Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына ең үлкен кедергі. Ол халықтың билікке деген сенімін азайтып қана қоймай, әділдіктің орнауына, жастардың болашағына да нұқсан келтіреді. Сондықтан жемқорлықпен күрес – тек заң орындарының емес, барша халықтың, әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті.
Жемқорлыққа қарсы мәдениет – тек заңды талап қана емес, ол әрбір мемлекеттік қызметшінің жүрегінде орнығуы тиіс өмірлік ұстаным. Егер мемлекеттік қызметші адалдық пен әділдікті ту етсе, халықтың сенімі артады. Әр мемлекеттік қызметші үшін берік ұстануы қажет қағидалар бар. Олар – адалдық, әділдік, жауапкершілік, ашықтық. Бұл дегеніңіз – қоғам мүддесін жеке бастың пайдасынан жоғары қою, қандай да бір шешім қабылдауда баршаға тең мүмкіндік беру, халық сенімін ақтау, мемлекет алдындағы парызын өтеу және әр қадамда жариялылыққа, есеп беруге дайын болу.
Мемлекеттік қызметші – халыққа тікелей қызмет көрсететін тұлға. Оның міндеті – қарапайым адамның мәселесін уақытында шешіп, қоғамның дамуына үлес қосу. Әрбір мемлекеттік қызметшінің сөзі мен ісі көпшілікке үлгі болуы тиіс. Азаматтарға қызмет көрсету орталықтарында құжаттар электронды түрде қабылданып, кезек күту уақыты қысқарды. Бұл – ашықтықты арттыруға, заңсыз кедергілердің алдын алуға үлкен қадам. Egov.kz электронды порталы арқылы қазір 80%-дан астам мемлекеттік қызмет онлайн түрде көрсетіледі. Бұрын бір анықтама алу үшін сағаттап кезекте тұрсақ, қазір бірнеше минутта телефоннан алуға болады. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің нақты мысалы.
Жемқорлықпен күресті тек қана заң орындарына тапсырып қоюға болмайды. Бұл – баршамызға ортақ іс. Қарапайым азамат та заңды білсе, қызметті ашық талап етсе, әділдік орнайды. Ал мемлекеттік қызметші адал болса, қоғам мықты, мемлекет тұрақты болады. Электронды қызметтердің дамуы, мемлекеттік органдардың есеп беруі, халықпен кездесулер – барлығы да әділ қоғам құруға бағытталған. Бірақ ең бастысы – әр адамның жүрегіндегі адалдық. Адал қызмет – әділ қоғамның кепілі. Әділ қоғам – мықты мемлекеттің негізі.
Ф.АРЫСТАНҒАЛИЕВА,
аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы