Жеке гигиена – басты қорғаныс

Педикулез – адамның терісі мен киімінде паразиттік тіршілік ететін бит жәндіктері туындататын жұқпалы ауру. Ауру тұрмыстық қатынас арқылы, яғни науқастың жеке заттарын қолдану, ортақ тарақ, сүлгі, бас киім пайдалану, сондай-ақ көпшілік орындарда адамдардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы кезінде жұғады.

Қоғамдық көліктер, білім беру мекемелері, хауыздар, дүкендер секілді адам көп жиналатын жерлерде жұқтыру қаупі жоғары. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жеке бас гигиенасының сақталмауы да педикулездің таралуына ықпал етеді. 

Аурудың алғашқы белгілері көбіне бастың артқы тұсы мен құлақ маңында сезілетін қышынудан байқалады. Бұл – бит шаққан кезде оның сілекейіне организмнің аллергиялық реакциясы. Уақыт өте келе шаштың түбінде ұсақ ақшыл түйіршіктер – ниттер анықталады. Олар шашқа берік жабысып тұрады және педикулездің ең айқын көріністерінің бірі болып саналады. Ауру асқынған жағдайда қышыған теріні жиі тырнау салдарынан жарақаттар мен қабыну ошақтары пайда болуы мүмкін. Кей науқастарда қызарып бөрту, түйінді дақтар байқалады. 

Педикулездің алдын алу үшін ең әуелі жеке және қоғамдық гигиена талаптарын сақтау маңызды. Денені жүйелі түрде жуу, киім мен төсек-орынды дер кезінде ауыстыру, оларды жоғары температурада жуу және үтіктеу – тұрмыстық деңгейдегі ең тиімді қорғаныс шаралары. Бөгде адамның тарағын, сүлгісін, бас киімін, құлаққабын немесе шашқа тағатын бұйымдарын қолданбау қажет. Балалардың да мұндай заттарды бөлісуіне жол бермеу – ата-ананың тікелей міндеті. Пайдаланылған төсек-орын, сүлгі және бас киімдерді міндетті түрде қайнату ұсынылады, ал шашты тексеру үшін ашық түсті мата үстінде тарау тиімді тәсілдердің бірі саналады. 

Уақытылы ем жүргізу аурудың таралу қаупін айтарлықтай төмендетеді. Баланың немесе ересек адамның шашынан бит табылған жағдайда дәрігерге қаралып, тиісті ем-дом алу қажет. Қазіргі таңда педикулезге қарсы лосьон, шампунь, гель, аэрозоль және май түріндегі заманауи препараттар кеңінен қолданылады. Оларды қолдану барысында нұсқаулық талаптарын қатаң сақтау керек. Ошақтарда төсек орын мен киімдерді дезинфекциялық камераларда өңдеу, отбасы мүшелеріне профилактикалық залалсыздандыру жүргізу маңызды. Педикулезбен зақымданған балалар санациядан кейін және тиісті медициналық анықтама ұсынылған соң ғана мектепке дейінгі немесе жалпы білім беру ұйымдарына қабылданады. 

Педикулездің алдын алу және оған қарсы санитариялық- профилактикалық іс-шаралар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 16 мамырдағы №ҚР ДСМ-44 бұйрығымен реттеледі. Биттің бөртпе сүзек пен кейбір жұқпалы қызба түрлерін тарата алатындығын ескерсек, бұл мәселе – тек тұрмыстық деңгейдегі гигиена емес, қоғамдық денсаулықты қорғаудың маңызды бөлігі. 


О.ЗИРЕК, 
аудандық санитариялық- эпидемиологиялық 
бақылау басқармасының 
басшысы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT