат болғандардың үшеуі де – өзін-өзі ұсынғандар. Ал әкімдері 2020 жылы мәслихат депутаттарының дауыс беруімен таңдалған Алға мен Жалғансай ауылдық округтерінде келер жылы жаңа механизм бойынша сайлау өтеді,-дейді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Шотпақов.

Кейін Нұрлан Әбдіров аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, саяси партиялар, сайлауды жарықтандыратын БАҚ өкілдері, электоралды жаттықтырушылар, мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен байқаушылардың  қатысуымен семинар-кеңес өткізді.

– 2019 жылдан бастап аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қызметті кәсіби негізде атқаратын болды. Осы жылы төрағаның орынбасары қызметін қосты. Оған себеп – жалпыхалықтық референдумнан кейін Сайлау туралы Заңға көптеген өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев билік тізгінін ұстағаннан кейін «Әділетті Қазақстан» құру мақсатымен сайлау жүйесіне өзгерістер енгізуді ұсынды. Әсіресе, жергілікті жердегі атқарушы органның басшыларын, яғни әкімдерді халықтың тікелей даусымен сайлауы Президенттің көздегендерінің бірі болды. Нәтижесінде саяси реформаларға бетбұрыс жасалды. Аудан әкімдерін сайлау Қазақстанда алғаш рет өткізіледі және бұл еліміздегі жүріп жатқан реформаның қисынды жалғасы,- деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау қанатқақты режимде, ал 2025 жылдан бастап жаппай өткізіле бастайды. Алдымен облыс мәслихаттары облыс әкімінің ұсынысы бойынша аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың (облыстың әкімшілік орталығын қоспағанда) тізбесін және сайлау өтетін күнді бекітулері қажет. Кандидаттарды ауыл әкімдерін сайлау үдерісіндегідей, яғни тіркелген саяси партиялар және жоғары тұрған әкім ұсына алады.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT