Халық денсаулығын қорғаудың тиімді жүйесі

Президент Жолдауынан кейін денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер болып жатыр? Медициналық сақтандыру жүйесінде қандай жаңа мүмкіндіктер бар? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап алу үшін біз «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалы директорының міндетін уақытша атқарушысы Айнұр Таңатарқызы Стамғалиевамен сұхбаттасқан едік.

– Айнұр Таңатарқызы, биылғы Жолдауда медицина саласына айрықша мән берілді. Осы орайда қор тарапынан қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Денсаулық сақтау – елдің тұрақты дамуы мен келешегі үшін аса маңызды сала. Сондықтан Мем­лекет басшысы бұл бағытты үнемі назарда ұстайды. Биылғы Жолдауда да медицина саласына заманауи тех­нологияларды, соның ішінде жасан­ды интеллектті енгізу тапсырылды. Бұл – медициналық көмектің сапа­сын көтеріп, халыққа қолжетімді ету үшін қажет үлкен қадам.

Қор осы тапсырманы жүзеге асы­ру үшін жедел әрекетке кірісті. Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне «Мониторинг» модулі қосылды. Бұрын емхана мен ауруханалардағы қызметтер жеке- жеке сарапталатын. Енді пациенттің алғашқы жүгінген сәтінен ба­стап, емделу жолының барлық кезеңдері бір жүйеде кешенді түрде бағаланады. Бұл тәсіл сапаны нақты бақылауға мүмкіндік береді. Қазір жүйеде 20-дан астам автоматты тексеру алгоритмі іске қосылған. Медициналық ұйым көрсеткен қызметтің заң мен стандарттарға сай екені автоматты түрде анықталады. Ақау болса, жүйе бірден белгілейді. Бұл тез әрі әділ сараптама жасауға мүмкіндік береді.

– Мұндай жаңашылдықтардың нәтижесі қандай?

– Қазіргі нәтижелер көңіл қуантады. Ақаулар саны азайды, медицина ұйымдары талаптарды бұрынғыдан мұқият орындай баста­ды. Бастапқы кезеңде біраз сұрақтар туындады – «Алгоритмдер қалай жұмыс істейді?», «Жүйедегі ескер­тулермен келіспесе не істеу керек?» деген сияқты. Осыған байланысты қор өңірлерде 20-дан астам оқыту мен түсіндіру жұмыстарын өткізді. Пайдаланушылардың ұсыныстары ескеріліп, жүйеге бірқатар өзгеріс енгізілді.

Тағы бір жаңашылдық – медициналық мекемелер тіркелген ақауға жүйе арқылы тікелей қарсылық білдіре алады. Құжаттарын тіркеп, өз уәжін жолдайды. Ол ақпаратты басқа облыстағы қор са­рапшылары қарап, шешім шығарады. Бұл – әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз ететін тиімді әдіс. Адам факторының әсері азаяды, ал сыбай­лас жемқорлық тәуекелі төмендейді.

Мысалы, осы жылдың шілде айын­да Атырау облысы бойынша жүйеде 21048 ықтимал ақау тіркелді. Оның 8936-сы расталды. Медициналық ұйымдар 794 ақау бойынша шағым беріп, соның 680-і негізді деп таныл­ды. Яғни жүйе тек бақылау ғана емес, әділетті кері байланыс та ұсынады.

– Жолдауда әлеуметтік осал топтарға көбірек қолдау көрсету туралы айтылды. Осы бағытта қор қандай шаралар қабылдауда?

– Міндетті әлеуметтік медици- налық сақтандыру (МӘМС) жүйесі ортақ жауапкершілік қағидатына негізделген. Бұл жүйенің басты мақсаты – ең алдымен халықтың әлсіз топтарын қорғау. 2020 жылдан бері жүйеге қатысушы азаматтар жарна көлеміне қарамай, кез келген медициналық қызметті тегін пайда­лана алады. Мемлекет 15 жеңілдік са­натына жататын азаматтар үшін жар­наны өзі төлейді. Олардың қатарында балалар, мүгедектер, зейнеткерлер, студенттер, көпбалалы аналар және тағы басқа санаттар бар. Сондай-ақ 2025 жылдың қыркүйегінен бастап скринингтік тексерулер барлық аза­маттар үшін, сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіле бастады. Бұл ауруларды ерте кезеңде анықтап, емдеуге мүмкіндік береді.

Қабылданған заң шеңберінде 2026 жылы МӘМС жүйесі жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейі (Д және Е санаттары) бар 1 миллионға жуық адамды қосымша қамтитын болады. Халықтың осы санаттары үшін жарналар осы азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін бо­лады.

Бұдан басқа жергілікті атқарушы органның жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін тікелей жауапкершілігін ескере отырып, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын төлеуге арналған шығыстар да жергілікті бюджеттерге жүктелетін болады.

– МӘМС пен ТМККК пакеттері біріктіріледі деген жаңалық тарады. Бұл қаншалықты рас және не үшін қажет?

– Иә, бұл – Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолда­уында айтылған маңызды тапсырма. 2026 жылдан бастап медициналық көмектің екі пакеті – Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС пакеті біртіндеп бірыңғай медициналық көмек пакеті ретінде біріктіріледі.

Бұл реформа медицинадағы қызметтердің қайталануын жоюға, көмектің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Бірыңғай пакетке ең негізгі қызметтер – шұғыл көмек, паллиативтік көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезіндегі алғашқы тексерулер, амбулаториялық дәрі-дәрмек кіреді. Ал МӘМС пакеті бұдан бөлек созыл­малы аурулар мен басқа да арнайы көмектерді қамтиды.

Мұндай жүйе қаржыландыруды тиімді бөлуге, сақтандырудың шынайы маңызын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

– Айнұр Таңатарқызы, сұхбат үшін алғыс айтамыз. Жаңа жүйенің халыққа тиімді боларына сенім мол. Қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!

– Рахмет! Халықтың денсаулығы – бәріміздің ортақ байлығымыз. Сондықтан бұл бағыттағы әр өзгеріс – болашақтың игілігі үшін жасалған қадам.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT