Жеңіс күніне арналды

Аудандық орталық кітапханада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты «Көңіл көзімен көр!» атты әлеуметтік-зияткерлік сайыс ұйымдастырылған еді. Бұл сайысты «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі филиалы аудандық білім бөлімімен, З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебімен бірігіп өткізген-ді. Әлеуметтік-зияткерлік сайысқа «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ-не қарасты мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен оқушылар белсене қатысты.

Сайысты «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ филиалы өкілі Гүлшат Иманалие­ва ашып, бүгінде қоғамда 30 адам ба­рын, бұл филиалдың өткізіп отырған ең алғашқы шарасы екенін тілге тиек етіп, барлық қатысушыларды Отан қорғаушылар, Жеңіс күндерімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Көзіңмен көр!» әлеуметтік- зияткерлік сайысына төрт коман­да қатысты. Әр команда тобына ат қойып, тобын, ұранын таныстыр­ды. Мүгедектер мен оқушылардан құралған «Жеңімпаз», «Жалынды жастар», «Жеңіс», «Ортақшыл» командалары өз тобын, ұранын таныстыруға көшті. Сайыстың екінші «Тыңда, ойлан, жауап бер!» бөлімінде әр топ жұмбақтар шешсе, үшінші «Сипап біл!» бөлімінде қалта ішінде жасырылған затты сыртынан ұстап көру арқылы ол қандай зат екенін табуы тиіс. Бұл тұста да ко­мандалар ұтқырлық танытты. Соңғы төртінші бөлім «Сөз ойынында» берілген әріптерден сөз құрастыра білді. Арасында көп сөз құрастырған командалар да болды. Қай команда да ұтқырлық танытып, жеңіске жету­ге тырысты.

З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары саз­ды бағдарламаларын ұсынды. Саян Жақсылық «Күнге табыну» әнін шырқаса, Динаның күйін, «Ерке сылқым» күйлерін күмбірлеткені көпшіліктің көңілінен шықты. «Жаңбырлы ғұмыр» әні де жиналғандарға жылылық сыйлады.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева жиналғандарды мерекемен құттықтап, балалармен бірге сонау балалық шаққа саяхат жасағандарын айтып, үлкен-кіші демей, сайысқа атсалысқандарына ризашылығын білдірді. Ол мүмкіндігі шектеулі жандармен бірге сайысқа атсалысқан бір топ оқушыны алғыс хатпен марапаттады. Атап айтсақ, Асылым Әбдешқызы, Елнұр Шай­мардан, Ерасыл Жұмабек, Ернұр Артемұлы, Каусар Ғалымжан, Гүлім Қайролла, Самал Талғатова, Гауһар Талғатова білім бөлімінің алғыс хаты­на ие болды.

«Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ фи­лиалы өкілі Гүлшат Иманалиева ша­раны өткізуге атсалысқан білім бөлімі басшысы Венера Берікқызына, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Шынар Хамитоваға «Қазақ соқырлар қоғамы» АҚ атынан алғыс хат тап­сырды. Осы шараны ұйымдастыруға атсалысып, демеушілік көмек қолын созған кәсіпкерлер «Первомай­ский» ЖШС директоры Б.Есқараев, «Берекет» мейрамханасының бас­шысы Р.Жұмағалиеваларға да ризашылығын білдіріп, барлық қоғам мүшелеріне сыйлықтарын ұсынды.

Аудандық З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің директоры Эльмира Еспусинова «Жеңімпаз», «Жалынды жастар», «Жеңіс», «Ортақшыл» командаларын алғыс хатпен марапаттады.

Әділқазы мүшесі, аудандық орталық кітапхананың библио- графиялық-ақпараттық бөлімінің меңгерушісі Күнсая Суханғалиева сайысты қорытындылап, белсенді атсалысқан қоғам мүшелері Әлібек Сүлейменов, Мұрат Жайлашев, Сағынғали Қарабалиев, Батыр­бек Сатыбалдиев, Болатбек Есе­нов, Жанболат Құспанов, Данияр Бектілеуовке алғыс хат табыстады.

А.ТЕКЕБАЙ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT