Жалғансай орта мектебінде АӘТД, дене шынықтыру, музыка және көркем еңбек пәндері бірлестігінің ұйымдастыруымен «Өнері мен спорты дамыған елдің өрісі кең» атты апталық мазмұнды да тартымды түрде өтті. Бір аптаға созылған шаралар легі мектеп тынысын жандандырып, оқушылардың қабілеті мен ынтасын жаңа қырынан танытуға жол ашты.
Апталықтың ашылуында оқушылар алдағы күндерге жоспарланған іс-шаралармен танысып, көңілді үзілістер мен түрлі ойындарға қатысты. Апта бойы спорттық жарыстар, шығармашылық сайыстар және ашық сабақтар ұйымдастырылып, әр күн ерекше көңіл күйге толы болды.
Спорттық сайыстар шараның көркін қыздырды. 4-5 сыныптар арасында өткен «Теңбіл доп» футзал турнирінде І орынды – 4 «а» сынып, ІІ орынды – 5-сынып, ІІІ орынды 4 «б» сынып жеңіп алды. Орта және жоғары буын мен ұстаздар қатысқан волейбол бәсекесінде 10-сынып – І, 9-сынып – ІІ, 8-сынып ІІІ орынға ие болды. 2-3 сыныптарға арналған «Спорт – сенің серігің» эстафеталық жарысында «Қайрат» тобы – І, «Жеңіс» тобы – ІІ, «Қыран» тобы ІІІ орындарды иеленді. Ал 6-7 сыныптар арасындағы футзал жарысында 7 «а» сынып оқушылары жеңімпаз атанды.
Шығармашылық бағыттағы жұмыстар да оқушыларға ерекше әсер сыйлады. Музыка пәні мұғалімі А.Кенжебаеваның ұйымдастырған «Әуенді тап» ойыны Абайдың әндері мен қара сөздерін қайта жаңғыртып, оқушылардың музыкалық талғамын кеңейтті. Көркем еңбек пәні мұғалімі Д.Кушенбаева өткізген «Нобай орындау» сабағында оқушылар топпен жұмыс істеп, эскиз жасау әдістерін меңгерді. АӘТД пәні мұғалімі Д.Жандарбеков 10-сынып оқушыларын мотоатқыш бөлімшенің құрылымымен таныстырып, әскери дайындыққа деген қызығушылығын арттырды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ә.Алданбаев 8-сыныпқа акробатикалық жаттығулар бойынша ашық сабақ өткізіп, оқушылардың ептілік, ширақтық дағдыларын дамытты.
Апталықтың ең әсерлі шараларының бірі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай әні – рухани мұра» атты әдеби-музыкалық кеш болды. Оқушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына толығымен үңіліп, оның мәңгілік мұрасын ән мен жыр арқылы көпшілікке паш етті. Айнара Нұрланқызы, Айша Есенғалиева, Имран Шамшиден, Сая Сәкенқызы бастаған өнерлі оқушылардың орындаулары көрермен тарапынан жылы ықыласқа ие болды.
Апталық соңында белсенділік танытқан оқушылар марапатталып, ұстаздарға алғыс хаттар табысталды. Бір аптаға созылған мазмұнды іс-шаралар легі оқушылардың рухани және тәндік дамуына оң ықпал етіп, өнер мен спортқа деген қызығушылығын арттырды.
А.КЕНЖЕБАЕВА,
Жалғансай орта мектебінің музыка пәні мұғалімі


