Көктем шыққалы Махамбет ауданының егіс алқаптарында жұмыс қарқыны күшейді. Ауыл шаруашылығы техникалары жер жыртып, егістікке дайындық жұмыстарын тоқтаусыз жүргізуде.
2025 жылы аудан бойынша 71 шаруашылық пен жеке секторда жалпы көлемі 4500 гектар алқапқа егін егу жоспарланған. Оның ішінде 500 гектарға картоп, 1060 гектарға көкөніс, 440 гектарға бақша өнімдері, ал 2500 гектарға мал азықтық дақылдар себілмек. Былтыр бұл көрсеткіш 2388 гектарды құраған.
Қазіргі таңда 1610 гектар жер жыртылып, оның 710 гектарына дән себілді. Мамыр айының соңына дейін барлық алқаптар толықтай өңделеді деп жоспарлануда.
— Биылғы көктемгі дала жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде. Жаңа технологиялар мен сапалы тұқым, қажетті техникалық құрал-жабдықтар, жанармай мен тыңайтқыштар уақытылы жеткізілуде. Бұл өз кезегінде өнім көлемінің артып, еңбек нәтижесінің жоғары болуына ықпал етеді деп сенеміз. Жалпы жұмыстар мамыр айының ортасында аяқталады. Ерте өнім еккен шаруалардың алғашқы өнімі маусымның соңы мен шілде басында тұтынушыларға жол тартады, — деді аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаев.
Биыл тамшылатып суару әдісі 1500 гектар, ал жаңбырлатып суару технологиясы 970 гектар алқапта қолданылады. Сонымен қатар, «АйданаАгро» шаруа қожалығы 5,6 гектар аумақта жылыжай кешенін салып жатыр. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталып, жылыжай іске қосылады деп күтілуде.
Егіс науқанына 159 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен 313 шетелдік жұмысшы жұмылдырылған. Сонымен қатар, 1500 тонна картоп, 8 тонна көкөніс, 1,5 тонна бақша өнімдері, 103 тонна мал азықтық дақыл тұқымы дайындалған. Бұл тұқымдар Атыраудан және Ресейдің бірнеше қаласынан әкелінген.
Шаруашылықтар 260 тонна жеңілдетілген дизель отынына, 494 тонна аммиак селитрасы мен 5 тонна аммофос тыңайтқышына сұраныс беріп, қажетті келісімшарттар жасақтап жатыр. Суармалы егіншілікке арналған 9 канал да толық жұмыс істеп тұр.
Көктемгі қарбалас жұмыстар қарқынмен жалғасуда. Шаруалар жаңа маусымнан мол өнім алуға үмітті.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ