ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ - ҚҰНДЫ ҚАСИЕТ

Қарапайымдылық қашанда адам бойындағы ең құнды қасиет ретінде бағаланады. Қарапайым бола білу де – өнер. Оның үстіне осы қасиетіңмен өзің таңдаған өмірлік жарың да үйлесім тауып кетсе тіптен ғанибет. Алғалықтар бұл отбасы туралы осындай сипаттама береді. Қарапайым, өз ісін білетін еңбекқор жандар. Отасқандарына биыл отыз жеті жыл болып отырған Амантай Уәлиев пен Әмина Көпбаева ұзақ жылдар жұмысшы мамандық саласында еңбек еткен, елге сыйлы жандар.

Амантай ағамыз бұрын құрылыс саласында, егін шаруашылығында жұмыс жасаса, кейінгі жылдары «Қарлығаш» бөбекжайында оператор қызметін атқарып келеді. Ағамыздың жұмысқа ұқыптылығын, адалдығын ауылдастары да мекеме басшылығы да жақсы біледі. Ал Әмина апай бір жерде отыз жылға таяп жұмыс жасап, зейнетке шыққан. Алға орта мектебіне 1992 жылы тазалықшы болып орналасып, 2021 жылға дейін аталмыш білім ордасының тазалығына жауаптылардың бірі болды. Апай үшінші топ мүгедектігіне қарамастан, еңбектен қол үзбей, бір орында тұрақты жұмыс жасады. Бүгінде өмірге төрт ұл, бір қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ананың жолын көрген ұрпақтары да өңірдегі жұмысшы саланың белді мамандарына айналып отыр. Бірі электрик, бірі мұнайшы, бірі жол құрылысында болса, ең кенжесі – есепші. Төрт ұлдың төртеуі де ата- ананың арқасында білім алып, дипломдарын ұстап, білікті маман атанған. Екі ұлынан он немере сүйген Әмина апамыз бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, шуылдақтарына қарайласып отыр. Таңертеңнен кешке дейін мектептің еденін жуып шаршап келгенде, үйдегі қарт ата-енесінің, балалары мен жолдасының бабын таба білген Әмина апамыз нағыз батыр ана деген атқа лайық. Апаммен сұхбатында көзіне жас алып, көңілі босап, ішіндегі шерменін бір шығарғандай болды. Оған себеп - төрт ұлдың ішіндегі жалғыз гүлі, қызғалдағы ерекше бала болып туылғаны олардың жанына батқан еді. Үшінші сыныпқа дейін талмасы бар болса да қызын арнаулы мектепке оқытып, білім алсын деп береді. Алайда, ана жүрегі перзентінің әркез ауырып, қиналғанын естіп, шыдай алмай, кейін үйге ауыстырып, өзі бағады. Осылайша баласының денсаулығына, сауаттануына ешқандай орталықтың көмегінсіз ата-ана өзі үлкен еңбек сіңірген. Тіпті он бес жасқа келгенше мүгедектігін тіркеп, жәрдемақы да алмаған. Әйтсе де бүгін сол қыздары бойжетіп, денсаулығы жақсарған соң кішкентай бауырларын бағып, ата-анасына қолғанат болып отыр. 
«Отбасылық өмірдің алғашқы жыл¬ары қиын болғаны рас. Жас болдық, заманның да қиыншылығын көрдік. Қолдағы ата-енем мен келгенде жасы келген кісілер еді. Бірінші енеміз ауырып төсек тартып бес жыл жатты, одан кейін сегіз жылдай атамды бақтық. Осы кісілердің алғыс-батасының арқасы болар, бүгінде үбірлі-шүбірлі үлкен отбасыға айналдық. Өзім де 16 жасында келген келінімді тәрбиелеп, оқытып, ене атандым. Сол өрімдей бойжеткенім бүгінде бізге алты немере сүйдірген Күміс алқаның иегері. Бар бейнетіміз артта қалып, қазір Аллаға шүкір, ел қатарлы ғұмыр кешіп отырмыз» -дейді көп балалы батыр ана Әмина Көпбаева. 
Халқымыз «Баталы құл арымас» деп бекер айтпаса керек. Өз ұясында он үш баланың ортасында өскен Әмина апай ата-ананың да, ата-ененің де ба¬тасын алған бақытты жан. Қарапайым, сабырлы мінезімен отбасылық өмірдің қиындығын да, қызығын да қатар көрген жұбайлар бүгінде жапырағы жайылған үлкен әулетке айналуда. Олардың өмір жолы ұрпағына - өнеге, қоғамға - үлгі. Қарапайым ауыл отбасының өмір жолындағы табандылығы, еңбекқорлығы мен шыдамдылығының арқасында ұлағатты ұл, қылықты қыз тәрбиеленіп өсіп, қоғамға өз үлесін қосып жатыр. Осының өзі отбасы болудың ең бірінші қағидасы-екінші жартыңды барымен қабылдап, бірге өсіп, бірге ұмтылу екенін ұғындырады. 


А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT